Қоқыс жинау адамдарды бақыттырақ етіп, өмірге мағына береді – зерттеу
Көпшілік экологиялық өмір салтын белгілі бір жайлылықтан бас тарту немесе қосымша шығын ретінде қабылдайды. Алайда психологтардың пікірінше, моральдық және қоғамдық пайдасы бар әрекеттер адамның өзін бақытты сезінуіне ықпал етеді. Бұған дейінгі зерттеулер экологиялық әдеттер мен субъективті әл-ауқат арасында байланыс барын көрсеткенімен, олардың себеп-салдарлық қатынасы толық дәлелденбеген еді.
Бұл мәселені зерттеген америкалық ғалым Майкл Принзинг (Baylor University) екі түрлі зерттеу жүргізді. Бірінші зерттеуге 14 елден 18 бен 76 жас аралығындағы 181 адам қатысып, 10 күн бойы өз белсенділіктері мен көңіл-күйін күнделікті жазып отырды. Нәтижесінде, адамдар қоршаған ортаны қорғауға байланысты іс күндері өздерін бақыттырақ сезінген. Бұл әсіресе экологияға жоғары мән беретін адамдарда айқын байқалды, бірақ экологияға аса мән бермейтіндер де оң әсерін сезінді.
Екінші зерттеу АҚШ-тағы 545 студенттің қатысуымен жүргізілген. Олар үш топқа бөлінді: бір топ экологиялық үш әрекет орындады, екіншісі үш көңілді іс-әрекет жасады, ал үшіншісі тек өз белсенділігін бақылап отырды. Екі күннен кейін алғашқы екі топтағы қатысушылар бақылау тобымен салыстырғанда өздерін әлдеқайда бақытты әрі өмірге қанағаттанған сезінген. Зерттеушілер саяси көзқарас пен экологиялық құндылықтар нәтижеге айтарлықтай әсер етпегенін атап өтті.
Принзинг: «Бұл қорытындылар экологиялық өмір салтын жиі ауыр әрі қолайсыз деп қабылдайтын пікірлерге қайшы келеді. Шын мәнінде, бұл зерттеулер ізгі істер жасаудың адам әл-ауқатына оң әсер ететінін көрсетеді», – деп түйіндеді.
Алайда зерттеудің кейбір шектеулері бар. Ол тек бірнеше күнге созылғандықтан, бұл әсердің ұзақ мерзімді болатыны белгісіз. Сондай-ақ кейбір қатысушылар зерттеудің мақсатын түсініп, жауаптарына саналы түрде әсер етуі мүмкін. Ғалымдар болашақта экологиялық әдеттердің бірнеше ай немесе жылдар бойы адамның бақытына қалай ықпал ететінін зерттеуді жоспарлап отыр.