Заманынан озып туған суретші
Бексейіт Түлкиевтің шығармашылық мұрасының негізгі өзегі – адам болмысы, оның қоғамдағы әлеуметтік жағдайы болмақ, сондай-ақ кенеп бетіндегі кейіпкерлерінің психоэмоционалды күйін астарлап суреттеуі көрерменді қиялға жетелей түседі. Суретші өнерінің ұлттық мәдениет пен заманауи ағымдардың арасындағы диалог, өнері арқылы қазақ кескіндемесін жаңа сатыға көтеріп, ұлттық өнер тарихында мәңгілік орын алған тұлға. Бексейіт Түлкиевтің мұрасы бүгінгі күні де шығармашылық ізденістер мен терең философиялық ойларды іздеген әрбір суретші мен өнерсүйер қауым үшін баға жетпес қазына болып табылады. Б.Түлкиевтің жазу стилі – сюрреализм мен символизмнің тандемі. Мұндай екі көркем ағымның бірігуінен туындаған майлы бояуларында көркемдік қиялды, түс әлемінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланды. Оның шығармашылығы уақыттан тыс әрі қазіргі қоғамның терең мәселелерін қозғайтын бірегей өнер болып табылады. Суретші қазақ өнеріне жаңа өлшемдер енгізіп, өнердің тек сыртқы формасын ғана емес, оның ішкі табиғатының да маңызды екенін көрсетті, қылқалам шебері туындыларының өміршеңдігінің дәлелі – уақыттан озып, әртүрлі ұрпақтар мен мәдениеттер арасында көпір орнатуында. Бексейіт Түлкиев – қазақ кескіндеме өнеріндегі ерекше феномен. Оның шығармашылығы тек эстетикалық құндылықтармен ғана емес, терең философиялық ойлармен, күрделі әлеуметтік тақырыптармен де байытылған. Б.Түлкиевтің өнері ұлттық дәстүрлер мен заманауи ағымдарды үйлестіре отырып, жаңа көзқарастар мен шығармашылық еркіндікке жол ашты. Бексейіт Түлкиев тек суретші ғана емес, ол өз заманының шекарасынан асып, уақыттан озып туған тұлға. Оның өнері философиялық тұрғыдан қарағанда, терең рухани ізденістер мен болмыс туралы ойларының көрінісі болып табылады. Ол сыртқы дүниені ғана емес, ішкі әлемді, адамның сезімдері мен түсініктерін суреттеді. Оның шығармашылығы адамның өмір сүру мәнін, ұлттың тарихи және мәдени дәстүрлерін тану арқылы адамзаттың өзіне деген жаңа көзқарас қалыптастыру болып табылады. Б.Түлкиев өз шығармашылығында адамдарды тек көркемдік танымға емес, рухани құндылықтарды таразылай білуге үндеді. Ол өз дәуірінің белгілі бір шеңберіне сыймайтын, адамдық болмыс пен әлемнің терең философиялық сұрақтарын ашуға талпынған суретші еді. Өнері көбінесе сыртқы әлем мен ішкі сезімдердің арасындағы шекараны бұзып, көрерменді өзінің шындық туралы ойларының мағынасына терең үңілуіне жетелей алып кетеді. Картиналары адамның күнделікті өмірінен алыс жатқан, бірақ шындықтың көпқырлы аспектілерін ашатын бейнелермен толы. Философия тұрғысынан Б.Түлкиевтің шығармашылығы адамның болмысын түсіну мен ізденістің үнемі жалғасып жатқан процесі ретінде қарастырылады. Суретші кенеп беттерінде символизм мен сюрреализмнің элементтерін қолдану арқылы болмыстың терең қабаттарына үңілуге тырысқан. Ол әлемді тек сыртқы көрінісімен ғана емес, оның астарындағы құпиялы, бейсаналы, көзге көрінбейтін бөліктері арқылы да бейнелеген. Б.Түлкиев туындыларында өнердің түпкі мәні – адамды рухани түрде жаңарту, оның жан дүниесіне жаңа көзқарас ұсыну екенін түсінді. Өнері арқылы ол әрқашан адамзаттың тарихи, мәдени және философиялық мұраларының тоғысқан нүктесінде жаңа көзқарастар мен идеялар туғызды. Суретші шынайы өмір мен арманның арасындағы айырмашылықты, өткен мен болашақтың үндестігін көрсете отырып, көрерменге кеңістік пен уақыттың шекараларынан асып өтуге мүмкіндік береді. Бұл оның туындыларында бейнеленген символизм мен сюрреализмнің терең философиялық негізін құрайды. Бексейіт Түлкиевтің шығармашылығында ұлттық дәстүрлер мен заманауи әлем арасындағы байланыс терең зерттеліп, оның туындыларында ұлттық мәдениет пен жаһандық өзгерістердің үйлесімділігін айқын байқауға болады. Өнер дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысуында орын алатын ерекше рухани құндылық екенін түсініп, сол арқылы қазіргі заманның мәдениетіне жаңа серпін берді. Бұған суретші шығармашылығының құнды мұрасы дәлел. Б.Түлкиевтің қаламынан туындаған шығармашылықты өткен ғасырдың 70-80-жылдары отандық бейнелеу өнеріндегі революция деуге келеді. Туындыларының мақсаты қоғамның санасына тың идеяларымен әсер ету, түпкілікті мәні мен болмысын қайта қарастыру, ұлттық және әлемдік мұраларды біртұтас кеңістікте түйсінуге шақырған философияда жатыр. Б.Түлкиев уақыттан озып, болашақ ұрпаққа рухани азық беретін мәңгілік тұлға. Қазақстандық сюрреализмнің негізін қалаған дарынды тұлға суретші ме, әлде спортшы ма? Бұл сұрақ төңірегінде бірнеше фактілерге сүйене отырып былай деуге болар... Өнер иесінің спорт шебері ретінде де танымалдығы мен жетістіктерін, у-шу мен каратэні жетік меңгергенін, әрине жоққа шығаруға болмайды, бірақ суретші шығарашылығының түпкі ойы мен табиғатына үңіле түскен сайын бұл тұлға өз ісінің фанаты болғанын байқайсың, яғни отандық бейнелеу өнеріне жаңа серпін мен үн қосқан өнер адамы екенін суретшінің шығармашылық мұрасы дәлелдеп тұр. Бексейіт Түлкиев – түстер палитрасын кеңінен әрі батыл қолдана білетін суретші, ол әрбір туындысымен көркемдік тұрғыдан терең ойларға жетелейді. Өзінің шығармашылық үдерісінде суретші түстердің үйлесімін ғана емес, олардың философиялық мәнін де терең зерттеп, адамның көпқырлы табиғатын бейнелеуге ұмтылды. Суретшінің түстер палитрасын ұтқыр қолдана алғандығының дәлелі ретінде «Қонақ» көркем шығармасын мысалға алуға болады. Шығармадағы егде жастағы адамның өміріндегі әлеуметтік әділетсіздік пен ұрпақтар арасындағы айырмашылықтарды нәзік әрі өткір түрде көрсетеді. Бексейіт Түлкиев шығармасында қарт адамдарға қатысты түсінбеушілік мәселесін көтеріп, ұрпақтар арасындағы көзқарас айырмашылықтарын суреттей келе, қоғамдағы жас ерекшелігіне байланысты дискриминацияның түпкі мәнін ашады. Туынды көрерменді қоғамдық келеңсіздіктерді аңғартуға, оларды терең оймен бағалауға шақырады. Әрине, картинаны алғашқы қарағанда толық түсінікті болмау мүмкіндігі оның философиялық және әлеуметтік мәнінің күрделілігінен туындайды. Жастармен бірге жағалауға келген қарттың алдында не ішем, не жеймін демейтіндей дастарқан жаюлы тұр. Артқы фонда жағажайда алаңсыз суға шомылып жүрген жастар жүр. Бәрі де бақытты. Тасбиғын тарқатып отырған қарттың да жағдайы жаман емес сияқты. Бірақ қарт жүзінде бір мұң бар. Тағы да суретші тарапынан жұмбақ ұсынылып тұрғандай. Ескілік пен жаңаның арпалысы дейміз бе? Жоқ, әлде қарт адам өзінің алаңсыз қой бағып жүрген жас кезін аңсап отыр ма? Әйтеуір бір ішкі арпалыс сезім... Жанында жайнап тұрған дастарқанға сүйену керек емес пе еді? Қартайғанда тірек болатын ешкім қалмағаны ма? Сонда бақытты жастар қарт өмірінде жоқ па...қайда? Олар аталарына сүйеу бола ала ма? Жиі айтылатын шектеу осы ма, әлде? Сансыз сұрақ пен негізгі идея арасындағы арпалысты шешуді автор көрерменнің өзіне ұсынғаны анық көрінеді. Қарттың үміті үзілмек емес. Оған артқы фондағы созылған ақ серпіліс дәлел болып тұр. Міне, осылайша негізгі идея мен көрермен көзқарасы қарт адамның өткенді аңсауымен бірге, жаңалықтарға да жақындай алмауының себебін түсінуді көрермен еркіне қалдырады. Әр адам өзінің ішкі сезімі мен көреген көзі арқылы түйін жасай алуы керек. Б.Түлкиевтің бұл туындысының ерекшелігі де осында. Оның жұмбаққа толы картиналары қазіргі кезде де өзекті болып қала бермек. Суретшінің жұмбақ сырға толы картинасының бірі – «Суретші түсі». Бұл өнер туындысы Әбілхан Қастеев атындағы ұлттық өнер музейінің тұрақты экспозициясына айналған. 1983 жылы салынған бұл шығармада бейнелеу өнерінің суретші психологиясы мен ішкі арпалысының шешімі ретіндегі сипаты деп қарастыруға да болады. Күнделікті өмірдегі көріне бермейтін адами қасиеттердің тек түс көргенде сұлуланатыны, еркін қозғалыста көрінетіні картинаның композициялық шешімін айқындай түседі. Суретші қиялының шексіздігі өң мен түстегі ойдың айырмашылығын дөп басып тұр. Оны бір-біріне ұқсамайтын образдардың ерекшелігінен тани аламыз. Суретші түсіндегі бейнелер адам бойындағы үміт пен күдікті, болашаққа деген сенімді, мәңгілік махаббатты символикалық бейнеге айналдырып тұр. Картинаны образдар галереясы деп қарастыруға болады. Әрбір образ өз «міндетін» мінсіз атқаруда. Осыдан-ақ суретші қиялының ұшқырлығы мен теңдессіз талант иесі екенін мойындай түсесің. Қазақ халқының тарихы мен мәдениетін терең әрі көркем түрде көрсету мақсатында көптеген символикалық элемент мен тарихи тұлға жинақталған Бексейіт Түлкиевтің «Ұлы көш» шығармасы автордың бейнелеу өнеріндегі шоқтығы биік туынды ретінде қарастырамыз. Ұлттық болмыс, көшпенділер мәдениеті бейнеленген күрделі құрылымды картина тарихи мән-мағынаны толықтырып тұр. Оның құрамындағы әрбір деталь – белгілі бір тарихи кезеңді, тұлғаның мәдени рөлін немесе халықтың жан дүниесін көрсететін маңызды элемент. Осы жұмыстың әрбір бөлігінен қазақ халқының өсу жолы, тарихтағы ұлы көш және дәстүр мен мәдениеттің сақталуы туралы айтар ойлар мен философиялық мәндер байқалады. Туындыдағы басты символдардың бірі – ат үстіндегі «Алтын адам» бейнесі. Бұл элемент қазақ халқының тарихындағы ең маңызды археологиялық ашылымдардың бірі болып табылады. Алтын адам – көшпенділер өркениетінің, оның жоғары мәдениетінің, батырлығы мен ерлігінің символы. Б.Түлкиев оны қазақтың көне тарихын, байлығын және ұлттың еркін рухын көрсететін басты белгі ретінде алады. Әрбір алтын әшекей, киім-кешек элементтері көркем туындыда ұлттың жауынгерлік рухын және мәдени байлығын білдіреді. «Ұлы көште» 89 тарихи тұлғаның бейнеленуі қазақ халқының тарихындағы маңызды кезеңдерді, саяси және мәдени өзгерістерді көрсетеді. Бұл – тұлғалар тек жеке адамдар емес, тұтас бір дәуірдің көрінісі, ұлттың мәдениеті мен тарихын білдіретін маңызды бейнелер. Б.Түлкиев тұлғаларды бейнелеу арқылы қазақ халқының ұлттық танымы мен тарихының көпқабатты екенін, әрбір кезеңнің ұрпақтар үшін маңызы зор екенін меңзейді. Картинадағы әрбір тұлға өзіндік символдық мәнге ие. Мысалы, батырлар – ерлік пен ұлттық мақтаныштың символы болса, хандар – ұлттың тәуелсіздігі мен билігін көрсетеді. Бұл тұлғалар қазақ халқының қоғамдық және саяси өміріндегі басты фигуралар ретінде көрінеді. Шығарманың басты композициялық элементі – көш. Бұл – қазақ халқының көшпелі өмірін бейнелейтін ең маңызды символ. Ұлы көш – тек физикалық қозғалыс емес, сондай-ақ халықтың рухани өсуі мен дамуын, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа өтетін мәдени мұраны, ұлттың шексіз қозғалысын және өзінің тәуелсіздігін сақтап қалуын білдіреді. Көштің суреттегі көрінісі символдық тұрғыдан халықтың мәңгілік жолын, тұрақты қозғалысын білдіреді. Бұл көштің ішінде адамдар мен тарихи тұлғалар өмірдің әртүрлі кезеңдерінен өтетіндіктен, ол ұлттық болмыстың үздіксіз дамуын көрсетеді. Картинадағы түстердің рөлі өте маңызды. Түлкиев сюрреалистік стильде жұмыс істей отырып, түстердің көмегімен әрбір тарихи тұлғаның эмоционалды күйін және жалпы картинаның мағынасын күшейтеді. Алтын түс тарихи құндылықтарды, асылдықты және ұлттың мәдени мұрасын көрсету үшін қолданылған. Қара түс терең ойлар мен тарихтың қараңғы жақтарын білдірсе, көк және жасыл түстер бейбітшілік пен табиғаттағы үйлесімділікті, көшпенділердің табиғатпен тығыз байланысын көрсетуге қызмет етеді. Қызыл түс болса, қуат пен ерліктің, батырлық пен жауынгерлік рухтың белгісі. Б.Түлкиевтің композициялық құрылымы өте қызықты әрі терең мағынаға ие. Суретші тарихты бір кеңістікке жинақтап, әрбір кезең мен әрбір тұлғаны бір жерге әкеледі. Бұл өз кезегінде, ұлттың тарихындағы маңызды кезеңдер мен оқиғаларды өзара байланыстырып, халықтың біртұтас, шексіз қозғалысындағы үйлесімділікті көрсетеді. Фигуралардың орналасуы, олар арасындағы арақашықтық пен байланыс, тарихи үдерістің қалай қалыптасқанын, алдыңғылардың кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасын көрсету мақсатында ерекше үйлесім тапқан. «Ұлы көште» суретші тек тарихи кезеңдер мен тұлғаларды ғана емес, сондай-ақ сол уақыттың әлеуметтік мәселелерін де аша білген. Мұндағы көштің символикасын халықтың тек физикалық қозғалысы емес, қоғамның әлеуметтік және рухани трансформациясының белгісі ретінде де қарастыру мүмкіндігі туындайды. Бұл туындыдағы тағы бір ерекшелік – тұрақтылық пен өзгерістердің арасындағы шиеленістің айқындығы. Ұрпақтар арасындағы байланыс, өткен мен болашақтың сабақтастығы, ұлттық бірліктің маңызы жайлы терең ойлар – суретші картинасына зер сала қараудан кейінгі сана сілкінісі. Бексейіт Түлкиевтің «Ұлы көш» картинасында көркемдік әдіс пен символизм өте терең әрі көпқабатты. Әрбір бейне, әрбір деталь – қазақ халқының тарихындағы маңызды кезеңдер мен тұлғалар туралы терең ойлар мен сезімдерден туындағаны да көрерменін бейжай қалдырмайды. Түлкиев тек бейнелеу өнерінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып қана қоймай, сонымен бірге қазақ халқының рухани және мәдени өмірінің кеңістігіндегі үлкен сұрақтар мен мәселелерді қозғайды. Тұлғалар мен символдар арқылы ол тарихи сабақтастықты, халықтың мәдени мұрасын және ұлттың болашаққа деген көзқарасын ашып көрсетеді. «Көкпар» (1973) қазақ халқының ұлттық спорттық мұрасын көркем жолмен бейнелеген тырнақалды туынды. Бұл «Көкпардың» басты ерекшелігі – қозғалыстың жоғары динамикасы мен жарыстың драматизмі. Шабандоздардың қимылы мен жылқылардың шалт шабысы арқылы суретші ұлттық ойынның энергетикалық күшін көрсеткен. Шығарманың композициялық құрылымы көрерменді оқиғаның эпицентріне енгізіп, көкпардың қарқынды атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс арқылы суретші ұлттық спорт ойынының қазақ мәдениетіндегі әлеуметтік және рухани мәнін анық бейнелеген. Дарын иесі «Көкпарда» қозғалыстың динамикасын ерекше нақышпен бере алған: шабандоздар арасындағы бәсекелестікті, олардың күш-қуаты мен қайсарлығын, әсіресе, жылқылардың анатомиялық дәлдігі мен қозғалысындағы шынайылық картинаны тірі бейнеге айналдырып тұр. Туынды композициясының ортаңғы нүктесінде жарыс көрінісі көрерменнің де делебесін қоздырып, адреналинге толы сәттің куәсі еткендей әсер беруде. Жігіттің жігіттігін, батылдығы мен ептілігін сынаған көкпар ойыны қазір де сақталған, тіпті қазақтың спорттық ойыны ретінде арнайы жарыстар да ұйымдастырылады. Графикшілер әдет-ғұрып фольклорына аса мән бере отырып, ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға және фольклордың мәдени маңыздылығын жандандыруға тырысты. Сондықтан олар қазақтың ұлттық ойындарын өткеннің қоғамдық-әлеуметтік тәжірибесі, халықтың мұрасы ретінде қарастырып, қазақ халқының рухани қарым-қатынасын қазіргі заманның жалғасы ретінде бейнелеуге тырысқан. «Дала тынысы». Бұл туынды қазақ пейзажының философиялық бейнесін ұсынады. Ашық аспан мен шексіз кеңістік табиғат пен адамның үйлесімділігін көрсетеді. Композицияның құрылымы қарапайым келсе де, көрерменге терең ой салатын мазмұнға ие. Картинадағы түстердің үйлесімі табиғаттың тыныштығын және оның адам өміріндегі маңызын бейнелейді. Суретші қазақ даласының шексіздігін ерекше нәзіктікпен суреттеген, бұл дала бейнесін тек географиялық кеңістік ретінде ғана емес, рухани күш пен ұлттық бірліктің символы ретінде де ұғынуға мүмкіндік береді. «Дала тынысы» осы философиялық пайымдауларымен ерекшеленген көркем туынды. «Дала тынысы» картинасы пейзаждық өнердің көркемдік әлеуетін толықтай ашып көрсетеді. Түлкиев табиғат элементтерінің адамның рухани әлемімен байланысын шебер көрсете білген. Көкжиектің ашықтығы, даланың шексіздігі көрерменге еркіндік пен тыныштық сезімін сыйлайды. Табиғат пен адамның тығыз байланысын бейнелеп қана қоймай, ұлттық бірегейліктің эстетикалық көрінісін ұсынған туындының ерекшелігі де осы терең философиялық мазмұнында. Жұмбағы мен тылсым дүниені үйлестіре білген тағы бір картина – «Құдық». Мұнда ешқандай жанды бейне көрінбейді. Тек тастармен қаланған шыңыраудың түбінде су көрінеді. Мөлдір емес, бірақ тыныш. Суретші ойын түсініп болмайсың. Десек те, бұл картина арқылы тыныштықтың өзі кейде қорқыныш сезімін ұялататынын сезінесің. Осындай бейнелі шығармалар тек көрер көзге ғана емес, терең ойға жетелеуімен де құндылығын арттырып тұр. Өз бойына мықтылық пен шеберлікті сыйдыра білген Бексейіт Түлкиевтің қазақ бейнелеу өнерінде ойып алар орны бар екені даусыз. Көрмелерде ерекше сыр жасырып, «мен мұндалап» тұрар туындылары әлі де талай өнертанушылардың лайықты бағасын алатынына сеніміміз мол.
Айнұр КЕНЖЕҚҰЛОВА, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, Phd