T-Newspaper

Теңге – тиімдірек, доллар – сенімдірек

сурет: istockphoto.com

Былтырғы қарашада депозиттердің долларлану динамикасынан 2022 жылғы маусымынан бері болмаған рекорд өсім байқалған еді. Бұл жыл аяғына қарай теңге бағамының күрт құбылуына байланысты болды. 

Алайда осыған қарамастан теңгедегі салымның көбеюі жалпы депозит портфелінің ұлғаюына әсер еткен фактор болып отыр. Осылайша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, еліміздегі банктердің депозитінде сақталған қаражат 42,5 трлн теңгеге жетіп, 6,8 пайыз өсім көрсеткен. 

Доллардағы депозиттер азайған

2024 жылғы қарашада қазақстандықтардың депозиттерінде айтарлықтай өзгерістер байқалды. Ел тұрғындары банктегі жинағын 1,8 пайызға көбейтіп, жалпы салым көлемі 38,6 трлн теңгеге жетті. Бірақ бұл өсім шетел валютасындағы жинақтың көбеюіне байланысты болған. Қарапайым тұрғындар ұлттық валютаға сенімсіздік танытып, ақшаларын шетел валютасында сақтауды жөн көрді. Оған себеп – теңгенің 4,7 пайызға құнсыздануы. Нәтижесінде, доллардағы жинақ көлемі бірден 10 пайызға өсіп, 8,9 трлн теңгеге жет­ті. Ал теңгемен сақталған депозиттер 115 млрд теңгеге азайды. Долларлану деңгейі бір айда 21,3 пайыздан 23 пайызға өсті. Осы­лайша, депозиттердің долларлану деңгейі 2022 жылғы маусымнан бері бірінші рет рекордтық өсім көрсетті. Бұл өзгеріс заңды тұл­ғалардың да қаржы стратегиясына әсер етті. Олардың депозиттері 6,7 пайызға ұлғайып, 17,3 трлн теңгеге жетті. Ал шетел валю­тасындағы заңды тұлғалардың депо­зиттері 11,8 пайызға өсіп, 4,6 трлн теңге бол­ды. Жеке тұлғалар да банктегі жинақ­та­рын 1,7 пайызға көбейтіп, 21,3 трлн теңгеге жеткізді. Осыған қарамастан, желтоқсандағы депозит көлемінің айтарлықтай өсі­міне теңгедегі салымдардың артуы себеп бол­ған. Теңгемен сақталған қаражаттың жал­пы көлемі 2,3 трлн теңгеге, 7,9 пайызға ұлғай­ды. Яғни, бір айдан соң долларлану үр­дісінде аса бір қатты серпін байқалған жоқ, керісінше теңгедегі салымдар көлемі қай­тадан өсу аймағына қарай бағыт алды. Әдетте, теңге бағамы құлдыраған кезде, ха­лықтың шетел валютасына деген сұра­нысы артады. Жалпы, теңге бағамының ауыт­қуы, инфляция деңгейінің өсуі және ха­лықтың қаржы нарығына деген сенімінің өзгеруі халық пен бизнестің өз қаражатын доллармен жинауына ықпал ететін негізгі мә­селелер деп есептеледі. Осы арқылы олар жи­ған-тергенін құнсызданудан сақтап қа­луға тырысады. Бұл, өз кезегінде тұйықталған шең­бер сияқты реакция тудырып, елдегі қар­жы жүйесінің тұрақтылығына әсер етіп, ұлт­тық валютаның позициясын әлсіретеді.   Жыл қорытындысы бойынша валюта­да­ғы депозиттің жалпы көлемі 17,7 млрд дол­лар болды, бұл – өткен жылғымен салыс­тыр­ған­да 0,3 пайызға төмен көрсеткіш. 

Теңге тартымды болып тұр

Осылайша, теңге бағамындағы күрт өз­герістерге қарамастан, былтыр халық пен бизнес өз жиған-тергенін ұлттық валютада кө­бірек сақтауды жөн көрген. Мұның негізгі се­бебі – теңгедегі депозитке берілетін сыйа­қы мөлшері валютадағы депозитке қара­ған­да әлдеқайда жоғары. Депозит сыйақыларын са­лыс­тырсақ, шетел валютасында бұл көр­сет­кіш орташа есеппен бір жылда 1 пайыздан төмен екенін көреміз. Бірақ Қазақстанның депозиттерге ке­піл­дік беру қорының дерегінше, 50 млн тең­геден асатын қомақты депозиттер кө­бінесе дол­лармен сақталады. Жиған-тер­гені көп қа­зақстандықтар ақшаның құн­сыздануы мен бағамның ауытқуынан қорғану үшін қар­жысын шетел валютасында сақтауы ық­тимал. Ал негізінен, доллармен сақталған депо­зит­тердің құрылымына қарасақ, олардың не­гізгі бөлігі компанияларға тиесілі екенін бай­қауға болады. Корпоративтік сектордағы шет­ел валютасындағы салымдар жыл ішінде 5,8 пайызға өсіп, 8,9 млрд долларға жетті. Ал ха­лықтың валютадағы депозиттері кері­сін­ше, 5,8 пайызға азайып, 8,7 млрд доллар болған. 

Халық пен бизнес қай банкке көп сенеді?

2024 жылы депозит өсімі бойынша Қа­зақстандағы ең жоғары көрсеткішті «Заман-банк» ислам банкі көрсетті. Жеке тұлғалар­дың салымдары бұл банкте 169 пайызға, ал заңды тұлғалардың депозиттері 275 пайызға өскен. Екінші орында Bereke Bank пен Freedom Bank тұр. Сонымен қатар Home Credit те үздік үштіктің қатарына кірді. Бұл дерек­тер­ді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жа­риялады. Ал, 2024 жылы ең көп депозит тартқан банк – Halyk Bank, ондағы салым көлемі 707,2 млрд теңгеге өсіп, 12,59 трлн теңгеге жет­ті. Бұл банк еліміздегі ең ірі қаржы инс­ти­туттарының бірі ретінде өз позициясын ны­ғайтып отыр.   Екінші орында – Kaspi Bank. Банк де­по­зит портфеліне 507,5 млрд теңге қосып, де­по­зит қорын 6,8 трлн теңгеге жеткізді. Kaspi клиенттерге ыңғайлы цифрлық қыз­мет­те­рі­мен танымал, бұл оның салымшылар ара­сын­да тартымдылығын сақтап қалуына ықпал етті.   Үшінші орынды Банк ЦентрКредит ие­ленді. Бұл банк 368,3 млрд теңге қосып, де­по­зит портфелін 5,27 трлн теңгеге жеткізді. Бұл оның сенімге ие екенін көрсетті. Төртінші және бесінші орындарда Bank RBK және Jusan Bank тұр. Bank RBK-дағы де­позит көлемі 206,8 млрд теңгеге ұлғайтып, 1,6 трлн теңгеге жетті, ал Jusan Bank 176,6 млрд теңге қосып, 1,7 трлн теңге жинады.   Алтыншы орында – Freedom Bank, оның депозит қоры 139,5 млрд теңгеге артып, 1,05 трлн теңгеге жетті. Одан кейін Еуразия банкі тұр – ондағы салым 138,8 млрд теңгеге көбейіп, 2,25 трлн теңгеге дейін өсті.   Сегізінші орында – Bereke Bank, ол 118,5 млрд теңге депозит тартып, жалпы соманы 1,5 трлн теңгеге жеткізді.   Тоғызыншы орында – ForteBank, оның де­позит базасы 112,8 млрд теңгеге өсіп, 2,9 трлн теңгеге жетті.   Ал үздік ондықты Altyn Bank түйіндеді, ондағы салым көлемі 96,9 млрд теңгеге ұл­ғайып, 786,3 млрд теңге болды.   Бұл көрсеткіш былтыр халық пен биз­нестің қай банкке көбірек сенім арт­қанын көрсетеді. Көшбасшылар қата­рын­дағы банктер жоғары пайыз мөлшерлемелері, цифрлық қызмет және клиенттерге ыңғайлы өнімдер арқылы депозит  базасын ұлғайта алды.

Депозиттердің долларлануы ақша-кредит саясатына  тікелей әсер етеді

2016 жылдан бастап теңгемен сақталған депо­зит үлесінің өсу үрдісі қарқынды дамып, тұтынушылар ұлттық валютадағы жинаққа басымдық бере бастады. Бұған теңгені қол­дауға арналған арнайы бағдарламалар, қолға алған шаралардың нәтиже беруі әсер етті. Тарихи тұрғыдан алғанда, Қазақстанда долларлану деңгейі сыртқы фактор­лар­ға да тәуелді болып келді. Әлемдік мұнай баға­сының өзгеруі, геосаяси тұрақсыздық жә­не жаһандық қаржы дағдарыстары тең­ге­нің тұрақтылығына әсер етті. Халықтың қар­­жылық әдеттері де маңызды рөл атқа­ра­ды. 1990 жылдардағы экономикалық тұрақ­сыз­дық пен ұлттық валютаның бірнеше рет де­вальвацияға ұшырауы долларды сақтан­дыру құралы ретінде пайдалануға үйретті. Бұл әдет әлі де ішінара сақталып келеді, әсі­ре­се ба­ғам күрт құбылғанда, ажиотаж туын­дап жа­тады.  Депозиттердің долларлану деңгейі ақша-кре­дит саясатының тиімділігіне тікелей әсер ете­ді. Теңгенің өтімділігін реттеу мүмкіндігі шек­теледі, себебі халықтың едәуір бөлігі жи­нақтарын шетел валютасында сақтауды жөн көреді. Банктердің кредит портфелінің долларлануы да осы тенденцияның жалғасы саналады. Егер кәсіпкерлердің көбі дол­лар­мен кредит алса, бұл шетел валютасына де­ген сұранысты арттырады, нәтижесінде тең­генің әлсіреуіне ықпал етеді.  Долларланудың жағымды жақтары да жоқ емес. Ол халықтың жинақтарын құн­сыз­данудан қорғауға көмектеседі, сондай-ақ кейбір кәсіпорындар үшін импорттық опе­рациялардағы валюталық сын-қатерді тө­мендетеді. Дегенмен теріс салдары әлде­қай­да басым. Экономикадағы долларлану дең­гейі­нің жоғары болуы елдің қаржылық тәуел­сіздігін әлсіретеді және ұлттық валю­таға деген сенімді төмендетеді.