T-Newspaper

Түркістанға алыстан аққу келді

сурет: istockphoto.com

Биыл қысқа қарай Түркістан облысына 500-ден астам аққу ұшып келді. Олардың көбі «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркін мекендеген. 

Түркістан облысы Отырар ауданындағы Жетікөл көлдер жүйесінің суы тұзды бол­ған­­дықтан бетіне мұз қата қоймайды. Мұ­ны білген судың сұлу құстары бұл мекенді ұзақ уақыттан бері қыстау етіп келеді. Биыл ай­дынға 500-ден астам құс оралыпты. Олар­­мен бірге қыстауға үйрек пен қаз да қа­тар келген. Қауырсындылардың бұл көл­ді мекендеуінің тағы бір себебі – қауіпсіз­дік­те болса керек. Өйткені Жетікөл көлдер жүйе­сі «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңір­лік табиғи паркіне кіреді. Ал аққулар­дың қорғаушылары – мемлекет­тік инспек­тор­лар.

– Қазір бұл жерде 450-500 бас аққу ме­кен етеді. Қазан айының 15-і мен қараша айы­ның 15-і аралығында құстар қыстауға ұшып келеді. Наурыз айында кері қайтады.  Бү­гінде құстардың жай-күйі жақсы, ешқан­дай індет жоқ, – дейді мемлекеттік инспек­тор Ерболат Қазыбаев.

Алайда бұл бір көл бетіндегі аққулардың са­ны. Мұнан бөлек Жетікөл жүйесіндегі кі­ші көлдерде 30-40 сұлу құстарды кез­дес­тіру­ге болады екен. 

– Аққулар жыл сайын Оңтүстікте қыс­тай­ды. Өткен жылдармен салыстырғанда биыл келген аққулардың саны аз. Мәселен, өткен жылдары өңірге 2 000-ға жуық аққу келген болса, биыл 600-700-і ғана жүр. Қа­зір сұлу­лықтың символы саналатын құстар та­биғи парк аумағында қыстап жатыр. Көп­шілігі Солтүстік аймақтан келеді. Себе­бі Түр­кістанда күн жылы болғандықтан өзен-көлдердің бетіне мұз қатпайды. Олар кө­біне суда­ғы өсімдіктермен қоректенеді. Көктемде қай­та ұшып кетеді, – дейді «Сыр­дария-Түр­кі­стан» мемлекеттік өңірлік та­би­ғи паркінің ғылым, ақпарат және мони­торинг бөлімінің меңгерушісі Нұрила Жауын­байқызы.

– Егер қыс қатты болса, олар бізден де жы­­лы аймақтарға ауып кетеді. Қыс мезгілі­нің ортасына келсек те олар тұрақты түр­де біздің парктің аумағын қыстап жа­тыр. Олар­дың біздің өңірімізді таңдауына бір­не­ше фактор әсер етеді. Біріншісі – азық­тық қор­ларының жеткілікті болуы. Екін­шісі – олар­дың тыныштық күйі. Парк ерек­ше қор­ғалатын аумаққа жата­тын­дықтан ты­ныштық күйі аққуларға жақсы әсер етері сө­зсіз. Өйткені барлық су нысандары қор­ғау­ға алынған, – дейді «Сыр­дария-Түр­кі­стан» мемлекеттік өңір­лік табиғи паркінің ғы­лыми қызмет­кері Ғани Назарбек.   

Аққулар өзін қауіпсіз сезінген жерге жыл­да оралады деседі. Сондықтан олардың келесі жылы да осы өңірді қыстауға келуі әбден мүмкін.

А.Бимендиева