Жоғары білім беру мектебі үздіктер қатарына енді

14 ақпан, 2025 / Túrkіstan International Political Weekly

Nazarbayev University-дің «Білім» бағыты бойынша беделді Times Higher Education рейтингінде үздік 176-200 қатарына кіруі құрметіне орай Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.

Жоғары білім беру мектебінің 40 өкілі түрлі наградалармен және ал­ғыс­хаттармен, соның ішінде «Ғылым­ның дамуына қосқан зор үлесі үшін» төсбелгісімен, «Ахмет Байтұрсынұлы» құрмет белгісімен, «Жоғары және жо­ғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы үздік жетістіктері үшін» Құрмет грамотасымен, ҚР ҒЖБМ министрінің Құрмет грамо­та­сымен, алғысхатымен және т.б. мара­пат­талды.
NU Жоғары білім беру мектебінің де­каны Аида Сағынтаева өз сөзінде:
«Рейтингтер тек қана сандар ту­ралы емес екенін есте сақтау керек. Олар нақты нәтижелерді көрсетеді. Ат­қарылып жатқан жұмыстың маңы­зы зор екенін – біздің зерттеулеріміз сая­сатты қалыптастыратынын, түлек­тері­міз білім беру саласында көш­бас­шыға айналып жатқанын және ин­но­ва­цияларға, инклюзия мен өзгеріс­тер­ге деген адалдығымыз тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жағдайды өз­гер­тіп жатқанын көрсетеді. GSB қуат­ты зерттеу орталығына, күшті зият­керлік орталыққа және біздің өңір­дегі білім беруді зерттеу сала­сын­дағы жетекші институтқа айналуы тиіс», – деді.
Мектеп құрылған сәттен бастап 740-тан астам маман, оның ішінде 42 PhD докторын дайындады. Олардың қатарында бүгінгі таңда қазақстандық жоғары оқу орындарын басқарып отырған SDU ректоры Әлімжан Иген­баев, Zhubanov University ректоры Лаура Қарабасова, Kozybayev University вице-ректоры Рената Әпергенова т.б. бар.
ҚР Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек Мектептің қа­зақ­стандық білім беру жүйесін ре­фор­ма­лаудағы рөлі туралы айтып өтті:
«Педагогика – бұл тек оқыту ғана емес, сондай-ақ ғылыми зерттеу жұ­мыстарын жүргізу, тұрақты даму. Әлем­де дәстүрлі оқытумен ғана емес, сондай-ақ жасанды интеллектті қол­дану, алгоритмдеу сияқты жаңа тех­ни­калық трендтермен байланысты ғылыми мақалалардың саны артуда. Оған қоса плагиат проблемалары бар, human-computer interaction басты мә­селе болып отыр, осы тақырып бойын­ша тіпті елдік стратегиялар ой­лас­тырылған. Сондықтан бізге Nazarbayev University жанындағы Жо­ғары білім беру мектебі өте маңызды, ол ғылыми құрамды уақытылы қайта қарастырып қана қоймай, білім беру жүйесінде болып жатқан реформалар мен процестерге ғылыми қолдау көр­сетеді».
Мектеп екі магистрлік бағдарлама бойын­ша мамандар даярлайды – бі­лім беруді басқару саласындағы ғы­лым магистрі және көптілді білім беру саласындағы гуманитарлық ғылым­дар магистрі, сондай-ақ білім беру са­ла­сындағы PhD докторларын даяр­лайды. Он бір жыл ішінде 27 мыңнан астам адам Жоғары білім беру мекте­бі­нің түрлі білім беру бағдарламалары бойынша білім алды.
 

Тэгтер:

Жаңалықтар Үздік жаңалық үздік ЖОО