«AMANAT» ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды
Оған мүмкіндігі шектеулі 200-ге жуық адам қатысты.
Тараз қаласында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
Мұндай жәрмеңкелердің интернет арқылы жұмыс іздеуден басты айырмашылығы – бірнеше сағат ішінде ондаған жұмыс берушімен тікелей кездесіп, кез келген сұрақты қоюға мүмкіндік бар. Осылайша, уақытты үнемдеу мүмкіндігі тек жұмыс іздеушілерге ғана емес, жұмыс берушілерге де тиімді болып отыр.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Анар Бексұлтанова, Жамбыл облысы әкімдігі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Еңбек мобильділігі орталығының мамандары, Тараз қалалық мәслихатының депутаттары және жұмыс беруші мекемелер қатысты.
«Ерекше қажеттілігі бар тұлғалардың өмір сапасын арттыру, оларға қолайлы орта қалыптастыру – «AMANAT» партиясының басты назарында. Халықтың ең мұқтаж топтарына қолдау көрсету – партияның сайлауалды бағдарламасында нақты белгіленген. Сондықтан бұл жәрмеңке «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікті насихаттауды атап өтті. Ал еңбек ету құқығы барлық қазақстандықтарға бірдей тиесілі, сондықтан біздің міндетіміз – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің тиімді диалог орнатуына көмектесу», – деді Дауыл Бейсенқұлов.
Жәрмеңке барысында жұмыс іздеп келген азаматтар жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, өздеріне ыңғайлы жұмыстар қарастырды. Араларында тұрақты жұмысқа орналасқандар да болды. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Назира Ақылова жәрмеңке арқылы тұрақты жұмысқа орналасты.
«Көзім нашар көреді. Бірақ қолымнан тігін тігу келеді. Бұған дейін бірнеше мекемеге барып, жұмысқа орналаса алмап едім. Десе де, бүгін жолым болды. Облыстық мәслихаттың депутаты Анар Бексұлтанова басқаратын «Жасау Тараз» серіктестігіне жұмысқа қабылдандым. Алдағы уақытта осы мекемеде тігінші болып тұрақты жұмыс істейтін боламын», – дейді Назира Ақылова.
Жалпы, жәрмеңкеге 40 мекеме қатысып, 131 бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде 20-ға жуық азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, бірнеше адам қайтарымсыз грант алуға ниет білдірді.
Айта кетейік, өткен жылы Жамбыл облысында «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 35 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, нәтижесінде 96 азамат тұрақты, 63 азамат уақытша жұмысқа орналасты. Биыл жыл соңына дейін жоба аясында 50 жәрмеңке өткізіліп, 3 000 адамды қамту жоспарланып отыр.