«AMANAT» партиясының басты міндеті – азаматтардың өзекті мәселелерін шешу және олардың тұрмысын жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізу. Адамдардың партияға деген сенімінің кепілі – осы. Бұл туралы Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов ұйымдастырушылық жиын барысында айтты. Партиялықтар былтыр атқарылған жұмысты қорытындылап, бірқатар басым міндеттерді айқындады. Кеңеске партияның өңірлік филиалдары қосылып, басқосу бейнеконференцбайланыс режимінде өтті.
Жиын барысында «AMANAT» партиясының Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партиялық жобаларға бірнеше рет жоғары баға бергеніне және жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Әкімдер мектебі» жобасын ұйымдастыруда партияның оң тәжірибесін тағы бір рет айрықша атап өткеніне назар аударды. Бұл «AMANAT» партиясы атқарып жатқан жұмыстың жоғары тиімділігінің көрсеткіші және әрбір партиялыққа ерекше жауапкершілік жүктейді, деп атап өтті Ерлан Қошанов.
«Мемлекет басшысының ауқымды реформалары табысты жалғасуда. Экономикадағы, ТКШ-дағы және өзге де салалардағы бұрыннан келе жатқан мәселелер шешілуде. Азаматтарды толғандыратын көптеген өткір мәселелердің беті ашылуда. Ол – тарифтердің өсуі, азық-түліктің қымбаттауы, жанар-жағар май бағасының өсуі, ҚҚС. Жүйе құраушы саяси күш ретінде партия өз жобаларымен, қабылданып жатқан заңдарымен азаматтар көтерген мәселелерді шешуге өз үлесін қосуы керек. Партия әркімнің жан дүниесімен үндесетін қадамдар жасай білуге тиіс. Бұл – халықтың партияға барынша көп қолдау көрсетуінің кепілі», – деді ол.
Ерлан Қошанов «AMANAT»-тың алдында тұрған биылғы басым бағыттарға тоқталды. Олардың қатарында «Ауыл аманаты», «Әкімдер мектебі» және т. б. партиялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастыру, жастармен, әсіресе ауылдағы және жұмыссыз жастармен жүргізілетін жұмысты күшейту, азаматтарға атаулы көмек ұсыну, заңгерлік қолдау көрсету және т. б. Бұл шаралар қоғамның нақты сұранысына жауап береді және партия тарапынан үнемі назар аударуды талап етеді, деп атап өтті «AMANAT» Төрағасы.
Қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында екі жылда ел аумағында 850 мың адам оқудан өтті. Халықтың шамадан тыс несие алуын азайту бойынша парламенттік тыңдаулар өткізілді. Ал Мәжілістегі партия фракциясының мүшелері осы мәселеге қатысты банктердің емес, қарапайым адамдардың мүддесін қорғайтын түзетулер енгізді. Жалпы, «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы проблемалық несиелер деңгейі 2020 жылғы 18%-дан 2024 жылы 7%-ға дейін төмендеді.
«Жастар Рухы» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Әсетхан Баймұрза IT-саласын насихаттауға бағытталған конкурс туралы айтып, оның қорытындысы бойынша 4 жеңімпаз білім грантын иеленгенін жеткізді. Өңірде «Ерікті – көмекке» жобасы сәтті жүзеге асып, волонтерлер тұрғындарға 109 сенім телефоны арқылы көмек көрсетуде.
Ал Түркістан облысындағы «Орталық» бастауыш партия ұйымының төрағасы Данияр Көбеев Жұмысшы мамандықтары жылы аясында студенттер мен әйелдерге тігіншілік бойынша тегін шеберлік сыныптары ұйымдастырылғанын хабарлады.
Сонымен қатар, партия Төрағасы «AMANAT»-тың Әйелдер қанатының, «Жастар Рухы» жастар қанатының қызметін жандандыру және қоғамда цифрлық гигиенаны ілгерілету жөнінде бірқатар тапсырма берді.