1918 жылы шыққан «Абай» журналының №12 саны табылды!
1918 жылы шыққан «Абай» журналының №12 саны табылды!
Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов редакторы болған «Абай» журналының жоғалып кеткен соңғы саны табылды. Алашты қуантқан жаңалықты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD-докторанты Алтын Ақынбекова "Түркістан" газетінің тілшісіне хабарлады.
«Абай» журналы Алаш қаласында (қазіргі Жаңа Семей) 1918 жылдың 4 ақпанынан бастап оқырманға жол тартады. Алайда бүгінге дейін журналдың қанша саны шыққандығы жөнінде ғалымдар арасында пікір талас орын алып келген еді. Олардың бірқатары «Абай» журналының 11 саны ғана шықты десе, тағы бір тарап 12-саны жарық көргендігін айтатын. Бірақ, осыған дейін басылымның №12 саны ешбір жерден табылмаған. Баспасөз тарихын зерттеуші Бейсенбай Кенжебаев «Қазақ баспасөзінің тарихынан» атты еңбегінде (1950 ж): «Абай» журналы 1918 жылдың февраль айынан сол жылы октябрь айына дейін Семей қаласында шығып тұрды. Барлығы 11 саны шықты», – дейді. Бұндай пікірлер ғалым Қ.Аллаберген мен Ө.Әбдиманұлының еңбектерінде де көрініс табады. «Ал журналдың 12 саны шықты» деген пікір қайта шыққан «Абай» журналы арқылы 1992 жылы оқырманға тарады. Жазушы Сәбит Мұқанов та журналдың 12-саны шыққандығы туралы атап көрсеткен. Сондай-ақ, ғалым Бауыржан Жақып пен қайта шыққан «Абайдың» тұңғыш редакторы Р.Мұсаұлы журналдың 12 саны шыққан деген пікірде болды. Алаштың шынайы тарихын қалпына келтіруде айрықша үлес қосқан ғалым К.Нұрпейісов өзінің «Алаш һәм Алашорда» еңбегінде «Абай» журналының 12 саны ғана оқушылар қолына тиді» деп жазды. Ал Жүсіпбек Аймауытовтың өзі «Абай қалай жабылды?» деген мақаласында «Өткен 1918 жылдың февралінен бастап «Абай» журналы дүниеге шығып, он екі нөмірі басылып, он ай өмір сүріп тоқтады» деп, журналдың 12 саны шыққандығын нақты атап көрсетті», – дейді филология ғылымдарының докторы Айгүл Рамазан.
Ал журналдың жоғалып кеткен №12 санын тапқан PhD-докторант Алтын Ақынбекова: «Мен PhD докторантураның 1-курсында оқимын. Ғылыми жетекшім филология ғылымдарының докторы, доцент Рамазан Айгүл Әмірғалиқызы: «ХХ ғасыр басындағы қазақ журналдары толық зерттеліп болған жоқ, осы тақырыпты алсаң қалай болады?» деген ұсынысын айтты. Содан «ХХ ғасыр басындағы қазақ журналдары: тарихы, функциясы, типологиясы» деген тақырыпқа тоқталдық. Тақырып аясында зерттеу жұмыстарын журналдардың түпнұсқаларын кітапханалар мен мұрағаттардан іздеп тауып, танысудан бастадым. ХХ ғасыр басында жарыққа шыққан басылымдардың барлығы араб әріптерімен, төте жазуда жазылғандықтан, олардың кириллицаға аударылғандарын түпнұсқаларымен салыстырдым. Зерттеу барысында 1918 жылы «Алаш» қаласында (Жаңа Семей) жарық көрген «Абай» журналының 12-саны табылмағаны анықталды. Әрине, бұл мәселе бейжай қалдырмады. Осыған байланысты алдыма журналдың №12 санын табам деген мақсат қойдым. Көп ұзамай үмітім ақталды. Бүгінгі күнде журналдың соңғы №12 саны кирилл қарпіне аударылып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың қолдауымен «Қазақ университеті» баспасынан басып, оқырмандарға ұсынғалы отырмыз», – дейді. Сондай-ақ, зерттеуші журналдың №9 санының да еш жерден табылмағандығын айтады.
[caption id="attachment_25599" align="aligncenter" width="1000"]