Жаңалықтар

Алматыда №30 мектеп-гимназиясы жабылады

istockphoto.com

Мектепке наурыз айында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жасау басталады.

Алматыда №30 мектеп-гимназиясы жөндеуге жабылады. Ал мектеп оқушылары жаңарту жұмыстары кезеңінде Медеу ауданының басқа білім беру мекемелеріне бөлінеді.

Алматы қаласының білім басқармасының мәліметінше, Медеу ауданында 46 жыл бұрын салынған №30 мектеп-гимназиясы ашылғаннан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Бүгінде реконструкциялау жұмыстарын бастау үшін барлық дайындық шарасы аяқталды, мердігер компания таңдалды.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары осы жылдың наурыз айында басталады. 2026-2027 оқу жылына дейін оқушыларға жайлы жағдай жасау жоспарланып отыр. Күрделі жөндеу жұмыстарын бастау туралы түпкілікті шешім қабылдамас бұрын барлық білім беру үдерісіне қатысушылар мен ата-аналар алдын ала құлағдар етіледі.

«Қазіргі уақытта мектепте 1 067 оқушы оқиды. Оқу үдерісі қалыпты режимде, сабақтар уақытылы өтіп жатыр. 11 ақпанда Медеу ауданының білім бөлімі мен Алматының білім басқармасы өткізген жалпы мектептік ата-аналар жиналысында мектепті жаңарту жобасы туралы толық ақпарат берілді. Ата-аналар көкейде жүрген сұрақтар қойып, ұсыныс білдірді», - делінген әкімдік хабарламасында.

Мектеп әкімшілігі мен білім басқармасы оқушыларды Медеу ауданындағы басқа білім беру мекемелеріне бөлу туралы келісімге келді.

№77 жалпы білім беретін мектепке - 414 оқушы; № 47 жалпы білім беретін мектепке - 326 оқушы; №56 гимназияға - 210 оқушы; М. Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейіне - 117 оқушы бөлініп отыр.

Бұған қоса, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданған: қажет болған жағдайда оларды мектептерге автобустармен тасымалдау ұйымдастырылады.

№30 мектеп-гимназиясын жаңарту жобасы аясында:

мектеп ғимаратын күрделі жөндеу; заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау; мектеп жиһазын жаңарту; кітапхана мен асхананы жаңғырту; спорт залын қайта құру; қауіпсіздік жүйелерін орнату көзделген.