Алматыда үйді қасақана өртеп жібермек болған күдікті іздестіріліп жатыр

12 ақпан, 2025 / Інжу Әлихан
Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ.

Алматыда полиция жекеменшік үйдің қоршауын өртеген ер адамды іздестіріп жатыр, деп хабарлады turkystan.kz сайты Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы тұрғыны Tengrinews.kz редакциясының WhatsApp нөміріне (+7 777 001 44 99) хабарласып, белгісіз ер адам үйінің қоршауын қасақана өртеп жібергенін мәлімдеген. Оқиға 11 ақпанда сағат 11:30 шамасында Тұрғыт Озал көшесінде болған. Күдікті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

«Ол Төле би көшесінен үйіме қарай әдейі келген, қолында жанғыш сұйықтық толы канистр болған. Сол кезде іште кішкентай балалар болды», – деді алматылық әйел.

Абырой болғанда, өрттен ешкім зардап шеккен жоқ.

Полиция бұл қылмысты тергеп жатқанын мәлімдеді.

«Қасақана өрт қою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдіктіні және қылмыстың себебін анықтау үшін жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деді Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.

Тэгтер:

үй Алматы өрт