Түркістан облысының оқушысы Президенттен сыйлық алды

12 ақпан, 2025 / Інжу Әлихан
Түркістан облысының әкімдігі
Хиуаз Президентке жазған хатында бауырларына арнап ноутбук сұраған.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы мектептің 4 сынып оқушысы Хиуаз Аршабай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан сыйлық алды. Бұл туралы Түркістан облысының білім басқармасын хабарлады.

Білім басқармасының мәліметінше, Сарыағаш ауданындағы №30 С.Торайғыров мектебінің 4-сынып оқушысы Хиуаз Аршабай «Президент балалардың арманын орындайды» деген әлеуметтік желідегі жазбаны оқып, арманын хатқа түсіріп, мемлекет басшысына жолдаған.

Бұл хат мемлекет басшысының назарынан тыс қалмаған, көп ұзамай президент Хиуазға өз атынан сыйлық жолдаған.

Елордадан келген сыйлықты Хиуазға Түркістан облыстық білім басқармасының мамандары табыстаған.

Хиуаз – көпбалалы отбасындағы алтыншы қыз. Президентке жазған хатында ол бауырларына арнап ноутбук сұраған. Сонымен қатар мемлекет басшысымен жүздесуді қалайтынын жазған.

Ал бұл оқиға мектеп ұжымын ерекше қуанышқа бөлеген. Мектеп директоры Хиуазды мектебінің мақтанышы ғана емес, болашақта қоғамға пайдасы тиетін азамат ретінде көретінін жеткізді.

Тэгтер:

Президент оқушы Түркістан облысы Сарыағаш