"Өз уақытым" тренді жалғыздықты оң қабылдауға көмектеседі – зерттеу

12 ақпан, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жалғыз өткізген уақытты "өз уақытым" деп атау оны "жалғыз қалу"деп атауға қарағанда жағымды эмоциялар тудырады және адам бойындағы жалғыздық сезімін азайтады. Бұл туралы Cognition & Emotion журналында жарияланған жаңа зерттеуде айтылды.

Көпшілік үшін жалғыздық – екіұшты құбылыс. Бір жағынан, ол тынығуға, ойлануға және өзімен-өзі болуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, жалғыздықты дұрыс қабылдамаса, ол оқшаулану мен жалғыздық сезімін күшейтуі мүмкін.

Адамдар белгілі бір жағдайды қалай сипаттаса, соған қарай оны басқаша қабылдайды. Бұған дейін жүргізілген зерттеулер сөз таңдаудың эмоциялар мен мінез-құлыққа әсер ететінін көрсеткен. Алайда, уақытты жалғыз өткізудің қалай аталуы оның эмоционалдық қабылдауына әсер ете ме, бұл сұрақ әлі зерттелмеген еді.

Осы мәселені зерттеу үшін Микаэла Родригес пен Скотт Кэмпбелл жалғыздыққа қатысты әртүрлі терминдердің адам психологиясына қалай әсер ететінін зерттеді. Бірінші кезеңде АҚШ-тың 500 тұрғыны "өз уақытым", "жалғыз уақыт өткізу", "оңаша қалу", "жалғыз қалу" және "оқшаулану" деген бес түрлі терминнің қайсысы жағымды, қайсысы жағымсыз екенін бағалады. Екінші кезеңде 176 студент 30 минут бойы жалғыз қалды. Бір топ бұл уақытты "өз уақытым", екінші топ "жалғыз қалу" ретінде қабылдады. Тәжірибе алдында барлық қатысушылар жалғыздыққа, әлеуметтік қолдауға және өз-өзін бағалауға қатысты сауалнама толтырды. Тәжірибе кезінде студенттер әлеуметтік байланыстардан бас тартуы керек болды, бірақ олар кітап оқып, жазба жазу сияқты жеке істерімен айналыса алды. Кейін олар эмоциялық жағдайын бағалап, өз ойлары мен сезімдерін сипаттады.

Нәтижесіәнде, "өз уақытым" термині ең жағымды деп танылды. Оны өзін-өзі күту, демалу және рахаттанумен байланыстырды. "Жалғыз қалу" сөзі ең жағымсыз деп қабылданды, өйткені ол әлеуметтік шеттетумен және жалғыздық сезімімен байланысты болды.

"Оңаша қалу" термині бейтарап, ал "жалғыз болу" біршама жағымсыздау болып шықты.

30 минуттық жалғыздық тәжірибесінде:

Қызықтысы, терминдер қатысушылардың жалғыз кезде не істегеніне емес, ойлаған нәрсесіне көбірек әсер етті. "Өз уақытым" тобындағылар жеке даму мен өзін-өзі тануға көбірек ой жүгіртсе, "жалғыз қалу" тобындағы студенттер көбіне оқу мен тапсырмаларға баса назар аударды.

Ғалымдар бұл зерттеу уақытты қалай қабылдаудың оны пайдалы немесе зиян етуі мүмкін екенін көрсетеді дейді. Жалғыздықты "өз уақытым" деп атау адамға оны жағымдырақ сезінуге және өзімен-өзі қалудан ләззат алуға көмектеседі.

Тэгтер:

зерттеу уақыт зерттеушілер жалғыздық