Оқиға Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданында болған.
Бұдан бұрын отбасымен құлдықта болғанын айтқан Қожагелді Жалғасбаев әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада оқиғаның бір-бірін түсінбеушіліктен туындағанын жеткізді.
— Мен Қазақстанға 2004 жылы келдім. Келгеннен кейін мал бақтым. Біз ағайын адамбыз. Арамызда түсінбеушілік болды. Мен құлдықта болған жоқпын. Ашуға берілгенімді мойындаймын. Маған үй алып беретінін айтты. Алдыңа мал салып беремін деді. Ешкімге ренішім жоқ, — деді Қожагелді Жалғасбаев.
Бұл жөнінде Қызылорда облыстық полиция департаменті төмендегіше түсініктеме берді.
— Аталған дерек бойынша Қазалы аудандық полиция бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді. Бұл бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талабына сәйкес, қылмыстық іс жүргізу барысы тергеу құпиялылығына байланысты жарияланбайтынын хабарлаймыз, — деп мәлім етті департаменттен.