Астанада құрылысы бітпеген сауда орталығы 13 млрд теңгеге сатылымға қойылды

11 ақпан, 2025 / Інжу Әлихан
Фото: 2gis.kz
Хабарландыруда нысан құрылысының қолданысқа қаншалықты дайын екендігі пайызбен көрсетілген.

Елорданың оң жалауында орналасқан сауда-ойын орталығының құрылысы бірнеше жылдан бері тұралап тұр.

Құрылыс нысаны 13 500 000 000 теңгеге бағаланған.

«Сити палас» көпфункционалды сауда және ойын-сауық орталығының аяқталмаған құрылыс нысаны сатылады. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатқан жоқ», - делінген krisha.kz сайтындағы хабарламада.

Сондай-ақ, жылжымайтын мүлік нарығында қолданыстағы бағаға байланысты құны өзгеруі мүмкін екендігі айтылған.

Айта кеткен жөн, хабарландыруда нысан құрылысының қолданысқа қаншалықты дайын екендігі пайызбен көрсетілген. Оның ішінде іргетасы — 100%, қабырғалары — 100%, шатыры — 20-30%, едені -100%, ішкі бөліктері — 90%, сыртқы әрлеуі — 85%, ішкі инженерлік желілері — 20%, абаттандыру — 40%-ға дайын.

Тэгтер:

Астана сауда орталығы млрд сатылым