«AMANAT»: Кеңес мүшелері Өскемендегі балмұздақ фабрикасына барды
Бүгінгі күні фабрикада заманауи жабдықтар орнатылған, сонымен қатар 200-ден астам жаңа жұмыс орны құрылған. Кәсіпорынның тәтті өнімдері халықаралық деңгейдегі қатаң тексеруден өтіп, «Халал» және басқа халықаралық сапа сертификаттарын алған.
Фабрикада әлемдік брендтердің рецептілері бойынша балмұздақтың бірнеше түрі өндіріледі. Өнімдер ересектер мен балалардың талғамына сай әзірленеді және республика көлемінде үлкен сұранысқа ие. Кәсіпорын жыл сайын өнімнің жаңа түрін шығарып ассортименті мен көлемін ұлғайтып отыр. Биыл да наурыз айынан бастап балмұздақтың жаңа түрін шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорында өз ісіне берілген жас мамандар жетерлік және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі де жоғары.
«Нысанның құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері құрылыстың сапалы жүргізілуіне және уақытылы аяқталуына тұрақты түрде бақылау жасап отырды. Бұл – еліміздегі жұмыс процестері толық автоматтандырылған санаулы фабрикалардың бірі. Тұрғындар үшін сапалы қызмет көрсететін, заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған бірден-бір кәсіпорын», – дейді «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов.
Айта кетерлігі, фабрика «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасының тармақтарын орындау аясында салынған.