Жаңалықтар

Басты мақсат – терроризмді түбірімен жою

ашық дереккөзі

Басты мақсат – терроризмді түбірімен жою

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстан делегациясы ТМД мен ҰҚШҰ парламентаралық құрылымдарының жұмысына қатысу үшін Санкт-Петербургке келді. 26 наурызда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысы болды. Оның күн тәртібі Ұжымдық қауіпсіздік шартының қол қойылуының 25 жылдығына, ҰҚШҰ-ның құрылуының 15 жылдығына және ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының құрылуының 10 жылдығына арналды. Қ.Тоқаев өз сөзінде ҰҚШҰ-ны Еуразиядағы әскери-саяси тұрақтылықтың маңызды факторы болып отырған беделді халықаралық құрылым ретінде сипаттады. Төраға: «ҰҚШҰ әлеуетін және біздің Ұйым аясындағы әріптестікті нығайту Қазақстан Республкасының мүдделеріне толықтай сай келеді, сондықтан оның қызметін үдетуге бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар енгізген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы назарында болып отыр», – деп атап өтті. Қ.Тоқаев жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің негізгі буындарының бірі ретінде ҰҚШҰ өз рөлін нығайтуы тиіс деп санайды. «Белсенді ынтымақтасу мен өзара іс-қимылсыз халықаралық терроризмге қарсы бірлесе қарсы тұру, Ауғанстанды тұрақтандыруға жәрдемдесу, ұзаққа созылған текетірестерді реттеу және жалпы алғанда қауіпсіздік, қарусыздану және сенім шаралары мәселелері бойынша ауқымды диалог мүмкін емес», – деді ол. Қ.Тоқаев ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құқықтық тұрғыда қамтамасыз етуге, біздің мемлекетіміздің заңнамасын жақындастыру мен үйлестіруге бағыт­талған ҰҚШҰ Парламенттік Ассам­блеясының қызметіне жоғары баға берді. Ол Қазақстан Парламенті ҰҚШҰ аясында қол қойылған барлық келісімдерді уақытында ратификациялағанын атап өтті. Сенат Төрағасы Қазақстан делегациясы парламенттік дипломатияны нығайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді. 27 наурызда ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 25 жылдығына арналған ТМД ПАА Кеңесінің салтанатты отырысында Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтойға арналған Үндеуін оқып берді. Н.Назарбаевтың ТМД заң шығару органдарының өкілдеріне арнаған үндеуінде «Ассамблея бүгінгі таңда ТМД заң шығару органдарының өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығының ерекше тұғырнамасы болып отыр әрі әлемдік парламентаризм жүйесінде көрнекті орын алады», – деп атап өтілген. Мемлекет басшысы ауқымды саяси және экономикалық ынтымақтастық жолында Достастықтың әлеуеті зор екеніне нық сенім білдірді. Қазақстан басшысы ТМД парламентшілерін осынау беймаза кезеңде біздің халықтарымыз бен мемлекеттеріміздің игілігі үшін бұдан былай да белсенді жұмыс істеуге шақырды. Қ.Тоқаев өз сөзінде Президент Н. Назарбаевтың Үндеуінде Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәсе­лелеріне орай Қазақстанның көз­қарасы нақты әрі жан-жақты сипат­талғанын, парламенттік өлшемнің ерекше маңызы айқындалғанын атап өтті. Сенат Төрағасы Қазақстанның пар­ламентаралық үнқатысудан айнымайтынын айта келіп, Ассамблеяның жұмысы үшін қолайлы жағдай жасағаны үшін Ресей Федерациясына ризашылығын білдірді. «ТМД ПАА-ның штаб-пәтері – Таврия сарайының Қазақстан үшін де тарихи маңызы зор, өйткені ХХ ғасырдың басында осында Мемлекеттік Думада қазақ халқының даңқты өкілдері Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышпаев, Бақытжан Қаратаев және басқалар жұмыс істеді», – деді Қ.Тоқаев. Қазақстан Парламенті жоғарғы Палата­сының басшысы ұлттық заңна­маларды дамытудағы және Достастық аясындағы жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетудегі ТМД ПАА-ның рөліне жоғары баға берді. Қ.Тоқаев парламенттік дипломатия мейлінше икемді, кейде тіпті халықтар арасында теңдесі жоқ арнаға айналған жағдайда ТМД ПАА әлеуетін одан әрі нығайтудың маңызы зор деп санайды. Қазақстан делегациясы ТМД ПАА отырысына қатысты. ТМД ПАА Кеңе­сінің мүшелері Парламентаризмнің халықаралық күнін белгілеу туралы бастаманы талқылады, Қырғызстанда өткен референдумға жүргізілген мониторинг нәтижелерін және Достастық елдеріндегі 2017 жылы өтетін сайлау науқандарын байқауды ұйымдастыру мәселелерін қарады, сондай-ақ ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 2016 жылғы қызметін қорытындылады. Отырыс аясында Ресей Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенко Президент В.Путиннің атынан Қазақстан Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевқа Құрмет орденін табыс етті. Отырыс барысында ТМД Парламен­таралық Ассамблеясының 25 жылдығына арналған пошта маркасын естелікке тапсыру салтанаты болды. Қазақстан делегациясының басшысы Армения Ұлттық Жиналысынан Ресей империясы Мемлекеттік Думасының депутаты болған М.Пападжановтың бюстін ТМД ПАА-ға беру салтанатына қатысты. Сол күні ТМД ПАА-ның қырық алтыншы отырысы болды, онда Ассамблеяның тұрақты комиссиялары ұсынған бірқатар үлгі заңдары мен ұсынымдары мақұлданды. Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте Халықаралық терроризммен күрес жөніндегі парламенттік конференцияда баяндама жасады. Қ.Тоқаев өз сөзінде терроризмді тек бірлескен күш-жігер арқасында ғана түбірінен жоюға болатынына нық сенім білдіре келіп, Президент Н.Назарбаевтың БҰҰ аясындағы Жаһан­дық антитеррористік желі құру туралы бастамасының маңыздылығына форумға қатысушылардың назарын аударды. Конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде Қ.Тоқаев халықаралық құқықтағы «терроризм» ұғымының заңды және саяси қисынды анықтамасын беру қажеттігі туралы айтты. Төраға ең күрделі мәселелерді жедел шешуге ықпал ететін саяси үдерістерге асығыс әрі ағат бағалаудан шектелуге шақырды. «Мұндай қадамдардың нәтижелі бола­тынын Сириядағы қарулы қақты­ғыстардың басынан бері оқ атуды тоқтату тетіктерін құруға жеткізуге алғаш рет мүмкіндік берген Астана келіссөздері паш етіп отыр», – деп атап өтті Сенат Төрағасы. Қ.Тоқаев бір де бір ел қаупінен қор­ғалмаған кибертерроризм мәселелері туралы да айтты: «Адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің маңыздылығын толық түсінген жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ин­тер­нетті реттеу мәселелері бойынша ойланудың мәні зор. Басты мақсат – экстремизм идеясын насихаттауға және жастарды террористік ұйымдардың қатарына алдап-арбап тартуға кедергі жасау болып отыр». Баяндамада кедейлік, сауатсыздық, сыбайлас жемқорлық, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу секілді терроризмнің бастапқы себептерін жоюдағы заң шығару органдарының әлеуетіне ерекше назар аударылды. Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы сессияларының бірінде Экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ұйымның Үйлестіру орталығын құру туралы мәселені қарауды ұсынды. Қазақстан Парламенті жоғарғы Пала­­тасының басшысы радикализм қатерлеріне қарсы идеологиялық іс-қимылда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің де маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ Астанада 2016 жылы 31 мамырда өткен, жоғары мәртебелі діни қайраткерлер, бірқатар елдердің парламентшілері және ғалымдар қатысқан «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференцияның қорытындылары туралы форумға қатысушыларды хабардар етті. Қ.Тоқаев қазіргі замандағы реформалар мен халықпен ашық диалогты терроризмге қарсы пәрменді шаралар ретінде атап өтті. Бұл тұрғыда мемлекеттік басқаруды жетілдіру және билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу арқылы заң үстемдігін ны­ғайтуға бағытталған Қазақстандағы конституциялық реформалардың маңыз­дылығы айтылды. Төраға «Терроризмге қарсы іс-қимылға қатысты айтқанда, Конституцияға террористік әрекетке қатысқаны үшін Қазақстан азаматтығынан айыру туралы жаңалық енгізілді», – деді. Сенат Төрағасы сөзінің соңында терроризмді оқшаулау тәжірибесінен оны жаппай түбірінен жою стратегиясына көшу – жіті назар аударуды, диалог пен өзара іс-қимылды талап ететін күрделі әрі жауапты жұмыс екенін атап өтті. Қ.Тоқаев Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассам­блеясының Төрағасы Педро Аграмунтпен әңгімелесті. Төраға Қазақстанның ЕКПА-мен ынтымақ­тастығының сындарлы сипатына тоқталды. Біздің еліміз Еуропа Кеңесінің бірқатар маңызды конференцияларына қатысушы, Демократия жолындағы Еуропаның құқықтық комиссиясының (Венеция комиссиясы) толық мүшесі. Қазақстан Парламенті мен ЕКПА ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазақстандық депутаттар Страсбургте ЕКПА сессияларында тұрақты түрде қатысады. Қ.Тоқаев демократияны дамыту, гуманитарлық ынтымақтастық және қауіпсіздіктің жаңа қатерлеріне қарсы іс-қимыл үшін диалог пен нәтижелі ынтымақтастықты жалғастыра беру керек деп санайды. Сенат Төрағасы ЕКПА басшысын Президенттің өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беру жөніндегі Қазақстандағы конституциялық реформалар туралы хабардар етті.