Өткен жұма күні «AMANAT» партиясының базасында Үкіметтің Өңірлік саясат жөніндегі жобалық кеңсесі Сараптамалық орталығы ашылды. Ол «Әкімдер мектебі» жобасын жүзеге асырумен, басқару процестерін цифрландырумен, аудандық және ауылдық округ әкімдеріне экономикалық даму бағдарламаларын іске асыруға көмектесумен айналысады. Орталықтың жұмысымен Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов танысты. Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты.
«Әкімдерді тікелей сайлау – бұл Президенттің негізгі реформаларының бірі, елді одан әрі демократияландыру жолындағы үлкен қадам. Қоғам сайланған әкімдермен бірге өзекті мәселелерді шешуге белсенді түрде кірісе бастады. Сайлауда жеңіске жеткендердің басым көпшілігі – біздің партияның өкілдері. Енді олардың басты міндеті – сайлаушылардың сенімін ақтау. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, партия Үкіметпен бірлесіп, сайланған әкімдерді жаңа құзыреттерге, заңдармен және бюджетпен жұмыс істеуге үйрететін болады. Мұның барлығы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін күнделікті жұмыста көмектеседі», – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Спикері ауылды жан-жақты дамыту – Мемлекет басшысының саясатының басымдығы екенін атап өтті. Осыған байланысты өткен жылы «AMANAT» партиясы елдің барлық өңірлерінде жаңадан сайланған ауыл әкімдерінің форумдарын өткізді. Бұл іс-шараларға облыс әкімдері қатысып, сайланған басшылардың алғашқы жұмыс қорытындылары жасалды. Ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін кеңейту, соның ішінде олардың бюджеттерін ұлғайту бойынша ұсыныстар әзірленді. Атап айтқанда, енді ауыл әкімі көше саудасы, қоғамдық орындарды реттеу мәселелерін әкімшілік тұрғыдан басқара алады, сондай-ақ ауыл бюджетіне жеке және заңды тұлғалардың мүлік, жер, көлік салықтары түседі.
«AMANAT» партиясы бастамашылық еткен және Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірлесіп іске асырып отырған «Әкімдер мектебі» жобасы 2400-ден астам аудандық және ауылдық округ әкімдерін қамтиды. Оқу курсы, басқа да тақырыптармен қатар, ауылдық округтердің экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеу және оларды тәжірибеде қолдану әдістемесін үйретуге бағытталған. Әкімдер өз ауылдарының экономикалық мамандандырылуын анықтауды, сондай-ақ өнім өндіруден бастап, оны сертификаттау мен сатуға дейінгі тікелей тізбекті құруды үйренеді.
Мамыр айының соңына дейін Үкіметтің Өңірлік саясат жөніндегі жобалық кеңсесі «AMANAT» партиясымен бірлесіп, елдегі барлық ауылдық округтердің экономикалық даму бағдарламаларын әзірлейді және әкімдерді олардың бағдарламаларын іске асыру барысында сүйемелдейтін болады. Сондай-ақ орталық жеке қосалқы шаруашылықтарда өндірілген өнімдерді сертификаттау және оларды ұйымдастырылған сатып алулар мен сауда желілері арқылы сату мәселелерімен айналысады.