Жаңалықтар

Кәсіпкерлерден ақша бопсалаған блогерлер 7 жылға сотталды

istockphoto.com

“Т” ЖШС-нің азаматтық талабы қанағаттандырылып, сотталғандардан 1 млн теңге өндірілді

Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлерді бопсалаумен айналысқан екі блогерге сот үкім шығарды. Іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды.

Тергеу мәліметінше, С. және П. сауда орталықтарындағы заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында тексеріс жүргізіп, оларды әлеуметтік желілерде жарияламау үшін “Т” ЖШС директорынан ай сайын 200 мың теңге талап еткен. Директор И. компанияның беделіне нұқсан келеді деп қауіптеніп, бес ай бойы 1 млн теңге төлеген.

Сотталушылар осындай әдіспен “M” ЖШС басқарушы директорынан 50 млн теңге бопсалаған. Ақшаның бір бөлігін қолма-қол алу кезінде айыпталушылардың бірі ұсталды.

Сот үкім шығару барысында сотталушылардың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын және С.-ның асырауында жас баласы бар екенін ескерді.

Алқабилер алқасының шешімімен С. және П. әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, “Т” ЖШС-нің азаматтық талабы қанағаттандырылып, сотталғандардан 1 млн теңге өндірілді.