Трамп Гренландияға көз тікті...
Климаттың өзгеруі Гренландияның экономикалық және саяси жағдайына да әсер етеді. Дегенмен басқа елдер одан пайда көріп қалуға ұмтылуы да таңғаларлық жайт емес. Мұздың еруі жаңа теңіз жолдарының ашылуына ықпал етіп, Солтүстік теңіз жолы мен Трансарктикалық бағытты одан әрі дамытады.
Трамптың «жабылмаған гештальты»
Дональд Трамп сайлана сала орындалмаған арман-мақсатын есіне түсіріп, Гренландияны АҚШ иелігіне алу туралы сөз қозғай бастады. Бұған дейінгі бірінші сайланымында да осы мәселені бірнеше рет көтерген болатын. Дания аралдың сатылмайтынын айтып, өз позициясын анық білдіргенімен, Трамп АҚШ-тың Гренландияға иелік етуін «абсолютті қажеттілік» деп бағалап отыр. Тіпті, арал халқының қалағаны да сол екенін айтып мәлімдеме жасады. Қаңтарда өткен баспасөз мәслихатында «Гренландияны немесе Панама каналын «әскери немесе экономикалық қысыммен» алу жоспарда бар ма?» деген сұраққа Трамп: «Жоқ, мен екеуінің бірін де жоққа шығара алмаймын, дегенмен мен мынаны анық айта аламын: олар бізге экономикалық қауіпсіздік үшін қажет», – деп жауап берді. Дат телеарнасына берген сұхбатында Трамптың мәлімдемелеріне пікір білдірген Дания премьер-министрі Метте Фредериксен АҚШ-ты «Данияның ең маңызды және жақын одақтасы» деп атап, Вашингтон Гренландияны бақылауға алу үшін әскери немесе экономикалық күш қолданбайтынына сенетінін айтты. Фредериксен АҚШ-тың Арктикаға деген қызығушылығының артуын оң қабылдайтынын тағы да атап өтті, бірақ бұл «Гренландия халқын құрметтей отырып жүзеге асырылуы тиіс» деді. «Сонымен қатар бұл Дания мен АҚШ-тың, оның ішінде НАТО аясындағы ынтымақтастығын жалғастыруына мүмкіндік беретіндей жасалуы қажет», – деп қосты ол. Осылайша, Трамп Гренландияны иелену АҚШ қауіпсіздігі үшін маңызды деп мәлімдеді, бірақ «ол Гренландияның табиғи ресурстарына, соның ішінде сирек кездесетін пайдалы қазбаларына қызығушылық танытуы мүмкін» деген сарапшылардың пікірін бүкіл әлемдегі алпауыт ақпарат көздері жарыса жазып жатыр. Сондай-ақ климат дағдарысының әсерінен артып келе жатқан аумақтың транзиттік әлеуеті де Трамп ниетінің негізі болуы ықтимал. Осылайша, Арктика аймағында орналасқан арал геосаяси бәсекелестіктің маңызды нүктесіне айналып келеді.
Байлығы да баршылық
Гренландия – әлемдегі ең үлкен арал. Трамптың Гренландияны сатып алуға деген қызығушылығы жайдан-жай емес: бұл аймақ табиғи ресурстарға бай, сондай-ақ мұздықтардың еруі мен жаңа теңіз жолдарының ашылуы әлемдік экономикалық және әскери балансқа зор ықпал етеді. Арал геосаяси тұрғыдан да ерекше рөл атқарады. АҚШ үшін бұл арал Солтүстік Атлантикадағы маңызды аумақ саналады, себебі ол Еуропа мен Солтүстік Америка арасындағы әуе және теңіз жолдарын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Гренландияның солтүстік бөлігіндегі әскери базалар Арктикадағы Ресейдің ықпалына қарсы тұру үшін стратегиялық маңызға ие. Гренландия қойнауында сирек кездесетін қазба байлықтардың, уран, мұнай және табиғи газдың орасан қоры бар. Бұл минералдар заманауи технологиялар, телекоммуникация және энергетика салаларында ерекше маңызға ие. Әсіресе, неодиум, диспрозий және тербий технология өндірісінде өте құнды. Олар смартфон, электромобиль, жел генераторы мен әскери жабдық әзірлеуде қолданылады. Қазір елдің көптеген пайдалы қазбасы Қытайға экспортталады, бұл АҚШ сияқты елдерді өз бақылауын күшейтуге итермелейді. Дания билігі 2021 жылы Гренландияда мұнай өндіруге тыйым салды, алайда АҚШ бұл аймақтың энергетикалық әлеуетін де пайдалануға мүдделі. Себебі болашақта көмірсутек қорларына сұраныс сақталатыны анық. Егер мұнай және газ өндірісі қайта басталса, Гренландия әлемдік энергетикалық нарықта маңызды ойыншыға айналуы мүмкін.
Мұздықтар ерісе, мұхитқа жол ашылмақ
Сонымен қатар бұл аймақ ерекше табиғатымен, теңіз сүтқоректілерімен және экожүйесімен таңғалдырады. Дегенмен климаттың өзгеруінен Гренландияның мұз қабаты қарқынды түрде еріп барады. Егер аралдағы мұз толығымен еріп кетсе, теңіз деңгейі 7,4 метрге көтеріледі, бұл әлемдегі жағалауда орналасқан қалалар мен елдер үшін үлкен қауіп төндіреді. Зерттеулер көрсеткендей, 1992 жылдан бері Гренландия жыл сайын 182 миллиард тонна мұз жоғалтқан, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 489 миллиард тоннаға жетті. Guardian басылымының мәліметінше, мұздықтар 2030 жылға қарай толықтай еруі ықтимал. Климаттың өзгеруі Гренландияның экономикалық және саяси жағдайына да әсер етеді. Дегенмен басқа елдер одан пайда көріп қалуға ұмтылуы да таңғаларлық жайт емес. Мұздың еруі жаңа теңіз жолдарының ашылуына ықпал етіп, Солтүстік теңіз жолы мен Трансарктикалық бағытты одан әрі дамытады. Мұндай жағдайда, Солтүстік полюсте жаңа транзиттік жолдар пайда болып, АҚШ, Ресей, Қытай, Еуропа елдерінің ресурстарға қол жеткізуін, жүк тасымалын біршама оңайлатады әрі арзанырақ, экономикалық тұрғыдан тиімдірек етеді. Бұл өз кезегінде АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы экономикалық бәсекелестікті күшейтеді.
Талас пен тартыс
Осылайша, Гренландияның географиялық орны елдің өзіне үлкен қауіп, өзгелерге зор мүмкіндік әкелуі мүмкін. Арктика аймағындағы жаңа сауда жолдарының ашылуы АҚШ-тың бұл аймақта өз ықпалын арттыруына жол ашады, себебі онда америкалық әскери база орналасқан. Сонымен қатар аралдың табиғи ресурстары мен логистикалық мүмкіндіктері стратегиялық тұрғыдан өте құнды. 2018 жылы Қытай билігі Гренландияда бірнеше инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды ұсынды, соның ішінде әуежай құрылысы мен пайдалы қазбалар өндіру жобалары бар. Алайда АҚШ пен Дания бұл қадамдарды Гренландиядағы Қытай ықпалын күшейтуге бағытталған стратегиялық әрекет ретінде бағалады. Euronews мәліметінше, Трамптың Гренландияны сатып алу туралы ұсынысы Еуропа көшбасшыларын айтарлықтай алаңдатқан. Дания премьер-министрі Метте Фредериксен Еуропаның үш елінен қолдау сұрап, Арктика қауіпсіздігіне қосымша 2 миллиард доллар бөлген. Кей шенеуніктер Гренландияға еуропалық әскерлерді орналастыру мәселесін де ұсыныпты, алайда Еуропа Трампқа тікелей қарсы шығудан тартынып отыр. Ал гренландиялықтар әлем елдерінің аралға деген қызығушылығы халықтың мүддесінен жоғары екенін сезінеді. Елде тәуелсіздік алу мәселесі де қарастырылып жатыр. Гренландия үкіметі автономиясын кеңейтуге тырысып, экономикасын әртараптандыруға күш салуда. Данияның қаржылық қолдауына қарамастан, Гренландия толық тәуелсіздікке ұмтылады, алайда экономикалық және саяси жағдай оған кедергі болуы мүмкін.
Трамптың Гренландияға көз тігуі – АҚШ-тың геосаяси және экономикалық мүддесін көрсететін айқын мысал. Алдағы уақытта бұл аймаққа байланысты геосаяси шиеленіс одан әрі күшейе түсуі мүмкін. Одан бөлек, Қытай, Ресей және Еуроодақ бұл өңірде өз ықпалын арттыруға тырысуы да ғажап емес. Осылайша, климаттағы өзгерістер, табиғи ресурстарға деген сұраныстың артуы және Арктикадағы жаңа сауда жолдарының пайда болуы Гренландияны халықаралық саяси ойындардың басты нысанына айналдырып отыр.