Жаңалықтар

Жетісайда екі ауылға газ тартылды

«AMANAT» партиясы

200 мың адамға жуық халқы, 100-ден астам елді мекені бар Жетісай ауданындағы ауылдарды табиғи газ жүйелеріне қосу ісі кезең-кезеңімен іске асырылуда.

«AMANAT» партиясы дамыған аймақтар – қуатты экономиканың негізі деп біледі. Алтын бесік – ауылдарымыздың жағдайын жақсартуды, олардың инфрақұрылымдық жаңаруын қамтуды негізгі басымдық ретінде қарастырады.

Осы орайда, партияның Сайлауалды бағдарламасы қабылданып, оны іске асыруда әр өңірдің өзіндік даму ерекшеліктері, шешілуі кезек күттірмейтін өзекті мәселелері белгіленген Жол карталары бекітілген болатын. Партияның Түркістан облыстық филиалы қабылдаған осы құжаттың маңызды тармағы ретінде, елді мекендерге табиғи газ жеткізу міндеттемелері бекітіліп, оларды іске асырудың нақтылы мерзімдері көрсетілді.

Осы жоспарға сай, 200 мың адамға жуық халқы, 100-ден астам елді мекені бар Жетісай ауданындағы ауылдарды табиғи газ жүйелеріне қосу ісі кезең-кезеңімен іске асырылуда. Өткен жылдың қорытындысымен, аудандағы барлық 105 елді мекеннің 66-сы экологиялық тұрғыда таза отын – табиғи газға қосылып, көгілдір отын тұтынатын елді мекендердің үлесі 62,85 пайызға жетті. Өткен жылдың өзінде Жолдасбай Ералиев ауылдық округінің Абай елді мекеніне, Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм, Қызылту, Қарасақал елді мекендеріне газ жүйелері толық жүргізілсе, жыл басынан бері Қызылқұм ауылдық округінің Түркебай елді мекені табиғи газ жеткізілген елді мекендер санатына енді.

Қоғам игілігіне бағдарланған бұл жұмыстар жалғасын тауып, жуырда Абай ауылдық округінің Халықтар достығы және Қызылқұм ауылдық округінің Жалпаққұм елді мекендерін газ жүйелеріне қосу жұмыстары аяқталды. Қос ауылдағы 700-ге жуық үйдің тұрғындары үшін тарихта қалатын күн саналатын жарқын сәттің куәсі болуға Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, «QazaqGazAimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Ақылбек Абилдиев, аудандық мәслихат депутаты Қахарбай Исаев арнайы келіп, ауыл тұрғындарының қуаныштарымен бөлісті. Елге сыйлы абзал қариялар, ақ жаулықты аналар мемлекеттің өз азаматтарына жасап жатқан қамқорлығына алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді, өңірлердің теңгерімді дамуын басымдық ретінде белгілеген мемлекеттік саясаттың игілігін қарапайым азаматтар көріп жатқанын  айтты.

Айта кету керек, қабылданған жоба-жоспарларға сәйкес, жыл соңына дейін Жетісай ауданында табиғи газ жүйелерінің құрылысы тағы 11 елді мекенде толығымен аяқталса, аудан тұрғындарын газбен қамтылу деңгейін 100 пайызға жеткізу міндеті 2027 жылы орындалады деп белгіленген.