Мемлекеттік қаржыландырудың кемінде 30%-ы «Қазақфильмге» бағытталады – Ақпарат министрлігі

6 ақпан, 2025 / Өтей Торғайұлы
Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
2025 жылы 10 анимациялық жоба жасалып, балаларға арналған қазақша мультфильмдер өндірісі артады.

Мәдениет және ақпарат министрілігі кино саласына қатысты өзекті мәселелер ұдайы назарда екенін айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

Президент қол қойған заңға сай, енді мемлекеттік қаржыландырудың кемінде 30%-ы «Қазақфильмге» бағытталады.

«Бұл жерде ерекше атап өткім келетіні – мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі, сұрауы бар. Сондықтан, бұл қаражат сараптаудан өткен лайықты туындыларға ғана бөлінеді», – деді Аида Балаева.

2024 жылы алғаш рет ұлттық мүддемізге, идеологиямызға сай келетін басым тақырыптар бекітіліп, жаңа форматтағы конкурс өткізілді.

Былтыр 16 ұлттық фильм прокатқа шықса, 2025 жылы 14 жаңа кинотуынды жарық көреді.

Сондай-ақ, анимация саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. 2025 жылы 10 анимациялық жоба жасалып, балаларға арналған қазақша мультфильмдер өндірісі артады.

Телеарналардағы сериалдардың да сапасы артып келеді. 2024 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 41 сериал дайындалып, көрсетілді.

Министрлік ұлттық кино мен сериалдарды шетелге экспорттау мәселесіне де назар аударып, ұлттық стриминг платформасын іске қосуды жоспарлап отыр.

 

Тэгтер:

Мәдениет және ақпарат министрлігі