Оңтүстік Кореяның экс-президентін қамауға алуға ордер берілді
Оңтүстік Кореяның экс-президентін қамауға алуға ордер берілді
Бірер күн бұрын Оңтүстік Корея Республикасының прокуратурасы бұрынғы президент Пак Кын Хені қамауға алу туралы ордер сұратып, сотқа ресми сауал жолдаған болатын. Енді міне, ордер берілді.
Бұл туралы Kyodo агенттігі хабарлаған еді. ТАСС хабарлағандай, 22 наурызда Пак Кын Хе бірнеше сағат бойы тергеу сұрақтарына жауап берген болатын, соның қорытындысы бойынша республика прокуратурасы оны қамауға алу мүмкіндігін қарастыруда.
Айта кетейік, Пак Кын Хе күдікті ретінде тергеуге алынған Оңтүстік Корея тарихындағы төртінші президент атанып отыр. Бұған дейін мұндай жағдай Ро Дэ У, Чон Ду Хван және Но Му Хенмен болған еді. Алғашқы екі президент түрлі жазаға тартылса, Но Му Хен өз-өзіне қол жұмсады. Пак Кын Хеге билікті асыра пайдалану, сыбайлас жемқорлық секілді 13 тармақ бойынша айып тағылып отыр.
Еске сала кетсек, Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты президент Пак Кын Хеге жарияланған импичментті мақұлдады. Мерзімнен тыс жаңа президенттік сайлау сайлау 9 мамырда өтуі мүмкін. Пак Кын Хе елдің бұрынғы президенттеріне берілетін артықшылықтардан: жалақының 70% көлеміндегі өмірлік зейнетақыдан (шамамен 12 миллион вон немесе $10,4 мың), үш көмекшіден, жеке жүргізуші мен мемлекеттік клиникалардағы тегін медициналық қызмет көрсетуден айырылады. Сонымен бірге, оған 10 жылға емес, тек 5 жылға күзет беріледі.