Жаңалықтар

«Олар мені өлтіреді»: Қазақстанға туыстарынан қашып келген шешенстандық әйелдің ұсталуына қатысты полиция пікір білдірді

фото: видеодан скриншот

Кеше желіде Доссор ауылында туысқандарынан қашқан Ресей азаматшасы ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Аталған жайтқа ПД пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ресейлік құқыққорғаушы Светлана Анохинаның жазбасы оның Instagram парақшасында жарияланған.

«Қазіргі таңда Шешенстаннан қашқан Эльза Солтаева Қазақстанда, Доссор ауылында. Оны және оған қашуға көмектескен, бұған дейін бірнеше кавказдық қызға қол ұшын берген Владислав Хоревті полиция ұстаған. Эльзаның құжаттарын алып алған. Полицейлердің сөзінше, Эльзаны туыстары оны алып кетуге келе жатыр. Эльза егер Қазақстан полициясы оны Ресейдегідей туыстарына «бере салса», ол тірі қалмайтынына сенімді», — деп жазды Анохина.

NUR.KZ тілшісі Атырау облысы полиция департаментіне жүгініп, пікір білдіруді сұрады. Бізге әйелдің құжаттары тексеріліп, артынша оны босатқаны белгілі болды.

«Полицияға 2000 жылы туған Ресей азаматшасы жоғалып кеткені туралы ақпарат келіп түсті. Азаматшаның жеке басы анықталып, Мақат аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілген. Ол үйінен өз еркімен кеткені белгілі болды. Одан түсініктеме алынып, артынша ол босатылды», — делінген полиция берген түсініктемеде.