Жаңалықтар

«Бортта 4 адам болған»: Арқалықта санавиацияға тиесілі ұшақ апатты жағдайда қонды

Ұшақ қатты боранның салдарынан әуежайға жете алмай қалған.

Бүгін қатты боранның салдарынан Қостанайдан Арқалыққа ұшып бара жатқан «АН-2» санитарлық ұшағы әуежайға жетпей қонуға мәжбүр болды, деп хабарлады turkystan.kz "Қостанай таңы" басылымына сілтеме жасап.

Арқалық қаласынан 1,5 шақырым жерге қонған ұшақта екі ұшқыш, екі дәрігер – барлығы төрт адам болған.

«Суыт хабар түсе салысымен Костанай облысының ТЖД өрт сөндірушілері жедел түрде оқиға орнына жіберілді. Облыстық ТЖД мен Арқалық қаласында жедел штабтар құрылып, жедел желі жүйесі іске қосылды», - деп мәлімдеді облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Облыстық ТЖД жариялаған видеода: «Жедел іздеп тапқан Төтенше жағдай бөлімшесіне рахмет. Арқалық қаласына кетіп барамыз», дейді ұшақта болған дәрігердің бірі.

Құтқарушылардың шұғыл іс-қимылының нәтижесінде ұшақтағы адамдар аман-есен табылып, Арқалық қаласына жеткізілді. Жарақат алғандар мен қаза тапқандар жоқ. Оқиғаның себебі анықталып жатыр.