Бюджетті толтыру үшін бизнеске көп салық салуға болмайды – депутат
Бизнес шығынға батпай, қанша бере алады, сонша салық салу қажет.
«Салық кодексі бойынша жұмыс тобының жетекшісі ретінде, маған осы саланың сарапшыларынан, білікті экономистерден, ірі бизнес қауымдастықтардан және саяси партиялардан нақты әрі жүйелі ұсыныстар көптеп түсуде. Күрделі әрі батыл шешімдер қабылдайтын уақыт жеткенін жиі естиміз. Үкімет ҚҚС-ті көтеріп, оның шегін азайтуды ұсынып отыр. Бірақ бұл тұтынушылардың қалтасына салмақ салып, көлеңкелі бизнес қарқын алуы мүмкін. Экономиканы дамыту – күні бүгін ең қажетті, ең маңызды жұмыс. Үкімет ел экономикасын дамытуға, инвестиция тартуға, бизнеске жағдай жасауға күш салуы керек. Бұл экономика өсімінің есебінен салық түсімін көбейтеді», – дейді депутат.
Оның айтуынша Үкімет бұл мәселені кешенді түрде зерттеп, басқа да жолдары мен амалдарын қарастыруы керек. Депутат экономиканы дамыту, салықты арттыруға қатысты нақты ұсыныстарын жеткізді.
Біріншіден, артық шығынды қысқартып, бюджет кірісін көбейту; Көлеңкелі экономика ел экономикасының үштен бірін құрайды. Көлеңкелі экономиканы жарыққа шығарып, көлеңкелі экономика субъектілерін салық төлеушілердің қатарына қосу; Талқыланып отырған Салық кодексінің жаңа жобасында жеңілдіктер бар. Сол жеңілдіктердің мақсаттылығын қайта қарау; Халықпен жұмыс істейтін бизнес субъектілері үшін бөлшек салық режимінің сақталып қалатынын ескерсек, салық шегін қайта қарау; Салықтық әкімшілеу жұмысын жақсартып, салықтан жалтару қылмысымен күресу қажет.Мұның бәрі бюджетті толтыруға септеседі. Бюджетті толтыру үшін қанша қаражат қажет болса бизнеске сонша салық салуға болмайды, Бизнес шығынға батпай, қанша бере алады, сонша салық салу қажет, – дейді ол