«AMANAT»: Лудоманияның алдын алу үшін қоғамдық шаралар қабылданатын болады
Мирас Тулебаев жастардың физикалық және психикалық денсаулығын қорғау үшін спорттық шараларды белсенді түрде ұйымдастырудың маңыздылығын айтты.
Туризм және спорт вице-министрі Мирас Тулебаев, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Ренат Зулхаиров, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева және басқа да мемлекеттік органдар мен кеңес мүшелері аталған отырысқа қатысып, жастар арасында таралып жатқан лудомания проблемасын шешу жолдарын талқылады.
Отырыс барысында бұл мәселемен күресу үшін арнайы бағдарламалар мен шаралар енгізу қажеттігін атап өтіп, ойындардың жастардың психоэмоционалды дамуына теріс әсерін жою мақсатында тиімді ұсыныстар ұсынды.
Мәселен, Мирас Тулебаев жастардың физикалық және психикалық денсаулығын қорғау үшін спорттық шараларды белсенді түрде ұйымдастырудың маңыздылығын айтты, ал Айзада Құрманова мәдениет саласында жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеудің негіздерін бөлісіп, ақпараттық тұрғыдан көмек көрсету қажеттігін атап өтті.
«Лудомания тек психоэмоционалды бұзылыстарға ғана әкеліп қоймай, жасөспірімдер мен жастардың физикалық және әлеуметтік өміріне де айтарлықтай зиян тигізеді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін денсаулық сақтау саласындағы мамандар мен мемлекеттік органдар бірігіп жұмыс істеуі қажет», – деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева.⠀
Отырыс қорытындысы бойынша лудоманияның алдын алу үшін бірқатар заңнамалық түзетулер мен қоғамдық шаралар қабылданатын болды.