Кавказ бен Түркияға қымыз жеткізетін фермер
Менің қымызымдай қымыз еш жерде жоқ.
«Биені өзім сауамын»
«Осы ауылда туып, өстім, өндім. Шаңырақ көтердім. 1999 жылы әкемнен еншімді алып, бөлек шықтым. Сол кезде әкем еншіме 1 жылқы берген-тін. Келіншегім екеуміз сол бір биені сауып, қымызын сата бастадық. Бірте-бірте сұраныс көбейді. Сөйтіп осы іс сүйікті кәсібіме айналды. Қазір екі үйір жылқым бар. Жазда 25-30 бие байлаймыз. Қазір қыста 4 бие байлап отырмын. Сауыншылар алып көріп едік, көңілімізден шықпады. Жаз бойы биелерді бәйбішем екеуміз өзіміз сауамыз. Бәйбішем мемлекеттік балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Жұмыстан қашан келеді екен деп күтіп отырмаймын ғой, шелектерді өзім жуып, биені өзім сауа беремін. Бастапқыда ұялатынмын, кейін өз малым, адал еңбегім ғой, үйреніп кеттім. Күбіні өзім ыстаймын, қымызды өзім дайындаймын», – дейді ол.
Шаруа қожалығының иесі қымыз мол, сұраныс көп болған соң 95 литрлік автоматтандырылған күбі жасап алған. Қымыз сол күбіде пісіледі.
«Жаңа құлындаған биелерді 7 сағат сауып, құлындарын босатамыз. Ал құлындары төрт айға толған биелерді күндіз-түні сауатын кеземіз болады. Әр бие күніне 7 литрдей сүт береді. Сауған сүт 95 литрлік күбіге түгел сияды. Ауылда техниканың тілін білетін жігіттерден сұрастырып жүріп, күбіні өзім құрастырып шықтым. Тоқпен жұмыс істейді. Көктем мен күзде адам иммунитеті әлсірейді ғой. Көктемнен күзге дейін саумал сатамыз. Саумал алатын жұрт таң ата өзі келеді. Сауып бере қоямыз. Бәрі ырза болып кетеді. Бір адам қымызға келмей қалса «Әлдене дұрыс болмай қалды ма екен? Не болды екен?» деп алаңдаймыз. Жұрт қымыз сұрап келген сайын көңіліміз жайланады. Әркімнің талғамы әртүрлі. Біреу ащы қымыз, біреу тәтті қымыз, біреу «жуас» қымыз, біреу құнан қымыз сұрайды. Біреу Алматыға, біреу Атырауға, біреу Астанаға алып кетеді. Қымызын алып жүретін жолының ұзақтығына қарай әзірлеп беремін. Біреуге қорын көбірек құйып, ащылау қыламын, біруеге қорын азырақ құйып, тәттілеу қыламын. Жылқының жалынан май қосамын. Бірінікін ұзағырақ ашытамын, бірікін жылдам ашытамын», – дейді ол.
Жұбайы
«Менің қымызымдай қымыз еш жерде жоқ»
Бақытжан Әбуұлы қымызын ел ішіне ғана емес, шет елдерге де жеткізеді. Жаз бойы Кавказ бен Түркияға жөнелтіпті.
«Елден кеткен ұл-қыздар қымызды ала кетеді. Кейін сол барған елдерінен «10 литр керек, 20 литр керек» деп қайтадан сұратып жатады. Сөйтіп былтыр жазда Түркия мен Кавказға апта сайын жіберіп тұрдым. Әуежайдан өздері күтіп алады. Шешендер, грузиндер алып ішті. Дегенмен шетелге қымыз жіберу қиындау, машақаты көп іс. Ал ел ішінде Астана мен Алматыдан тапсырыс көп түседі. Бір литр қымыздың бағасы қыста – 1 200, жазда – 1 000 теңге. Қыста жұмыс ауырлайды. Қымыздың ашуы да қиын. Қыста күбіні ыстауға қажетті киікотын жаз бойы жинап, кептіріп, 30 қапқа салып, сақтап қоямын. Тамырына тиіспеймін, келесі жылы да өсуі керек қой, табиғатты аялау қажет. Тек басын қырықтықпен кесіп аламын. Қыс бойы сол қапқа жиған киікотымен күбіні ыстап шығамын», – дейді шаруа.
Оның өз шаруа қожалығына тиесілі 28 гектар жері бар. Жаз бойы сол жерін шауып, қысқа шөпті дайындайды. Арпа-бидайы да өз жерінде өседі. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – өз қымызын патенттеу.
«Жуалы қымызы» деген атаумен өзім әзірлейтін қымызды патенттеп алғым келіп жүр. Себебі менің қымызымдай қымыз еш жерде жоқ. Жыл сайын облыстық көрмеге аудан атынан мен қатысамын. Үкіметке қараған емеспін, 1999 жылдан бері осы мал мен қымыздың арқасында бала-шағамның несібесін тауып келемін. Өз кәсібімді жақсы көремін. Қымыз ішпесек балаларымыз да, өзіміз де жүре алмаймыз. Бір жаққа бара қалсақ, басқаның қымызын іше алмай қиналамыз. Өзіміздікіндей болмайды. Әркімге өз қымызы «алтын». Қымызымның технологиясын, рецептісін сұрап келген кәсіпкерлер де болды. Бірақ өзімнің технологиямды ешкімге бергім келген жоқ. Ол – құпия. Еңбекпен жеткен дүнием. Болашақта осы кәсібімді үлкейткім келеді», – дейді.