Ақмола облысында InDriver такси қызметінің жүргізушісі клиенттің әрекетінен зардап шекті. Оқиға 28 қаңтарда болған, деп хабарлады turkystan.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 47 жастағы ер адам құқық қорғау органдарына шағым түсірген.
Жәбірленуші такси қосымшасы арқылы тапсырыс қабылдап, клиентті межелі жеріне апара жатқанда, жолаушы жүргізушінің рұқсатынсыз көлікте шылым шеккен, — деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Жүргізуші оған ескерту жасағанымен, жолаушы агрессивті реакция білдіріп, сөзге келген. Жағдайды ушықтырмау үшін такси жүргізушісі көлікті тоқтатып, жолаушыдан түсуін сұраған. Алайда ол түсудің орнына жүргізушіге шабуыл жасап, соққыға жыққан.
Қазіргі таңда күдіктінің жеке басы анықталды. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, қажетті сараптамалар тағайындалды. Нәтижесіне қарай заңды шаралар қабылданады.