Ұлттық ары қалғымаған тұлға еді
Ұлттық ары қалғымаған тұлға еді
Рахманқұл Бердібай есімі республикаға кеңінен танымал. Таныстырып жату басы артық іс! Республика дейміз-ау, еліміздің сыртына да танымал тұлға еді марқұм. Қазақ әдебиеттану ғылымына сіңірген еңбегі, қазақ руханиятына қосқан үлесі барынша қомақты.
Әдебиетке сыншы ретінде келді. Обалы не, алпысыншы жылдардағы қазақ әдебиетінің жетекші, көмекші жанрлары туындыларын тамыршыдай тап басып, адал талдап, әділ сөйлеп, көрнекті әдебиет сыншысы атанды. Әдебиеттегі жетекші жанр – роман жайында көбірек сөйлей жүріп, ақырында қазақ романының зерттеушісіне айналды.
Ол 1953 жылы ұстазы Б.Кенжебайұлы ұсынған «Қазақ романы» тақырыбында кандидаттық, докторлық диссертация қорғады. Қашан көзі жұмылғанша, роман жанрында жазылған шығармалардан көз жазып көрмеді. Үнемі бақылап, үздіксіз қалам тартумен болды. Кештеу де болса қазақ фольклористикасына келіп, қатарға тұра қалып, халқымыздың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасын жаңа методологиямен жіті қарастыра бастады. Заманауи әдебиетке қалыптасқан сыншы ғалымның фольклор секілді өте күрделі салаға мамандануы оңай болмағаны хақ. Рахаң талантының ірілігі, еңбекқорлығы арқасында кәнігі маман фольклорист болып қалыптасты. Қазақ эпосын басым зерттеген ол кейін келе фольклорды халықаралық өреде қарастыруға дейін өсе жетілді. Фольклористиканың теориялық, методологиялық мәселелерін халықаралық өреде талқылауға атсалысты. Сөйтіп, қазақ халқының атын шығарды, қазақ ғылымының халықаралық өреде бәсін арттырды. «Ана тілі» газетінде жазған мақаламызда «Қазақтың Дәде Қорқыты» (№44 (395), 10 қазан 1997 ж.) атағанымыз бар. Фольклористиканың еңсегейі – еңбекқор эрудит Рахаңа жарасып кете барды.
Қазақ әдебиеті сыны, әдебиеттануы, фольклоры саласындағы еңбектері оны түрколог атандырды. Тіпті түркология ғылымымен арнайы айналысып, бауырлас Әзірбайжан елінде жетпісінші жылдардан бастап жарық көрген «Тюркология» журналына мақалалар жаза бастады. Академик Әлкей Марғұлан, Бейсембай Кенжебайұлы, Әуелбек Қоңыратбаевты ұстаз тұтудан танған емес. Олардың еңбектерін алғысөзбен қайта бастыру ісіне шәкірттік бейілден аянбай атсалысты. «Халықаралық түркология қоғамының төрағасы» Кеңесбай Мұсаев (Москва), академик Әбдуәли Хайдари, Раиса Қыдырбаева (Қырғыз Республикасы), Мирфатық Зәкиев (Татарстан), Сэмэн Руфов (Саха) секілді тұлғалармен үзеңгілес жүріп, сыйласа еңбек етті. Фольклористика саласындағы еңбектері оны халықаралық өредегі ірі тұлға ретінде танытты.
Р.Бердібай ұлтшыл тұлға еді. Ұлт мүддесі ол үшін әмәнда алғы орында тұрды. «Алматы қалалық халық университетін» 40 жыл қоғамдық негізде басқарды. Аталған халық университетінде кеңестік тоталитарлық кезеңнің өзінде Ә.Марғұлан, Б.Кенжебайұлы, С.Мұқанов, І.Есенберлин, А.Машанов, К.Ақышев, Ә.Әлімжанов секілді ұлттық ары қалғымаған азамат болмысты тұлғаларды шақырып дәріс оқытты. Онда азаматтық тарихымыздың небір ақтаңдақ беттері, тіпті Алашорда ұстанымы, өкілдері жайында небір тамаша әңгімелер мұң аралас маздады. Жалпы жәмиғат, әсіресе жастар санасына ұлттық рухани ізгіліктер құюмен болатын халық университеті Рахманқұл Бердібайдың басқаруымен тәуелсіздікке дейін ұлтымыз үшін үлкен ағартушылық қызмет атқарды деп ойлаймыз.
Халықшыл тұлға, ұлттық болмысты азамат ел мен жер туралы ұдайы мәселе көтерумен жүретін. Ол мәселелерді Елбасыға хат етіп те жазатын, ағымдағы баспасөзде ықпай, бүкпей ақтарыла айтатын да жататын. Қайраткер қаламгер, публицист ғалымның бұл саладағы мың-сан ойлары «Ел боламыз десек...» кітабына жинақталды. Ал түркология саласындағы ойларының бірсыпырасы «Байкалдан Балқанға дейін...» аталатын кітабында сараланды.
«Қазақ әдебиеті» газеті, Қазақ энциклопедиясы, Ұлттық Ғылым Академиясы – оның қызмет атқарған құтты қызмет орындары. Ол қызмет атқарған орындардың сәнін кіргізіп отыратын тұлға еді. Өмірінің соңғы жылдарында (1994 ж. бастап) туған Түркістанына оралды. Қ.А.Ясауй атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде профессор, кафедра меңгерушісі, «Түркология ғылыми-зерттеу институтында» Бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Түркістанда тұру да, тіпті ақирет сапары жеткенде Түркістанда мәңгілікке қалу да – оның арманына айналған!
Аманатқа қиянат болған жоқ. Бақилыққа аттанған сәтінде Түркістан топырағына жатқыздық. Тәні Түркістан топырағында мәңгілікке дамылдап жатыр! Жаны жәнатта болсын!
Көрнекті ғалым, түрколог Рахманқұл Бердібайдың қызметі мен шығармашылық жолын қысқа қайырып айтып өттік. Ондағы ойымыз Рахманқұл Бердібай есімін бүгінгі алаңы көп, «ұмытшақ» оқырманның есіне қайта салу! Сонымен қатар, Түркістанда «Академик Рахманқұл Бердібайдың мемориалдық-музейін» ашудың зәру қажеттілік екенін айту.Олай етуге Рахманқұл Бердібай әбден лайық тұлға екенін жеткізу! Бүгінгі таңда Түркістанда Қ.А.Ясауи қорық-музейінен тартып Түркістан қаласы тарихы музейі, қазақтан шыққан тұңғыш елші-дуаен, түрколог Н.Төреқұлов, алашшыл қайсар коммунист қайраткер С.Қожанов, 23 жасында қыршын кеткен, соңына «Мәңгілік өмір жырын», «Менің құрдастарым» романын қалдырған С.Ерубаев, қазақ түркологиясы басында тұрған, сол жолда азапты ғұмыр кешкен профессор Б.Кенжебайұлы дегендей бірсыпыра тұлғаның үлкенді-кішілі музейлері жұмыс істеп тұр. Олардың мәртебелері де әрқилы. Қалай дегенде де, Түркістан секілді халықаралық өредегі туризм қаласында, өзі тұрған үйінен «Академик Рахманқұл Бердібайдың мемориалдық музей-үйі» ұйымдастырылып, қызықтаушыларына есігін айқара ашып тұрса – игілікті іс болар еді. Музей ашу – марқұм үшін де маңызды шығар, біле білсек, алдымен ұрпаққа керек. Бүгінгі, ертеңгі ұрпақтың «Көзқаманға» (Р.Бердібай) айналып кетпей, ұлтымыздың намысты азаматы болып өсуіне сөз жоқ, музейдің тәрбиелік мәні зор. Тұлғалы перзенттерімізге музей аша білсек, оны ғылыми экспозициялап, жолға қойсақ, туризм қаласы – Түркістанда мемлекетіміздің жетістігін халықаралық өреде жарнамалап тұрар ағарту һәм ғылыми шаңыраққа айналып құп жарасар еді! Өйткені «Түркістан – түрік халықтарының рухани астанасына айналып» (Н.Назарбаев) гүлдеуге тиісті Медине дерлік руханият шаһары! Оның үстіне биыл ТҮРКСОЙ арқылы «Түрік халықтарының мәдени астанасы» болып жарияланып отыр!
Әбдуәли ҚАЙДАР,
академик,
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
академик,
Әлімхан ЖҮНІСБЕК,
профессор,
Құлбек ЕРГӨБЕК,
профессор
Түркістан