Тұрақтылық пен шығармашылыққа жаңаша көзқарас: Стокгольм дизайн апталығы несімен ерекшеленбек?

31 қаңтар, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: Stockholm Design Week
Стокгольм дизайн апталығы 2025 тұрақтылық пен шығармашылыққа жаңаша көзқарас ұсынуға уәде береді.

3–9 ақпан аралығында Швеция астанасы Стокгольм тағы да әлемдік дизайн орталығына айналады. Стокгольм дизайн апталығы 2025 тұрақтылық пен шығармашылыққа жаңаша көзқарас ұсынуға уәде береді. Соның ішінде, 300 жылдық ағаштардан жасалған инновациялық жобалар, саңырауқұлақтардан шабыт алған жиһаздар және тағамға арналған ерекше көрмелер болмақ.

Әдеттегідей, іс-шараның басты оқиғасы – Скандинавиядағы ең ірі жиһаз жәрмеңкесі Stockholm Furniture Fair. Ол 4–8 ақпан аралығында Stockholmsmässan көрме орталығында өтеді. Келушілерді танымал дизайнер Александр Лервик, Olsson Lyckefors Arkitektur архитектуралық фирмасы және құрметті қонақ Фэй Тугуд ұсынған инсталляциялар күтеді. Сонымен қатар, Flokk, Blå Station, Fogia сияқты әлемдік брендтер өздерінің жаңа өнімдерін таныстырады.

Биыл дизайн тек жиһазбен шектелмейді. Фин дизайнері Мари Коппанен «Kääpä» көрмесінде амаду – саңырауқұлақ негізіндегі баламалы былғарыны таныстырады. Ал Швециядағы жетекші өнер және дизайн мектебі Konstfack «Болашақты жобалау және өткенді дәмдеу» атты көрмесін ұйымдастырады. Бұл жоба аясында студенттер ерекше қажеттіліктері бар жастармен бірге ас әзірлеуге арналған жаңа өнімдер жасап шығарған.

Сонымен қатар, қала көшелері түрлі көрмелер мен инсталляцияларға толы болады. Ұлттық музейдегі тұрақты экспозиция Швеция дизайнының тарихына терең бойлап, Bumling шамы мен Diavox телефоны сияқты әйгілі экспонаттарды ұсынады.

Тэгтер:

дизайн шығармашылық Стокгольм апталық