Ат баптаған Ақмарал
"Біле білсеңіз, жылқы адамға адал әрі ақылды жануар ғой. Оны біраз уақыт баптап-баққаннан кейін жақсы көрмеу мүмкін емес. Жылқыны қалай жақсы көретінімді сөзбен айтып түсіндіре алмаймын".
Мен – Талғар қаласының тумасымын. Аспаз мамандығын меңгергенмін. Денсаулығыма байланысты климат ауыстыру керек болды. Сөйтіп, Талғардан Талдықорған қаласына қоныс аудардым. Онда бір кафеде аспаз болып жұмыс істедім. Екі күн істеп, екі күн демалатынмын. Қолым бос күндері мүмкіндігі шектеулі жандарға қарайласқым келді. Зағип жандарға «Бір жерге бару керек болса, маған айтыңдар» дейтінмін. Арбаға танылған апайдың тамағын әзірлеп беретінмін. Оным үшін ақы алмаймын, Алла разылығы үшін қиын жағдайда жүрген жандарға көмектескім келді. Осылайша, волонтер болып жүрдім. Талдықорғандағы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлбике апайға үнемі көмектесетінмін. Ол кісі бірде мені кеңсесіне шақырып, бірінші топтағы мүгедек, зағип – қазіргі жолдасыммен таныстырды. Кеңседегі қызметкерлер менің онымен көңіл жарастырғанымды қалады. Біраз уақыт араласып жүрдік. Уақыт өте келе оны ұнатып қалғанымды түсіндім. Екеуіміздің де бес уақыт намазымыз түгел. Бұлай жүре берген болмас деп ойладым. Сөйтіп, бір күні онымен ашық сөйлестім. «Маған қатысты ойыңыз не? Арамыздағы құр достық па әлде не?» деп тікесінен сұрадым. Әйтпесе, өзі сөз айтпайды, тек «кел, көмектес» дейді. Жасымыз болса, қырыққа таяп қалған. Ол бір-бірімізді тағы да тани түскісі келетінін, тағы біраз уақыт сөйлесіп жүргісі келетінін айтты. Мен «Ертең – жұма. Ертең менімен некелеспесеңіз, жолымыз екіге айырылсын» деп қойып қалдым. Ол кісіге де оңай болмады. Екеуіміздің отау тігіп, бөлек шаңырақ бола алатынымызға күмәнданса керек. «Мен кейін ауылды жерде тұрамын. Мал өсіремін. Сен ол тұрмысқа шыдас бересің бе?» деп сұрады. Қалада өскен мен «Мал бағудан хабарым жоқ, алайда үйреніп аламын» дедім. Келесі күні туған-туыс, дос-жаран, имамды шақырып, некемізді қидық. Бастапқыда Талдықорғанда пәтер жалдап тұрдық. Бірақ екеуіміз де жер үйден артық баспана жоқ екеніне көзіміз жетті. Сөйтіп, Ескелді ауданына қарасты Абай ауылынан несиеге үй алдық. Күйеуім кезінде ауданға белгілі жылқышы болған. Он үш жыл бұрын оқыс жағдайға тап болып, екі көзі көрмей қалған. Көз көргенге дейін үйі, мал-жайы, отбасы болған. Тағдырдың ісі шығар. Кейін бәрінен айырылып қалған. Бірінші жолдасын «Төрт қабырғаға телміріп отыратын адамға байланып қалмай, өз теңіңді тап» деп, ажырасуға өзі бастамашы болған. Ұзақ жыл жалғыз жүрген екеуімізді тағдыр Талдықорғанда қосып тұр.
«Шап, қане! Шап!» деп айқайлаймынБіз жылқы баптау ісімен бірден айналысып кеткен жоқпыз. Алдымен тауық сату бизнесін қолға алдық. Бір кісіден инкубатор сұрап алып, онда 60 теңгеге жұмыртқа сатып алып, балапан өсірдік. Сосын оны 1 000 теңгеге саттық. Одан соң арзан бағаға 7-8 ешкі сатып алып, оны 19 басқа жеткіздік. Сөйтіп, балапан, ешкі сатып жүріп жиған ақшамызға бір тай сатып алдық. Ол тайды өз баламыз секілді мәпелеп, асты-үстіне түсіп, әбден күтіп-баптадық. Базардан апта сайын сәбіз сатып алып, оны жақсылап жуып, тазалап, жеміне араластырып беремін. Кейін бір кісілер оны ұнатып қалып, бой бермей сұраған соң, 1 млн теңгеге сатып жібердік. Содан кейін бір бие сатып алдық. Ол үш құлын туды. Сосын біраз қаражат жинап, тағы бие сатып алдық. Сөйтіп жүргенде бәйгеге қызығушылық пайда болды. Өзім бәйге жарыстарынан қалмаймын. Бәйге десе, қаным қызып, делебем қозады. Жарыстарда біреудің үкілеп қосқан жылқысы құлап жатса, иесімен бірге жылап, жаным ашып тұрады. Ипподромға жолдасымды ерте барамын. Ол кезінде бәйгеге бәленбай ат қосқан, өзі де шапқан. Жарыс басталған кезде «Көк ат былай келе жатыр. Сұр ат артта қалып қойды» деп бәйгенің барысын сипаттап айтып отырамын. Өзіме ұнайтын жылқы артта қалып келе жатса, жолдасыма сипаттап тұрғанымды ұмытып, арқам қозып, көппен бірге «Шап, қане! шап!» деп айқайлаймын. Айналамдағы ер адамдар біртүрлі көзбен қараса да, мән бермеймін. Сосын алға қарай жүгірген топтың ішіне қалай кіріп кеткенімді байқамай қаламын (күліп). Қанша айналым бойы қарсыластарын шаң қаптырып, алдыңғы шепте келе жатып, мәреге жақын қалғанда шаба алмай қалған жылқыларға қарап сіздің де жаныңыз ашиды ғой. Сондай сәтте алаңға атып шығып, болдырып қалған жылқы байғұсқа көмектескің келіп кетеді-ақ. Бір кезде анау жақтан жолдасым «Әй, жалғасын неге айтпай тұрсың? Кім бірінші келді?» деп айқайлайды. «Қазір айтамын» деп қасына жетіп барып, бәрін егжей-тегжей айтып беремін (күліп). Осылайша, жарыстарға барып жүріп, өзгелер секілді біздің де аламанға ат қосқымыз келді. Сөйтіп, жан-жақтан бәйгеге шабатын жылқы іздедік. Бәйгеге бүгін қосыла салатын тұлпарлардың құны өте қымбат. Біз секілді шаруада ондай қаражат қайдан болсын? Ат жарыстардың бірінде бәйге федерациясының вице-президенті Мұрат Өсербаевты көріп қалдым. Ол кісіні сыртынан танып, елдік істерге белсенді араласып жүргені үшін айрықша сыйлайтынмын. Әдетте ол кісі отыратын басты трибуна жаққа ешкімді өткізбейді ғой. Ол жаққа сүрініп, жығылып жүріп өтіп, Мұрат ағамен танысып, суретке түсіп, сосын ол кісіден бір бас жабағы сатып алғым келетінін айттым. Ақыры ол кісіден бір жылқы сатып алдық. Содан соң Қордайдан, кейін Алматыдан бір-бір жылқы тағы сатып алдық. Сол аралықта дұрысы жылқыны қай жақтан, қандай тектен алу керек екенін жіті зерттедік. Жолдасымның жалақысын, менің бар тапқанымды жинап, Ресейдің Краснодар аймағынан іздеген жылқымызды – араб тектес Единаны таптық. Әкесі – үш кубок ұтқан айғыр. Бұйырса, бір айдың ішінде құлындайды. Оған да айрықша күтім жасап, үстіндегі шаңын үрлеп, бағып-қағып отырмын. Аман-есен құлындаған соң, бұйырса, келесі жылы көктемде бәйгеге қоссақ па деп отырмыз. Оған дейін де қорада тұрған басқа жылқыларды жарысқа баптап апарамыз. Бізде осыған дейін арнайы бәйгеге баптап жатқан қаншама жылқымыз болды. Енді қосамын деп жүргенде басқалар сатып алып кетеді. Біздің үй ауданға апарар басты жолдың бойында орналасқан. Біздің үй жақта болып жатқанның бәрі көрініп тұрады. Әрі-бері жылқы іздеп жүретін, әрі біздің ауылдан кейін орналасқан, ел ауызында жүрген жас шабандоз Хамза мен тұлпары Жұмыртұяқ тұратын ауылға арнайы баратындар жолай бізге соқпай кетпейді. Кейбірі жылқыны жақсылап баптап жатқанымызды байқап, екі есе бағаға сатып алатынын айтады. Осылайша, талай тұлпарды баптап, сатып жібергеніміз бар. Қазір қорамызда 10 шақты жылқымыз бар. Соның үшеуін алда өтетін бәйге жарыстарына қоспақ ниеттеміз. Негізі, бәйге жарысы – күйеуімнің хоббиі. Оның қасында жүріп, жылқыға деген сүйіспеншілігім пайда болды. Бір кезде кәсіп етіп ашқан ісім бүгінде сүйікті ісіме айналды. Біле білсеңіз, жылқы адамға адал әрі ақылды жануар ғой. Оны біраз уақыт баптап-баққаннан кейін жақсы көрмеу мүмкін емес. Жылқыны қалай жақсы көретінімді сөзбен айтып түсіндіре алмаймын.
«Ақмарал, бүгін биеңнің жағдайын білдің бе?»Ресейден сатып алған биені күтіп алу үшін Ұзынағаштан ары орналасқан бір ауылға бардық. Жылқылар тиелген КамАЗ келгенше атбегінің үйінде күтіп отырдық. Бізді күткен келіншек: «Сіз мұнда не істеп жүрсіз?» деп сұрады. «Мен де күйеуің секілді атбегімін. Ресейден бие сатып алып жатырмын. Соны күтіп алуға келдім» десем, ол әйел маған «Әйел адамның жылқыда не шаруасы бар?» дегендей таңдана қарайды. Мен онда сіңлім мен оның шопырымен бірге барғанмын. Дастарқан басында сіңлім «Мен дым түсінбеймін, әпкемнің көңіліне қарап келе салдым» десе, жасы үлкен шопыр ағай «Осы жасқа келіп әйел адамның осыншалық атқа қызыққанына таңғалып отырмын» дейді. Кенет әлдебіреу даладан үйге кіріп, КамАЗ келгенін айтты. Отырған жерімнен атып түрегеліп, «Единам келді» деп бәрінен бұрын көргім келіп, сыртқа атып шықтым. Бір жағынан 6 күн жол жүріп, қиналып келген оны тезірек көліктен алып шыққым келіп тұр. Екінші жағынан, оны онлайн таңдап алғасын, өмірде қандай екенін тезірек көруге асықпын. Осы уақыт ішінде жылқыны бір кісідей танып алдым ғой. Дегенмен Единаны көзбен көрмей, видео арқылы таңдаған соң күдігім басым болғаны рас. Сөйтсем, бекерге уайымдаппын, мен ойлағаннан да жақсы жылқыны алдыртыппыз. Оны көліктен түсіргендегі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Құшақтап, жыладым кеп. Айналамдағылар видеоға түсіріп әлек. Жолдасыма хабарласып «Единамыз келді! Мен оны жетелеп жүрмін» деп хабарладым. Сосын Талдықорғандағы ипподромның салынуына зор үлесін қосқан, кез келген мәселемді айтып, ақылдасатын жанашыр жан, арбаға таңылса да, ат баптаудың шебері Асқарбек ағаға хабарластым. Ол кісінің айтқан ақылы үнемі пайдама жарайтын. «Ақшаны неге ерте бердің? Ертең қандай бие келетінін білмейсің ғой», «Ақмарал, бүгін биеңнің жағдайын білдің бе?» деп менімен бірге уайымдап, үнемі қолдап жүретін мәрт кісі. Жолдасымнан кейін ол кісіге де хабарласып «Асқарбек ағай, менің бием келді ғой!» деп сүйінші сұрадым. Ол маған жылы лебізін айтып, желпіндіріп қойды. Ол жердегі атбегі жігіттер «Әпке, бүгін осында қалсын. Бос орын бар» десе де, өзім білетін жаққа апарып, түнетіп, сосын өзіміз жаққа алып келдік. Күйеуім Қаскелеңдегі мәдениет колледжін бітірген. Қазір Ескелді ауданындағы кітапхананың зағиптар бұрышында жауапты кітапханашы болып жұмыс істейді. Күні бойы жұмыста болғасын малға өзім қараймын. Жұмыстан келгесін екеулеп мал жайғаймыз. Аллаға шүкір, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған. Мен – жолдасымның жеке көмекшісі әрі заңды өкілімін. Үкімет сол үшін маған ақша төлейді. Жолдасым жұмысына инватакси арқылы барып келеді. Еш қиындығы жоқ. Күпірлік айтпаймыз. Мал қарау ісіне көмекші жалдап көрдік. Дегенмен бәрібір өзің секілді қарамайды екен. Сондықтан қазір бүкіл шаруаны өзіміз істейміз. Көршінің 2-3 баласын атқа мінігізіп, серуендетіп қайтамыз. Жылқының бойын жазу үшін күнделікті сыртқа шығарып тұрамыз. Мысалы, біз күні бойы үйде отыра берсек, денеміз құрысып қалады ғой. Сол секілді жылқыны да күніне сыртқа алып шығып, сергітіп тұру керек. Жылқыға мінетін бала таңдау да бір өнер. Олардың әрбірінің мінезіне сай аттарды таңдап береміз. Тұйық балаларды мінезі «шатақтау» аттарға мінгіземіз. Ал жұлқынып тұрған балаларға жуас аттарды таңдап береміз.
«Тоңазытқышым азық-түлікке емес, дәрі-дәрмекке толы»Қазір не көп, чат көп қой. Кез келген мәселені сонда талқылаймыз. Атбегілердің бөлек чаты, базардағылардың арнайы чаты бар. Шаруалар малы ауырып қалса сонда жазып, «Не істесем болады?» деп ақыл сұрайды. Малға туған баламдай қарап жүргендіктен, бар білгенімді ұзын сонар мәтін қылып, жауап жазып отырамын. Сол жердегі бір кісі менен үнемі кеңес сұрап отырады. Ол мені телефонына «Ақмарал – мал дәрігері» деп сақтап қойса керек. Бірде ол жылқысы ауырып қалған көршісіне менің нөмірімді беріпті. Ол кісіге қажет ем-домды айтып берген соң, «Қай ветинститутты бітіргенсіз? Көп біледі екенсіз» дейді. Мені расында, көпшілік мал дәрігері деп ойлайды екен. Малды айрықша ұстап отырғасын бұл саланы да меңгеріп алады екенсің. Оған қоса, асырап отырған малыңның жаны шығуға шақ қалып, ауырып жатса «Мал дәрігерін күте тұрайық» деп қарап отырмайсың ғой. Әсіресе, түнде ауырып қалса, мал дәрігерін қайдан іздеп жүресің? Сондықтан бәрінен хабардар болғаның абзал. Қазір менің тоңазытқышым азық-түлікке емес, дәрі-дәрмекке толып тұр. Малдың ем-домына қажет дәрінің бәрі бар. Бар мақсатым – қорамдағы жылқылар санын көбейту. Үлкен ат қора салып, таза қанды мал өсіруді көздеймін. Содан соң оларды бәйгеге қосып, жеңісін, жемісін көргім келеді. Ол жарыстардан ұтқан көлікке мініп, тапқан қаражатқа жаңа үй сатып алсам деймін. Бұйырса, бұл межеге күйеуіміз екеулеп жетеміз. Сол үшін шамамыз келгеннің бәрін жасап, тырысып жатырмыз.
Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ