T-Newspaper

ҚҚС: кім не дейді?

сурет: istockphoto.com

Үкімет Қосылған құн салығын өсірмек. Бұл жолғы шешім – анық, қадам нық сияқты. Бірақ 2023 жылы айтылған 16 пайыз емес, бірден 20 пайызға жетуі де ықтимал. 

Халық, сарапшылар мен кәсіпкерлер бұл жаңалықты түрліше қабылдады: қар­сылар да, қолдағандар да, түсіністік та­ныт­қандар да табылды. Нақты шешім әзірге қабылданған жоқ, бірақ Үкімет бұл қадам елді бюджет дағдарысынан құтқаруға сеп бола­тынына сенімді. Басты қауіп – бұл са­лық тағы да қарапайым халықтың қалтасын қа­ғып, инфляцияны күрт көтеруі мүмкін. Сон­дай-ақ бизнес те жаппай «көлеңке іздеп кетуі» ықтимал. Мәселені тарқатып көрейік.

Айналып келіп халық  төлейтін салық

Қазір елімізде ҚҚС мөлшерлемесі – 12 пайыз. Бұл көрсеткіш Ресей, Беларусь, Ар­мениямен салыстырғанда төмен. Деген­мен Өзбекстандағы ҚҚС 2023 жылғы 1 қаңтар­дан бастап 15 пайыздан 12 пайызға дейін тө­мендеді. Қырғыз Республикасында да мөл­шерлеме – 12 пайыз. Аустралия, Оңтүс­тік Кореяда – 10, БАӘ, Канада, Катарда – 5 пайыз.  Қосылған құн салығы – өндірістің әр ке­зеңінде алынған қосымша құнға салынатын салық. Кәсіпорындар, бір жағынан, сатыл­ған өнімдерінен қосымша құн салығын алады, екінші жағынан, жабдықтаушылардан өндіріс құралдарын сатып алушы ретінде қосылған құн салығын төлейді. Дегенмен салық тауардың бағасына тікелей әсер етеді немесе бағасына қосылады. Демек, халыққа, яғни тұтынушыға да тікелей әсер етеді. Сон­дықтан ҚҚС-ны тұтыну салығы десек тү­сі­ніктірек болады. ҚҚС, ең алдымен тауарлар мен қызметтерді көбірек тұтынуға мүмкін­дігі бар адамдарға, айналып келгенде, тауар­лар мен қызметтердің бағасына қосылып, ха­лықтың табысына тікелей әсер етеді. Әлемдік тәжірибеде бұл жанама са­лық түрі салық салудың жақсы тә­сі­лі ретінде танымал. Себебі ол – қарапайым және тиімді, сонымен қатар мемлекеттің кірісін көбейтеді. Яғни, бюджеттің маңызды көзінің бірі. Жалпы, жиналған салықтар құрылымында ҚҚС-тың үлесі 24 пайыздан асады.

Салық жиналмаса, жұмыс қалай жүреді? – Үкімет

23 қаңтарда Қазақстан Республи­ка­сы­ның Премьер-Министрі Олжас Бектенов са­лық саясаты мәселелері бойынша сарап­шылық қауымдастық пен бизнес өкілдерінің қатысуымен жиын өткізді. Жиында тұрақты өсімді қамтамасыз етуге арналған экономи­ка­лық шаралар талқыланып, жаңа Салық жә­не Бюджет кодекстері бойынша ұсы­ныс­тар қаралды. Отырыста ең көп талқыланған мәселенің бірі – қосылған құн салығын  12 пайыздан 20 пайызға өсіру болды. Экономистер мен кәсіпкерлер мұндай ше­шімнің нарыққа, тауарлар бағасына және инфляция деңгейіне айтарлықтай әсер ететінін жеткізді. Естеріңізде болса, 2023 жылғы Пре­зи­дент Жолдауынан соң жаңа Салық кодек­сі­нің жобасын әзірлеуді бастаған Ұлттық экономика министрлігі қосылған құн са­лы­ғын 12 пайыздан 16 пайызға дейін кө­теру­ді ұсынған болатын. Сол кезден-ақ бұл мә­селе турасындағы қоғам пікірі екіге жарыл­ған еді. Кей сарапшылар бұл қадамды құптады, ал кейбірі керісінше, дұрыс емес деп есептейтіндерін жеткізді. Қарсылардың қатарына кәсіпкерлер де қосылды, Ұлттық палата ресми мәлімдеме де жасады. Сөйтіп, шешімді біраз уақытқа дейін жылы жауып қойған едік.  Ал 28 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Премьер-Министр Олжас Бек­тенов ҚҚС ставкасын көтеру қажет деп мә­лімдеді. Бұл ретте, Үкімет еңбекақы қоры­на түсетін жүктемені азайтып, оны сату көлеміне ауыстыруды ұсынып отыр.  

– Бұл үшін ҚҚС ставкасын көтеріп, соны­мен қатар жұмыс берушінің әлеуметтік және міндетті зейнетақы төлемдерін азайту қажет. Бұл кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оларға қажетті қаржылық резерв құрады. Еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту кәсіпкерлерге қыз­меткерлердің жалақысын арттыруға мүм­кіндік береді. Қосымша салық түсімдері экономикалық өсімді ынталандыруға, инф­рақұрылымның қарқынды дамуын қам­тамасыз етуге және басым салалардағы перс­­пективалы бизнес-жобаларды қолдауға бағытталатын болады, – деді Бектенов.

Премьер-Министрдің бірінші орын­басары Серік Жұманғариннің түсіндіруі бойын­ша бүгінде елімізде тіркелген 2 мил­лион 300 мыңнан астам салық төлеушінің 137,7 мыңы ғана ҚҚС төлейді, бұл – салық төлеушілердің 6 пайызы. Олардың ішінде нақты ҚҚС төлейтіндер 88 мың немесе бар­лық салық төлеушілердің 4 пайызы ғана. 

– Реформа керек. Жалпы, Мемлекет бас­шысы бүгін бұл тұрғыда бізді қолдады. Біз бұрынғы шарттармен өмір сүре алмай­мыз. Өйткені қазір заңнаманың «арқасында» кә­сіп­керлердің көбіне салық мөлшерін қыс­қартуға мүмкіндік беретін ресми саңы­лаулар пайда болған. Мемлекет әлеуметтік міндеттеме, елдің қорғаныс қабілетін арттыру сияқты өз функцияларын атқаруы ке­рек. Егер салық жинамаса, Үкімет ол функ­цияларды қалай орындайды? Шоғыр­ландырылған бюджеттің салық түсімдерінің ЖІӨ-ге қатысты үлесі – 20 пайыз, ал рес­пуб­ликалық бюджеттің салық түсімдерінің ЖІӨ-ге қатынасы тіпті аз – 10,8 пайыз. Бұл көр­сеткіш дамыған елдерде 40 пайыздан аса­ды, – деді Үкімет басшысының орын­басары. 

Дегенмен ол жалпы қосылған құн са­лы­ғы бұрмаланып отырғанын жеткізді. 

– Алайда ҚҚС-тың мәні бұрмаланып отыр, бұл – бұрын жүргізілген салық рефор­ма­ларының салдары. 1995 жылдан 2009 жыл­ға дейін ҚҚС мөлшерлемесі 20 пайыз­дан 12 пайызға дейін, ал КТС (корпоративтік табыс салығы) 30 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетілді. Бұл шаралар салық жә­не инвестиция климатын жақсарту, елде кә­сіпорындар мен инвестицияларды кө­бейтуді мақсат етті. Бір уақытта көптеген са­лық жеңілдігі беріліп, жалпы салық жүйе­сі либералданды, ал салық түсімі азайды. Са­лықты оңтайландыруға мүмкіндік бере­тін заңды жолдар пайда болды, бизнес ұсақ­талып кетті. Ал ҚҚС іс жүзінде 12 пайыз­дық бөлшек салыққа айналды, – деп тү­сін­дірді ол.

Бұл ретте Үкімет ҚҚС бойынша тіркеу ш­е­гін төмендетуді ұсынып отыр.

– Негізгі себептердің бірі – ҚҚС бойын­ша тіркеу шегінің жоғары болуы (78 мил­лион теңге). Сондықтан бірінші кезекте, біз ҚҚС шегін 15 миллион теңгеге дейін төмен­детуді ұсынамыз. Қазір осы шектерде ШОБ-тың 80 пайызы жұмыс істейді, сондықтан бұл шара олардың көпшілігіне айтарлықтай әсер етпейді. ЭЫДҰ елдерінде ҚҚС тіркеу ше­гі бұдан да төмен, ал кейбір жетекші эко­номикаларда ол тіпті нөлге тең. Осылайша, ҚҚС қайтадан есептеуге арналған салыққа айналады, – деді Серік Жұманғарин.

Ол бөлшек салық бойынша ЭҚЖЖ са­нын қысқартуды және оның мәнін қайта қалпына келтіруді ұсынды.  

– Әрине, тек салықтарды өсіру арқылы мемлекеттің мәселелерін шешу жөн бол­май­ды. ҚҚС ставкасының өсуіне байла­нысты бизнеске қосымша шығын келуі мүмкін. Мемлекет оларды өтемақы ретінде өтеуге дайын, – деп қорытындылады Серік Жұман­ғарин. Дегенмен ол 20 пайызға дейін өсіру нақты шешім емес екенін де еске салды. Қазір салықты нақты қанша пайызға өсіру мәселесі жан-жақты пысықталып жат­қан көрінеді. Осы мәселеге қатысты сарапшылардың пі­кірін сұрап, көзқарасын біліп көрдік. Олардың да ойы әр алуан.

Жарас Ахметов, экономист:

Бюджет ашық болуы қажет

– Салықтың өсуін шын мәнінде ви­рус­тық аурумен са­лыстыруға бола­ды. Бұл қо­ғам­да бас­тапқы кезеңде ыңғайсыздық пен қарсылық ту­дырады, бірақ уақыт өте келе экономика мен азаматтар жаңа жағдайларға бейім­де­леді. Алайда басты мәселе салықтың өсуін­де ғана емес, мемлекеттің қосымша бюд­жет қара­жатын қаншалықты тиімді және ашық жұмсайтынында жатыр. Егер салық өскенімен, азаматтардың өмір сапасы жақсармаса, мысалы, инф­­рақұрылымды жаңғырту, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, білім беру сапасын көтеру немесе әлеуметтік кепілдіктерді ны­ғайту секілді шаралар байқалмаса, бұл тек қоғамдағы наразылықты күшейтіп, әлеу­мет­тік шиеленістің артуына әкелуі мүмкін. Ха­лықтың салық төлеп, одан өмір сүру дең­гейінің жақсартуын, мемлекеттік қыз­мет­тердің қолжетімділігі артуын күтуі – заң­ды. Салық саясаты әділ жүріп жатқанына қо­ғам көз жеткізуі үшін бюджет барынша ашық болуы керек, барынша есеп берілуі қа­жет. Өкілдік демократияны дамыту және аза­маттардың негізгі шешімдерді қабыл­дау­ға қатысуын кеңейту, мысалы, қоғамдық тал­қылаулар, жария есептер мен бақылау ме­ханизмдері мемлекетке деген қоғам сені­мін арттырудың маңызды құралы. Аза­мат­тар нақты нәтижелерді көрген жағдайда ғана салықтардың өсуін қажет шара ретінде қа­былдай алады. 

Сергей Доминин, экономист:

Шығындарды қайта қарамаса, реформа тиімді болмайды

– Бұл өзгерістен экономикада бір реттік теріс әсер байқалатын болады: инфляция шамамен 5 пайыздық тармаққа өседі. Бұл ба­ғаның өсуіне байланысты тұтыну дең­гейі­нің төмендеуімен қатар жүреді. Деген­мен бұл әсерлер тек уақытша болады. Егер теңге коррекциясы, импорт инфляциясы жә­не басқа да инфляцияға әсер ететін фак­торлар байқалмаса, бір жыл ішінде инфля­ция деңгейі өзінің қалыпты, орташа тарихи көрсеткіштеріне қайта оралады.   Ал халыққа қалай әсер ететініне келер бол­сақ, тауарлардың біразы қымбаттайды. Бір­ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының ҚҚС мөлшерлемесі қазіргі­дей 8 пайыз болып қала беруі де мүмкін. Бұл ереже әрі қарай да сақталады деп күтілуде.   Реформаны жүргізудегі басты мақсат – елді мемлекеттік қаржы дағдарысынан шы­ғару үшін салық түсімін өсіру. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін бюджет шығындарын да қайта қарау қажет. Оның ішінде тиімсіз операциялық шығындарды, бизнесті қолдау шараларын және бюрократиялық аппаратқа кететін шығындарды да оңтайландыру ке­рек. Егер бұл жұмыс жүргізілмесе, рефор­ма тиімді болмайды.   Шешім қаншалықты дұрыс деген мәсе­ле­­ге келер болсақ, кез келген шешімнің ба­­ла­масы бар. Бюджет дағдарысы жағ­дайын­да көбіне нашар немесе өте нашар шешімдердің арасынан таңдау жасау керек болады. Бүгінгі жағдайда ҚҚС мөлшер­ле­месін арттырып, оны ұлттық экономиканың мүмкіндігінше көп саласына салудың жалғыз баламасы Ұлттық қордан қаражат алу көлемін одан әрі ұлғайту ғана. Дегенмен мемлекет қаржысын тұрақтандыру жұмысы міндетті түрде бюджет шығындарын оңтай­лан­дыруды қамтуы керек екенін ерекше атап өткім келеді.

Әсел ӘБЕН,  ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы:

Ұлттық қорды молайту мүмкіндігі артады

– Қоғамда кең резонанс тудырып, ең көп талқыланған тақырыптың бірі – жаңа Са­лық кодексі, тиісінше салық салудың жаңа ережелері болды. Салық жүйесін қайта қарау туралы шешім кейінгі бірнеше жыл­дағы бюджет тапшылығының орнын тол­тыруға байланысты қабылданды. Қазір тап­шылық жалпы ішкі өнімнің 2,7 пайызын құрайды. Бұл ретте алдағы 2025 жылға бюд­жеттің кірісі 21,39 триллион теңге, ал шы­ғы­сы 25,19 триллион теңге болады деген жос­пар бар.  Бюджетті тұрақтандыру үшін ұсы­нылған құралдың бірі – қосылған құн салығын 12 пайыздан 20 пайызға дейін өсіру. Елімізде кейінгі екі онжылдықта ҚҚС мөлшерлемесі айтарлықтай өзгерген жоқ. Көптеген елде бұл көрсеткіш – 15-20 пайыз шамасында. Жалпы, бұл өзгеріс біршама оң нәтиже береді деп ойлаймын. Біріншіден, салық түсімдерінің артуы. ҚҚС мөлшерлемесін көтеру бюджет кірісін 5-7 трлн теңгеге дейін ұлғайтады және бұ­ған дейін бірнеше рет талқыланған Ұлттық қордан қаражат алуды тоқтатуға мүмкіндік береді. Екіншіден, салықтық қамтуды арттыру. ҚҚС төлеушілерді тіркеу шегін төмендету жос­парлануда, бұл шағын және орта бизнес­ті көбірек тартады, салық түсімдерін арт­тыр­ады. Үшіншіден, ҚҚС ұлғаюымен қатар ең­бекақы қорына салық жүктемесін азайту қарас­тырылуда, бұл бизнеске қаржылық жүк­темені жеңілдетуге және жалақының ашық­тығын ынталандыруға тиіс. ҚҚС – сауда-саттық, қызмет көрсету сияқ­ты салаларға салынатын жанама са­лық. Сәйкесінше, негізгі жүк түпкі тұтыну­шы­ларға түседі. Дегенмен бұл келеңсіз сал­дарлар қысқа мерзімде орын алып, ке­шенді жұмыс жүргізгенде оларды азайтуға бо­лады деп күтілуде. Ол үшін жаңа салық ре­­жиміне бейімделудің нақты шараларын ойластыру қажет. Салық реформасы бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 2024 жылы өткен Үкі­меттің кеңейтілген отырысында Президент: «ҚҚС-ты 12-ден 16 пайызға дейін көтеру – түп­кілікті шешім емес, Қазақстанда мүлдем басқа сипатқа ие болған ҚҚС-тың өзін де реформалау қажет» деген болатын. Қалай болғанда да, әзірге нақты шешім қа­былданған жоқ, мәселе әлі де талқыланып жа­тыр. Мемлекет басшысы айтқандай, «Қа­те­лесуге құқымыз жоқ… Жалпы, әрине, ре­форма қажет екенін растаймын…». Жақын ара­да оңтайлы шешімі табылады деп ойлай­мыз.

Мақсат  Сералы, экономист:

Бюджет тапшылығын реттеудің басқа да жолдары бар

– Қосылған құн салығын көбейту ша­ғын және орта бизнес субъектілеріне кері әсер етеді. Бұл жерде Үкімет өзінің пози­ция­сын анықтауы керек. Не үшін мұндай шара қабылдамақ? Қаражат тапшылығы кез кел­ген салықтық-нормативтік базаларды өсіру арқылы реттелетіні түсінікті. Ол біріншіден, Ұлттық қордағы ақшаның салымын көбей­туге негізделеді. Әрі қарай мемлекеттік бағ­дар­ламалар арқылы жүзеге асады. ҚҚС өсіру арқылы тікелей халықтың та­быс деңгейіне, әлеуметтік жағдайына әсер ете­міз. Қосымша құн салығы өсетін болса, он­да автоматты түрде, азық-түлік, жалпы кез келген ел аумағына кіріп жатқан тауар­дың бағасы өседі. 15-20 пайызға қымбаттап кетеді. Бізде орта тап әлі қалыптаспаған. Халықтың басым бөлігі кедейлік деңгейінде күн кешіп отыр. Орташа жалақы алатын аза­маттардың саны аз, ең төменгі күнкөріс мөлшерінде жүрген азаматтардың саны өте көп. Сондықтан бұл мәселеге мән беруіміз керек.  Иә, мойындау керек, қазір бізде бюджет тап­шылығы бар, бірақ жағдайды реттеу үшін қосымша құн салығын өсіру емес, бас­қа да нормативтерді қарастыруымыз керек. Мы­салы, көлеңкелі экономикадағы бизнес­ті шығарып, заңдастыру. Яғни, олардың салық төлеуіне қолайлы жағдай жасау. Еліміздегі көлеңкелі бизнестің үлесі өте жоғары. Шамамен экономикадағы бизнес­тің үштен бірі – көлеңкелі экономика.  Одан кейін осы уақытқа дейін ұрлаған, то­наған, шетелге капитал шығарған, са­лықтан жалтарған кәсіпорындар бар, бай­лар бар. Қаншама миллиардтаған қаражат шетелге кетті. Біз солармен де жұмысты кү­шейтуіміз керек.  Сонымен қатар қазір елімізде 2 мил­лионға жуық шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Әйтсе де, олардың тек қана 1 миллионнан астамы ғана нақты жұ­мыс істеп тұр. Қалғандарының жұмысы не үшін тоқтап тұр? Соларды да ынталан­дыруы­мыз керек.  Сосын бюджеттен қаржыландырылатын бағ­дарламалар бар, Ұлттық қордан бөлініп жатқан қаражат бар, соларды айқын­дауы­мыз керек. Бағдарламалар қаншалықты мақ­сатты түрде жүргізіліп жатыр, қанша­лықты қайтарымды болып жатыр, оны да қарауымыз керек. Яғни, бұл шаралар Үкі­метке қаншалықты қажет? Қазіргі мем­ле­кеттік бағдарламалардың біразын алып қа­рай­тын болсақ, көптеген сұрақ туындай­тын мәселе бар. Барлығын саралап, эконо­микалық талдау жүргізуіміз қажет.  Қосылған құн салығын өсіруден 2030, тіп­ті 2050 жылға дейін бас тартуымыз ке­рек, өйткені қазіргі экономикалық жағ­дай­да бұған тәуекел ете алмаймыз. Ол үшін ішкі нарықтағы кәсіпкерліктің даму деңгейі, елдің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 65-70 пайыз­ға жетуі керек. Сол кезде ғана біз қо­сыл­ған құн салығын өсіру туралы ойлана бастаймыз.

Андрей Чеботарев, экономист:

Реформаны ертерек бастау керек еді

– Ең алдымен, бұл шараны бұрынырақта қа­былдау керек еді. Коммуникация толық­тай сәтсіз болды. Мен 3 жыл бойы салық­тары­мыз төмен екенін және оларды ерте ме, кеш пе көтеретінін айтумен келемін. Қа­зіргі және бұрынғы Үкімет бұл мәселе­лерді көтермеді, бірақ енді бюджет тапшы­лы­ғының «қара құрдымы» қыспаққа алған­да, басқа таңдау қалмады.  Екіншіден, ставканы соншалықты кө­теріп, шегін төмендету не үшін қажет? Бұл жерде логика бар. Әрине, бұл инфляциялық шок тудырады, бірақ ол бір-ақ рет болып, тез арада басылады. Ал егер ставканы кезең-ке­зеңмен көтерсе және бірнеше жылға соз­са, жалпы инфляцияның өсімі жоғары болуы мүмкін.  Үшіншіден, кейбір сарапшылар шек­теулерді төмендету бизнесті көлеңкеге қа­шырады деген пікір айтады, дегенмен бұл бизнеске, керісінше көлеңкеден шығуға көмектесуі мүмкін. Өйткені қазір бизнес онсыз да көлеңкеде, бөлшектеу салдарынан мейрамханаларда, дәріханаларда және дү­кендерде кассалар бөлек-бөлек екенін көре­міз.  Төртіншіден, басқа жол бар ма? Әлбетте бар. Ұлттық қордан ақша алып, қарыздан-қарыз­ға өмір сүре беруге болар еді. Ұлттық қор бізге 10-15 жылға жетеді, мемлекеттік қа­рыз деңгейі төмен болғандықтан, қарыз­дар арқылы тағы 10-15 жылға жетуі мүмкін.  Бесіншіден, осы жағдайға жетіп, алды­мызда екі-ақ таңдау қалды: бәрі жақсы деп одан әрі өз-өзімізді алдап, тарифтер мен са­лықтарды ұстап тұрып, ұрпағымыздың ақшасымен, қарызданып өмір сүру. Немесе тарифтер мен салықтарды көтеру. Әрине, мұны бірте-бірте жасап, әлдеқайда ерте бастау жеңіл болар еді.  Алтыншыдан, ешбір елдегі ешбір бизнес са­лық төлеуді ұнатпайды. Әлемдегі ешбір ха­лық төлеп отырған салығын аз деп есеп­темейді.

Қорыта айтқанда, ҚҚС-ты өсіру – ерте ме, кеш пе қабылданатын шешім. Бұл ретте кей сарапшылар тіпті кеш қалғанымызды айтып отыр. Реформаның ешқайсы жеңіл, бірсыдырғы өтпейтінін ескерсек, бұл өзгеріс өсу үшін қажет қадам болуы да әбден мүмкін.  Бірақ бюджет шығынын қысқартып, даңғаза мен дүрмекті азайтпасақ, жемқорларды тыймасақ, бұл шараның халыққа ауыртпалықтан басқа ештеңе әкелмейтіні – анық нәрсе.