T-Newspaper

Махамбеттану және Қажым Жұмалиев

Қажым Жұмалиев шығармашылығын зерт­теудегі соңғы жылдар нәтижесі ғалым­ның жеке архивінде кеңестік идеология жа­риялауға мүмкіндік бермеген мол мате­риалдар сақталып келгенін көрсетіп отыр. Бұл материалдардың құндылығы қазақ әдебиетінің байлығын еселей түсері анық. Бірнеше папка – Махамбет шығармашылығы туралы жазбалары.

Махамбеттің өмірі мен шығармашылығының танылуына, насихатталуына аға буын орасан еңбек етті. Ақынның ел ішінен өлеңдерінің жиналуы, мәңгілік мекенінің табылып, басының қарайтылуы, түпнұсқаға негізделіп мүсінінің жасалуы, ұрпаққа рухани азық болар көркем бейнесінің сомдалуы, ғылыми негіздерге сүйеніп махамбеттанудың қалануы барлығы-барлығы өнегелі аға буынның және дәстүр сабақтастығын жалғастырушы бүгінгі біздердің игі істеріміз! 

Махамбеттану іздері

Махамбеттің көзі тірісінде ол ту­ра­лы өз жұртынан жазылып құжат­тал­ған ал­ғаш­қы деректің бірі Жәңгір хан­ның 1836 жы­лы 13 желтоқсандағы Орынбор генерал-гу­бер­на­торына жазған шағымы. Онда былай де­лінген: «Исатайдың ең жақын, ең бірінші – кеңесшісі және ол сойқанның жәрдемшісі болған Махамбет Өтемісов дейтін қазақ. Ме­нің Зұлқарнай деген ұлым­ның жас уа­ғында (жас кезінде) қасында, Орынборда бо­лып еді, бірақ ол нағыз бұзық болған­дықтан қуып жібердім» дейді.  Әрине, мұнан да басқа Махамбеттің үс­тінен түсірілген арыз-шағымдар, кісі қо­лы­нан қастандықпен жазым болғаннан кейін толтырылған хаттамалар, түсінік­те­мелер махамбеттануда керегіне жарата біл­гендерге біраз сырдың бетін ашады. Махамбет есімінің қазақ халқына кеңі­нен таныс болуы ХХ ғасырдың жиыр­ма­сын­шы жылдарынан бастау алады. Мұның ба­сында алаштың ардақты қайраткері Ха­лел Досмұхамедұлы тұр. 1925 жылы Ма­хам­бет шығармашылығын жариялауда ал­­ғысөз жа­зып, Исатай-Махамбет кө­те­рі­лісіне ұлт­тық ұстаным тұрғысынан түсі­нік­теме беру­ші де Х.Досмұхамедұлы бола­тын.  Осы ретте ХХ ғасырдың жиырмасыншы жыл­дары Х.Досмұхамедұлына дейін де Ма­­­хамбет өлеңдері басылымдарда жария­лан­ғандығын атап өткіміз келеді. Белгілі ға­лым Әуелбек Қоңыратбаев 1923 жылы «Тер­ме», «Сана» журналдарында Ә.Диваев Ма­­­хамбеттің өлеңдерін бастырған деген мә­лімет айтады. Сондай-ақ ХІХ ғасыр әдебиетін терең зерт­теген ғалым Ханғали Сүйіншәлиев 1925-1926 жылдары  Махамбет өлеңдері «Жаңа мектеп», «Сәуле» журналдарында тү­гел­дей дерлік басылғандығын көрсетеді. Қазақ әдебиеттану ғылымында бірден-бір махамбеттанушы ғалым деп мойын­дал­ған тұлға – академик Қажым Жұмалиев. Қ.Жұмалиевтің махамбеттанушылығының хронологиясы 1927 жылғы «Махамбет ақын» (Исатай – Махамбет көтерілісінің 100 жылдығы қарсаныңда) атты «Әдебиет май­даны» журналында жарық көрген (1927. №1, 8, 9) мақаласынан бастау алып, 1968 жылғы ғұмырының соңына дейін жалғасын тапқанын көреміз. Қырық бір жыл уақытты қамтыған ма­хамбеттану ізденістерімен танысып шық­қаннан кейін мынадай байлам жасадық: Қ.Жұмалиев Махамбет өлеңдерін ел ішінен аяқтай жүріп жинап, текстологиялық қалыпқа түсіріп, ақынның құпия болып кел­ген мәңгілік мекенін ақсақалдар көме­гімен тауып, басына құлпытас орнатқан рухани шырақшысы. Сондай-ақ қазақ әдебиеттану ғылымы мен көркем прозада Махамбет әлемін қалыптастырған ғалым-жазушы. 

«Айта келген сөзім бар»

Махамбет айтқан сөздің бәрі бізге жеткен жоқ. Жеткендері кеңестік идеологияның сүзгісінен өтіп барып жарияланғанға ұқсайды. Әсіресе, ақын өлеңдерінде орыс жұртына қарата айтылған сөздердің болмауы неге бұлай деп ойлантары тағы бар? Бұл сұрау негізсіз де емес. Махамбет ес біліп атқа қонғалы, елге қорған болып жер шолғалы орыспен бірнеше мәрте ұшырасқаны мәлім. Сондай-ақ Махамбетке қазақ жеріне емініп отырған орыстың пейілі мен ниеті де мә­лім. Еркінен тыс жатып шыққан орыстың түр­месі, орыстың оғынан оққа ұшқан ер­лер­дің қазасы Махамбетті күйзелтпеді, күңірент­педі деп кім айта алады?.. Махамбеттің қолда бар өлеңдерін ой елегінен өткізе оқығанда, сөз желісінің бүлін­генін байқауға болады. Бұл барлық өлең­дерінде дей алмаймыз. Жекелеген өлеңдердегі ой ағысының шорт кесілуі, шұбыртпалы ұйқаспен бір бүтін болып кө­рініп тұрған толғаулардағы бір кем дү­ние осыны аңғартса керек. Мәтіндегі мұн­дай кемшін тұстар автордың шығармасы хат­қа түспей ауызша жеткендіктен деп өзі­мізге-өзіміз жауабын бергендей бол­ға­ны­мен, Махамбетпен дәуірлес және кейін өмір сүрген ақындар шығармашылығында орыс озбырлығы, отаршылдық белгілі дәре­же­де сөз болады. Олай болса ер Махамбетте орысқа қа­ра­тыла айтылған сөздің болмауы махам­бет­­­­тануда бізді ойлантса керек. Мұның сы­ры неде? ХХ ғасырдың басында ел әде­биеті хатталып баспадан кітап болып шыға бас­тағанда, денені түгел жайлаған қотыр­дай жасыруға болмайтын орыс басқыншы­лы­ғын кеңес үкіметі патшалық ресейге жауып, біз бөтенбіз деп шыға келді. Алға­шын­да шығып, кейін тыйым салынған әде­­­­биеттердегі отаршылдық туралы өлең-жыр­лар өткен күндердің күрсінісін көр­сетуден әрі аспайтын болғандықтан, орыс бас­қарған кеңестік үкіметке пәлендей қауіп­ті болып көрінбеді. Қайта, елді тастап ауа көшейік деп зарлаған қазақты аман сақ­тап қалған орыс пролетариаты деп кеу­де қақты. Махамбетте бұл мәселе басқаша көрініс тапты. Махамбеттің даралығы да осы жерде. Текстологиялық жағынан күзеліп, қаншама жыр жолдары ақын мұрасы ретінде саналы түрде хатталмай қалғанын ішкі түйсігімізбен сеземіз. Мұның сыры Махамбет қазақты сорлатып отырған қас дұшпанды түстеп айтып, орысқа отар бол­ған жерді қарудың күшімен қайырып алуға шақыруында. Махамбеттің өзі ХІХ ғасырда елді атқа қондырса, ХХ ғасырда Махамбет­тің сөзі елді атқа қондырар деген қауіппен өлең­дерін аса бір тексерістен өткізген тә­різ­ді. Махамбет өлеңдерінде орысқа қарата айтылған сөздің болмау себебі міне осы. Кеңестік «қырағы» цензура біз сөз етіп отырған мәселені ақын шығармашы­лы­ғы­нан барынша алып тастадық дегенімен біржола ізім-қайым жоқ етіп жібере алма­ды. Махамбеттің арманы, сол дәуірдің ты­ныс-тіршілігі суреттелетін ақын өлең­де­рі­нен көзіқарақты оқырман біраз жайтты аңғарары анық. Мәселен, ақынның  «Мен – мен едім, мен едім» деген өлеңіндегі: «Еділдің бойы ен тоғай – Ел қондырсам деп едім»  деген жолдар орыстың қолында кеткен байыр­ғы ата қонысты қайырып алу тіле­гінен туындаған сөз, сол жолда атқа қонған ерлік іс еді. Осы өлеңнің соңғы жолындағы «Осылай бір қылсам деп едім!» деген түйін­деу де осы ойдан хабар беріп тұр. Махамбеттанудың білгірі Қ.Жұмалиев ілгеріде шыққан еңбегінде аталған  өлеңге қатысты: «Махамбеттің бұл өлеңінде, кө­терілістің алдына қойған мақсаты, көз­де­ген нысанасы айқын. Ол: патша отарлап отыр­ған жерді босатып еңбек­ші шаруаларға беру» дейді. Өкініштісі, ғалым кейінгі еңбек­терінде бұл пікірін алып тастаған. Не бір тексерістен өтіп, жалпылық си­пат алып тұрған өлеңдерінің өзінен Ма­хам­беттің кім үшін тәуекелге барғаны, кім­ге қарсы шыққаны сезіліп-ақ тұр.  «Аттанған едім көп үшін Көптің жинап мол күшін, Дұшпанда кеткен сол көптің Ежелден бергі кегі үшін»!  Махамбет дәстүрлі ел басқару жүйе­сі­нің бұзылып, қазақтан құт қаша бастауы орыс­тың жүргізіп отырған ылаң саясаты еке­нін білді. Мұндағы хан мен сұлтан орыс пат­шасының дегенімен жүретін өкілдер ғана болып қалғанын сол ортада өскен Ма­хамбет жақсы ұғынды. Мұны өзгерту қол­ға қару алып күрескенде жүзеге аса­тынын жақсы түсінген Махамбет бұл істе үлкен тәуекелдерге бара алғанын архив ма­териалдарынан білеміз. Махамбеттің хаты: «Ардақты батыр­лары­мыз: Бабайға, Надырқұлға, Жәлиге, Жар­мағамбет және Жамантайға барлығына сәлем. Өздерің сықылды достардың барына мен Аллаға шүкір етемін. Мен Хиуадан аман-есен қайттым, сіздерді сағындым, осын­ша-ақ көргім келеді, бірақ бару қиын­шылыққа түсіп тұр. Әскер шығардың ал­дын­да ханға (Хиуа ханы) тағы бір жолығып шығам. Әрілегенде әскер осы алдымыздағы жаз шығады. Егер жағдай көтерсе, қалайда старшина Сәлиді жіберіңдер, ол жаққа (Хиуаға) барардың алдында мен сіздердің қандай қалде екендіктеріңді білуім керек қой...» дейді. (Рязанов. «Вост. Исатай Тай­ма­нов», – бет).  Біздің сілтеме жасап отырған мәліме­ті­міз Қ.Жұмалиевтің 1939 жылы шық­қан «Махамбет өлең­дері» деген кіта­бы­нан алын­ды. Ғалым кітапта осы хатқа қа­тысты: «Бұл хаттан Махамбеттің Хиуаға бар­ғандағы мақсаты; бая­ғы беремін деген әскерін алу, Ал­лакөл, Қайыпқалимен одақ­таса оты­рып, әскер алып, жарақты күш пен пат­шаға қарсы шығуға әзірленгені анық көрінеді» деген ой айтады. Махамбет өлеңдерінің баспа жүзін кө­ріп кітап болып жарияланғанына жақын арада (1925-2025 жж.) жүз жыл, бір ғасыр тол­­мақ. Осы ретте ақын шығармашы­лы­ғы­ның басылымы, ел ішінен жиналуы туралы ма­хамбеттанудың білгірі, қадірлі Қажым аға­ның мына бір пікірін келтіруді жөн са­н­а­дық: «Махамбеттің негізгі өлеңдері бірін­ші рет 1925 жылы Ташкентте басылды де­дік. Екінші рет басылуы Алматы, 1939 жылы...  Махамбеттің негізгі өлеңдерін ең әуелі жатқа білген Қаратоқай Мұрт ақын да, одан Ығыл­ман Шөреков жаттап алып, 1925 жыл­ғы баспаға шыққан өлеңдер де, 1939 жылғы басылып шыққан өлеңдері де осы Ығылман ақыннан жазылып алынған. 1939 жылғы баспасына, бұрынғы бас­па­сында жоқ екі өлең кірді. «Махамбеттің Жәң­гірге айтқаны», «Бағаналы терек жа­рыл­са». Бұл Батыс Қазақстан Таловка ауда­ны­ның қазағы Мұрат Құсниұлынан жазып алынып, екінші басылуына енгізілді...  1938 жылы, біз Орда ауданында болып, бұ­рынғы хан орданың тұрған жері Жас­құстан бастап, Теректі, Баршақұм, Жаңа­қа­ла, қысқасы, Махамбеттің туған жері мен өмір сүрген жерлерін және көтерілістің бол­ған ізімен екі айдан аса ел аралап көп­теген материал жинадық... Махамбеттің бұ­рын бізге белгісіз өлеңдерін жазып алдық: «Әй, Махамбет, жолдасым», «Мінгені Иса­тайдың ақтабан-ай», «Исатай деген ағам бар», «Арқаның қызыл изені», «Мен құстан туған құмаймын», «Белгілі туған ер едім», «Арғы­мақ сені сақтадым», «Арғымақтың бала­сы», «Қарағай шаптым шандоздап», «Адыра қалған Нарынның», «Еңселігім екі елі», «Атадан туған ардақты ер» – небәрі төрт жүз жол өлең. Бұлардың бірқатары Орда ауданы Мешітқұм деген жердегі түйе совхо­зын­да тұратын Бекқазы деген шалдан, кей­біреулері Орданың өзінде тұрушы, кең­се қызметкері Насибулла Жанекешовтен, не­гізгі көпшілігі, Батыс Қазақстан Жаңақа­ла ауданы 20 ауыл, «Бірлік» колхозының мү­шесі Қайролла Төлеев деген адамнан жа­зылып алынды...   Махамбет өлеңдерін жатқа білушілер­дің ішінде зерттеушілердің көңілін ау­дарар­лық айрықша мәні бар айтушылар Бек­қазы мен Қайролла Төлеев. Бекқазы 85 жас­тағы, Қайролла Төлеев 70 жастағы адам­дар. Бұлардың екеуі де Махамбет өлең­дерін жазбасынан емес, бұрынғы ел аузын­да­ғы түрінде жаттап алғандар. Осы жағы­нан алғанда бұлардың бізге берген мате­риал­дарының мәні ерекше. Өйткені басы­лып жүрген өлеңдердің қолжазбалары бол­мағандықтан, осы өлеңдер Махамбеттің өзі­нікі ме, жоқ па, өзінікі болса дұрыстығы қан­дай деген кейбір күдіктер де болуы мүм­кін еді. Ал мына жасынан білетін айту­шылардың жадындағы Махамбет өлең­дері­мен басылып шыққандарын салыстырсақ, жоғарғы күдіктерге жол қалмайды...» Қ.Жұмалиев бұл жазбасында есімдері көрсетілген кісілерден бөлек тағы бірнеше адамнан Махамбет өлеңдерін жазып алып салыстырғанын айта келе қалғандарынікі үзік-үзік қайталаушы болды дейді. Аты­рау­ға қарағанда Орал қазақтарының арасында Ма­хамбет өлеңдерінің көп сақталғанын әрі көпшілік білетінін көрсетеді және мұны ақын­ның туып өскен жері болуымен түсін­діреді. Әрине, мұның бәрі халықтың Ма­хам­бетке деген құрметінің белгісі. Дей­тұр­ғанмен, бұл халықтың әбден зәре құтын қа­шырған қанқұйлы 1938 жыл екенін ұмыт­паған абзал. Айтушылар қауіп қайдан бо­ла­ды демей Махамбеттің жырын сол күйін­де айта алды ма?... Махамбет мұрасын жи­наушы Қажекең айналасының бәрі ұста­лып, атылып жатқанда жазып алған жыры­ның бәрін кітап етіп шығара алды ма, әлде кейінгі күнге аманаттап архив материалы қылып қалдырып кете барды ма?...  Өткен жылы Алматыдағы Қажым аға­ның үйіне барып, мол архив материалдарын алып келдім. Мақсат –  Қ.Жұмалиевтің көп томдығын шығару. Бұған дейін жеті том­ды­ғын шығарғанбыз. Әлі жарияланбаған мұрасы жетерлік. Қажекең көзі тірісінде көп томдығын шығарып үлгермеген кісі. Қа­зақтың рухани мұрасын бүтіндеймін деп жиырма бес жылға сотталған тар жол, тай­ғақ кешу тағдыры тағы бар. Бірақ елден жи­наған ауыз әдебиеті мұрасын басыма та­ғы бәле болар деп жойып жібермеген. Тәр­кіленген материалдарының бір бөлігін кейін қайырып ала білген. Бәлкім, біз ізде­ген жоқ, асыл мұралар сол сарғайған қағаз­дардың арасынан табылар.

«Менің айтқан сөздерім»

Махамбеттің айтқан сөздері ХХ ға­сырдың жиырмасыншы жыл­да­ры­ның ортасынан әрі жалпы халыққа таны­мал болып, көпшілік жылы қабыл­даға­ны­мен, ақын мұрасын танушы, зерттеуші тарап­тың кейбір өкілдері ақын өмірі мен шығармасының байыбына бара алмады. Олар Махамбетті өзіндік ерекшелігі жоқ сол дәуірде өмір сүрген көп ақынның бірі, ал поэзиясында зар басым деп бағалады. Мі­не, осы тұста жас ғалым Қажым Жұ­ма­лиев Махамбет өмірінің қазақ тарихындағы орның, Махамбет сөзінің қазақ әдебие­тін­дегі рухани күшін жан-жақты ашып бере ал­ғанын мына бір пікірінен көруімізге бо­лады: «Махамбеттің қысқа өмірі күреспен өтті. Талай трагедиялық ауыр хал­дерді өз басынан кешіреді... Әйтсе де, осылардың барлығына ақын ерлікпен төзе білді. Сарыуайымға салынып, өлім іздеген жоқ, өмір іздеді. Тіпті, элегиялық сарында жа­зылған лирикасының өзінде де ақын жан сезімін, өз басының күйініш-сүйінішін айта келіп, сөзінің аяғын әрдайым опти­мис­тік романтика рухында бітіреді. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы әде­биетіміздің тарихын алсақ, ерлікті дәріп­теп, батырлардың образын жасауда өзі­не шейінгі халық әдебиетінің табыс­та­рын қайталамай, Махамбет шын мәніндегі реа­листік образ жасады» деген пайым ма­хам­беттанудың көшін көлікті етіп, дұрыс ба­ғытқа бұрды. Халел Досмұхамедұлы бастап, Қажым Жұ­малиев арнасын кеңейткен махам­бет­тану бүгінгі тәуелсіз ел әдебиетімен бірге жа­сасып келеді. Бірақ осы тұста Махам­бет­тің жекелеген өлеңдерін текстологиялық жа­ғынан қайта қарау керек екенін айт­қы­мыз келеді. Махамбеттің туғанына 210 жыл толуына орай 2014 жылы шыққан «Айна­лайын, Ақ Жайық» кітабында «Айныман» өлеңінің екінші шумағы:  «Кеткенім жоқ олжа үшін,  Кетіп едім елімнен, Атаңа нәлет Жәңгірдің Бір ауыз айтқан сөзі үшін»  болып басылған, осы шумақтың соңғы жо­лы Махамбеттің елінен кету себебін Жәң­гірдің «Бір ауыз айтқан сөзі үшін» деп тү­сіндіреді.  Бұл қисынға келмейтін сияқты. Ма­хамбет бір ауыз сөзге елден безетін адам­ның сойынан емес. Текстологиялық жа­ғынан дұрысы Қ.Жұмалиев материа­лын­дағы «Қан жылатқан заңы үшін» жолы бол­са керек. «Айналайын, Ақ Жайық»  кітабындағы «Алты күндей алаулап» өлеңінің алтыншы, тоғызыншы жолдары бізді тағы да ойлан­ды­рып тастады. «Толғай-толғай жүгірген, /Топырағын суарған» жолдарын мағыналық жағынан алатын болсақ, толғай жүгірген, яғ­ни шапқан ат топырақты суармайды, ке­рісінше, жел тұрғызып топырақты суы­рады. Қажекеңде бұл жолдар «Топырақты суыр­ған» болып дұрыс беріліп тұр. Сондай-ақ аталған кітапта «Ылдидан салса төске оз­ған, /Көк мойынды көк жұлын» жол­дарын­дағы «Көк мойынды көк жұлын» қай­таламалары сөздің сапталуы жағынан дұ­рыс па? Қажекеңнің архивін ашып қара­сақ «көк мойынның» орнына «қой мойын» деп берілген. Қ.Жұмалиев жанымызға жа­қын екен деп «қой мойынды» дұрыс деп та­нысақ, ғылымда жасалған әділетсіздік бо­лар еді. Осы тұста ойымызға Абайдың «Ат­тың сыры» өлеңіндегі: «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ» жолдары орала кетті. Бұлтартпас дәлел, «Ай­на­лайын, Ақ Жайық» кітабындағы «Көк мойынды» тіркесін текстологиялық жа­ғы­нан түзету керек. Қазақ жылқы малының мой­нын «қой мойындыдан» басқаға теңеп, ба­лап сөйлеген емес. Біздің Махамбет өлең­дерін текстологиялық жағынан қайта қа­рау керек дегендегі дәлеліміз мұнымен сар­қылып қалмайды. Айтып отырғанымыз мысал үшін келтірілген бірлі-жарлысы ға­на. Сөз танитын кісіге «жамауы мен құрауы» көрініп-ақ тұр. Қажекеңнің сөзі Махамбет өлең­дерін текстологиялық жағынан тануда да темірқазық болып қала береді.     Қажым Жұмалиев шығармашылығын зерт­теудегі соңғы жылдар нәтижесі ғалым­ның жеке архивінде кеңестік идеология жа­риялауға мүмкіндік бермеген мол мате­риалдар сақталып келгенін көрсетіп отыр. Бұл материалдардың құндылығы қазақ әдебиетінің байлығын еселей түсері анық. Бірнеше папка – Махамбет шығармашылығы туралы жазбалары. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық уни­верситеті, Білім және менеджмент инс­титуты жанындағы Қажымтану ғылыми-зер­т­теу орталығының бір бағыты – махам­беттану ізденістері. Қазақ азан шақырып баласына Махам­бет деп ат қойып, белгілі тұлға болсын де­ген ниеті жалғасып келе жатыр. Егеменді ел болғалы дауылпаз ақынның есімі жо­ғары оқу орны, орта мектеп, облыс орта­лы­ғындағы бас алаң, көрікті көшелерге, елді мекендерге, кітапханаларға т.б. беріле бас­тады. Көркем шығарма, театрлық қойы­лымдар, кино, ғылыми конференциялар, оқу­лықтар, ақпараттық құралдар ақын өмірін тұрақты насихаттап келеді.  Қажым Жұмалиев көрсетіп өткендей, Махамбет – қазақтың өзімен бірге жасай бе­ре­тін мәңгілік тақырып. Бүгін де Махам­бет жұртына «Әрайна, билер, Әрайна» деп рух беріп тұрғандай!

Азамат Мамыров,  Батыс Қазақстан  инновациялық-технологиялық  университетінің профессоры,  Орал қаласы