Алматыда өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының конференциясы қазақ тілінің мәртебесін арттыру және оның қолдану аясын кеңейту бағытын талқылады.
Шараға мемлекеттік органдар мен мекемелердің тиісті мамандары, ғалымдар, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, ақын-жазушылар, тіл белсенділері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференцияның басты мақсаты – қазақ тілінің болашағы мен оның даму жолындағы жаңа бастамаларды айқындауға арналған.
Конференция барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы Алматы қалалық филиалының жаңа басшысын таныстырды. Бұл лауазымға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілепов тағайындалды. Болат Тілеповтың тағайындалуы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оны білім беру саласында тиімді қолдану жолында маңызды қадам жасайды деген сенім бар.
Сондай-ақ Қызылорда облыстық филиалының басшысы болып Абайбек Жүнісов сайланды.
Абайбек Жүнісов – Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің директоры, білім саласында ұзақ жылдардан бері аға оқытушы, бас әдіскер, проректор, ректор қызметтерін атқарған тіл жанашыры. «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінде «Жоғары білім беруді басқарудағы көшбасшылық» бағытында тағылымдамадан өткен.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өзінің тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету мақсатында Qazaq Tili Endowment Qory құрылған. Қордың жинаған сомасы 500 миллион теңгеге жуықтады.