Тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі қажет
Мемлекет басшысы әлемдік экономикада тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестердің қалыпты жағдайға айналғанын, бұл тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін екеніне тоқталды. Осындай сын-қатерлерге төтеп беру үшін нақты стратегия қажет екенін ерекше атап өтті. Осы тұста Үкімет ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін батыл шешімдер қабылдауға тиіс. Ол сондай-ақ күрделі кезеңдерде мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігі аса маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
– Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Одан соң Үкіметтің және басқа да құзырлы органдардың жақын арада атқаруға тиіс негізгі міндеттеріне тоқталды. Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» ел сенетінін, бірақ мәселелерінің дер кезінде шешілмейтінін айтты. Сондықтан Үкімет пен әкімдердің қызметі халыққа ашық әрі түсінікті болуы керек. Заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын ұстану қажет. Бірақ шектеулер мен айыппұлдар әділ болуы керек. Қоғаммен диалог орнату – маңызды. Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтапты. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Президент осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек екенін айтты. Тағы бір өсім байқалған бағыт – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген.
– Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ. Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек. Мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал. Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығында бәсеке қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн екенін жеткізді. Бұл жұмыстың бәрін Үкімет үйлестіруге, реттеуге тиіс. Мемлекет басшысы отаншылдықты желеу еткен жалған ұрандар орынсыз екенін, әлем бізді «орта держава» ретінде танитынын, алайда бұл жоғары мәртебе тек сыртқы саясаттағы нақты нәтижелермен ғана емес, экономика, инвестиция, ғылым және технология салаларындағы жетістіктермен де бекітілуге тиіс екенін жеткізді. Қазіргі бәсеке қызып тұрған уақытта Үкімет өнеркәсіп, көлік және логистика, ІТ сектор, агроөнеркәсіп кешені және басқа да салалардағы өзара тиімді байланыстар бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек екенін айтты. Тағы бір маңызды мәселе – туризмнің экономикаға үлесі бойынша артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Мемлекет басшысының пікірінше, экономикамыздың болашағы мен еліміздің әлем картасындағы орны, ең алдымен, инвестицияға байланысты. Президент тариф саясатын нарық талаптарына сай жүргізуді тапсырды. Әйтпесе, электр энергиясы, жылу және су жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкін емес. Энергия бағасының төмендігі экономика балансына кері әсер етіп, контрабандаға жол ашады. Сондай-ақ ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру маңызды. Үндеу жеткіліксіз, тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажет. Бұл, әсіресе, су тапшылығы күшейіп тұрған Орталық Азия үшін өзекті.
– Көрші Қытай елінде әлемдік деңгейдегі озық технологиялар бар, олар тәжірибесін бөлісуге дайын. Бірақ біздің жақ – құлықсыз, оның үстіне батыл шешімдер жоқ. Үкіметке осы шаруамен белсенді айналысып, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тағы бір өзекті мәселе – әлеуметтік көмек шын мұқтаж азаматтарға жетуге тиіс. Қазақстан – әлеуметтік мемлекет, бірақ бұл масылдықты ынталандыруға жол бермеуі керек. Президенттің пікірінше, еңбекке ынтаны төмендетпей, көмек нақты қажет адамдарға бағытталуы қажет. Тағы бір маңызды міндет – тұрғын үй қорын басқару жүйесін реформалау. Президент барлық құрылыс үдерісін цифрландыруды және жыл соңына дейін бірыңғай ақпарат жүйесін әзірлеуді тапсырды. Өткен жылы елде 19 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл – рекорд көрсеткіш. Алайда Президенттің пікірінше, назарды санға емес, сапа мен қолжетімділікке аудару керек. Президенттің сөзінше, транзит – Қазақстанның халықаралық жүк тасымалындағы басты артықшылықтарының бірі, оны толық әрі тиімді пайдалану қажет. Осыған байланысты ел аумағындағы темір жол дәлізін дамыту жұмыстары жеделдетілуге тиіс. Бұл Транскаспий бағдарының негізгі бөлігіне айналады. Президент «Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды, сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың жүктемесі жоғары учаскелерін жаңғыртуды тапсырды. Сонымен, Үкімет назарға алуы керек басты басымдықтар мыналар: инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру, жасанды интеллект, ядролық энергетика, агроөнеркәсіп және инвестиция тарту. Алдағы бес жылда бұл міндеттерді орындау үшін отаншыл әрі білікті кадрлар қажет.
– Мен бүгін Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап бердім. Экономикамыз дамып жатыр. Бірақ оның қарқыны ойдағыдай емес. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Оны алдағы бес жылда орындауымыз керек. Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз, – деп сөзін қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ерлан Жақыпов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы:
Көлік-логистика саласы – бәсекеге қабілетті ететін басты фактор
Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірқатар негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелер қаралып, Мемлекет басшысы одан әрі дамыту үшін айтарлықтай әлеуеті бар көлік-логистика саласына баса назар аударды. Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық аренадағы бәсекелестік артықшылықтарын қамтамасыз ететін негізгі фактордың бірі ретінде Транскаспий дәлізін (ТКК немесе Орта дәліз) дамытудың және транзиттік әлеуетінің стратегиялық маңызды екенін атап өтті. Үкімет мәліметтері бойынша, 2024 жылы жүк тасымалының көлемі тұрақты өсім көрсетіп, 10 пайызға өсті, шамамен 1 млрд тоннаға жетті. Әсіресе, тасымалдау көлемі 2,7 есеге өскен Транскаспий бағыты бойынша контейнерлік тасымалдау секторында айтарлықтай өсім байқалады. Бұл жаһандық логистикалық тізбектердің негізіне айналып отырған негізгі көлік артерияларының серпінді дамып келе жатқанын көрсетеді. Атап айтқанда, биыл «ҚазМұнайГаз» Қашаған кен орнынан Ақтау порты арқылы Баку портына мұнайдың бірінші транзитін сәтті жүзеге асырды, бұл энергетикалық бағыттарды әртараптандырудағы маңызды қадам болды. Бұл жоба Транскаспий бағытының әлеуетін нығайтуға және жаһандық логистикалық желінің негізгі элементі ретінде аймақтың маңызын арттыруға көмектеседі. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, 2030 жылға қарай Орта дәліз бойынша Каспий теңізі арқылы тасымалдау көлемі үш есе артып, 11 миллион тоннаны құрайды, оның 4 миллион тоннаға жуығы контейнерлерде тасымалданады. Транзиттік жүктердің негізгі бөлігі Еуропа мен Қазақстан арасындағы, сондай-ақ Еуропа мен Қытай арасындағы сауданың бір бөлігі ретінде осы бағыт арқылы өтеді. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін көлік инфрақұрылымын жетілдіруді жалғастыру қажет. Logistics Performance Index (LPI) рейтингінің «көлік инфрақұрылымы» қосалқы индексінде Қазақстан 2018 жылғы бағалаумен салыстырғанда позициясының жақсартқан, 138 елдің арасында 80-орынға ие болды (2018 жылы 81 орын). Дегенмен позицияларды одан әрі нығайту және жүк тасымалы көлемінің өсуін ынталандыру үшін айтарлықтай салым қажет. Еуропалық қайта құру және даму банкінің болжамдарына сәйкес, Орталық Азияның көлік инфрақұрылымын айтарлықтай жақсарту үшін қажет инвестицияның жалпы көлемі Қазақстан үшін – 5,5 миллиард еуроны, ал жалпы аймақ үшін – 18,5 миллиард еуро. Осылайша, көлік-логистика инфрақұрылымын одан әрі дамыту еліміздің жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың және оның жаһандық экономикалық процестерге араласуының басты факторы болмақ.
Елнар Берікбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы:
Әлеуметке бағдарланған мемлекет екенімізді тағы да атап өтті
– Азаматтарды әлеуметтік қолдауға бағытталған мемлекет бастамалары мен әлеуметтік төлемдердің ұлғаюы өзін-өзі қамтамасыз ете алатын кейбір адамдардың осы қаражатты алуға ұмтылуына әкеліп жатады. Бұл ретте, Президент көмек шын мұқтаж жандарға ғана көрсетілуі керек екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанға ақша табу үшін келетін еңбек мигранттарын мысалға келтіріп, масыл болмауға шақырды. Сондай-ақ жастарды еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау мақсатында Үкімет «Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу бойынша республикалық жоспар бекітті. Еліміздің барлық өңірінде Жұмысшы мамандықтары жылына арналған жоспарлар әзірленіп, оның ішінде жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, кадрларды даярлау сапасын арттыру, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды кеңейту шаралары қарастырылған. Бұл жұмысқа бизнесті кеңінен тартуды қамтамасыз ету үшін барлық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылып, теңестіріледі. Өз кезегінде әкімдер кәсіпкерлермен бірлесе отырып, өңірлер үшін басым мамандықтарды анықтап, сұранысқа ие кадрларды даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар бере алады.