«Таза бейсенбі» акциясын қолдаушылар саны артып келеді
Ақтөбе облысы Хромтау ауданында аудандық мәслихат депутаттары, партия филиалының қызметкерлері және «Жастар Рухы» ЖҚ еріктілері жалғызбасты қариялардың ауласын қардан тазалап, Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіштің аумағын ретке келтірді.
«Осы жолы зейнеткер Жұмасұлу Үркімбаеваның ауласын қардан тазарттық. Партияның қолға алған акциясы аясында аудандағы 70-тен астам «Жастар рухы» ЖҚ еріктілері жалғызбасты қарияларды қамқорлыққа алып, тарихи ескерткіштерге тазалық жұмыстарын ұйымдастырып отырады», – деді Хромтау аудандық мәслихат депутаты Фархад Сағынбаев.
Ал Абай облысы Көкпекті ауданында партияның белсенділері мен депутаттар Жеңіс саябағын қардан тазалап, бірнеше техниканың көмегімен 50 тонна қар шығарды.
Ақмола облысы Қосшы қаласында да тазалық жұмыстары жүргізілді. «AMANAT» партиясы филиалының ұйымдастыруымен Рақымжан Қошқарбаев атындағы саябақ қардан тазартылды. Акция барысында 192 текше метр қар шығарылып, игі іске партия белсенділері, депутаттар, мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен жастар қатысты.
«Қыстың қары көп болғанымен, осындай сенбіліктердің арқасында қаламыз таза әрі қауіпсіз болып отыр. Қоғамдық іске атсалысқан барша жандарға алғысымыз шексіз», – деді Қосшы қаласының тұрғыны Дариға Берденова.
Игіс істен Ұлытау облысы да тыс қалған жоқ. Сәтбаев қаласында «Диагностика» бастауыш партия ұйымының мүшелері мектеп ұжымымен бірігіп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Эко-акцияға барлығы 25 адам қатысты.
Қызылорда облысы Жалағаш ауданында партия белсенділері Ұлы Отан соғысы ардагері Аяған Боханов атындағы көшеде тазалық жұмыстарын жүргізіп, аумақты қоқыстан арылтты.
«Бүгінге дейін жоспарға енгізілген аудандағы түрлі орындарға тазалық жұмыстары жасалып, 6 тоннаға жуық күл – қоқыс шығарылды. Туған өлкемізді абаттандырып, таза ұстау баршамызға ортақ парыз. Біз осы экологиялық акцияны ұйымдастыру арқылы тұрғындарға, соның ішінде еліміздің келешегі жастарға үлгі көрсетіп келеміз», – деді Жалағаш аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева.
Сонымен қатар Павлодарда №11 орта мектепте оқушылар мен мұғалімдер құстарға арналған қорек салғыштарын орнатып, табиғатты қорғау шараларына өз үлестерін қосты.
«Қазақстанда экологиялық мәдениет мәселесі өткір тұр. Мұндай акциялар – ойлау жүйесін өзгертудің алғашқы қадамы. Дамыған елдерде табиғатты қорғауды балабақшадан бастап үйретеді – бізге де осы тәжірибені енгізу қажет», - деді эколог Зарина Серғазинова.
Бұдан бөлек, Маңғыстау облысы Шетпе ауылында ардагерлер үйі мен «Досан батыр» ескерткішінің аумағы тазаланып, 500 келі қоқыс шығарылды.
Ал Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында 17 жалғызбасты қарияға көмек көрсетілді. Белсенділер олардың ауласын қардан тазалап, игі іске өз үлестерін қосты.
Еліміздің басқа өңірлерінде де белсенділер саябақтар мен өзен-көлдердің айналасында тазалық жұмыстарын жүргізді.
«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы – табиғатты қорғауға бағытталған маңызды бастама. Әр бейсенбі еліміздің жасыл болашағын құруға үлес қосып, экологиялық мәдениетті дамытуға шақырады. Айта кетейік эко-акция басталғалы 50 мың тонна қоқыс шығарылып, игі бастамаға 90 мың адам қатысты.