Ашық қоғам жел сөзден сескенбейді
Ашық қоғам жел сөзден сескенбейді
Өткен сәрсенбіде Альбион аралы қалыпты тыныштығынан айырылды. Британ демократиясының символы – Парламент үйіне жасалған шабуыл оңаша құрлықтағы мамыражай тірліктің көбесін сөге жаздады. Бір тентектің лаңы тұтас Лондонды аяғынан тік тұрғызғаны рас. Бақсақ, террорлық әрекет деп айдар тағылған қылмысты жасаған адам – осы мемлекеттің өз азаматы, қазақша айтқанда, осы елдің тумасы болып шықты. Лондон үш-төрт сағаттық аласапыраннан соң аптығы басылып, келесі таңда Уестминстер сарайындағы депутаттар да, Уестминстер көпірінде қаптап жүретін туристер де күнделікті күйбеңге кіріскен. Бірақ террорлық әрекеттің салдарынан туған біраз сұрақ жауапсыз қалып отыр.
Әуелі басын ашып айтатын жайт – 22 наурызда сағат 14:40 шамасында басталған қырғын бар-жоғы тоқсан минутта тәмам болды. Яғни, бір жарым минутқа жетпейтін қас-қағым сәтте жалқы қылмыскер жалға алға көлігін Уестминстер көпірімен арындатып айдап, сонда сейіл құрып жүрген біраз жаяу жүргіншіні басып өткен. Артынша Уестминстер сарайының ауласына баса-көктей кіріп, көліктен секіріп түскен бұзақы сол жердегі полицейге пышақ ала жүгірген. Сақшыға пышақ сұққан бетте өзі де оққа ілінген. Екі пышақ, бір көлік – жазықсыз төрт кісінің ажалына себеп болды, елу шақты адамды жарақаттады. Оқиғаның бас-аяғы осы.
Жер-жердегі ақпарат құралдары жарыса хабарлап, егжей-тегжейін баяндаған оқиғаның желісін қайталау мақсатымыз емес. Біздің ойымыз – осы оқиғаның алды-артын қамту, яғни оның қоғамдық өмір айнасындағы орнын талдау. Осы орайда, көңілге түйген тұжырымдарды кезек-кезегімен баяндасақ.
Біріншіден, Ұлыбритания – Еуропа емес. Альбион аралы – оқшаулық сана-сезімнің мекені, яғни мемлекеттің, қоғамның, жеке тұлғалардың қауіпсіздігі мұнда ең басты мәселе. Сондықтан оқиға болған орынға алдымен жеткен журналистердің бірінші сұрағы: «Полиция неше минутта келді?» болатын. Қандай қырғын болмасын, қауіпсіздік органдарының жағдайды реттеуді өз мойнына алатынына сенімділік бар. Суыт хабар құлағына тиген саясаткерлер әлеуметтік желілер арқылы мәлімдемелер жасағанда, ең әуелі полиция мен қауіпсіздік органдарына рахмет айтты. Тілшілер қауымы оқиға болған жерге қанша полиция тікұшағы мен көлігі және қанша сақшы келгенін санап, олардың іс-әрекетін сәт сайын баяндап отырды. Мұның бәрі әлі ешкім ештеңенің байыбына бармаған, не болып жатқанын түсінбеген алғашқы сағаттың ішіндегі жағдай. Террорлық әрекетті кім жасағаны, қанша адамның зардап шеккені, кісі шығыны бар ма, жоқ па – бәрі кейін анықталды.
«The Financial Times» газеті бұл оқиғаны «соңғы онжылдықта болған ең сұмдық террорлық әрекет» деп атады. Өлім-жітімнің қасіретін салыстыруға болмас, бірақ дәл осы оқиға Францияның Ницца қаласында былтыр болған лаңкестік әрекетті еске салды. Ол қырғында сексен төрт адам көз жұмған еді. Соңғы бір-екі жылда одан басқа да бірқатар ірі терактілер болды: Париж, Брюссель, Берлин... Кәрі құрлықты қайта-қайта тітіретіп отырған осындай қанды оқиғалар тізбегіне қарағанда, Ұлыбритания тыныш сияқты көрінетін. Мұның себебі, қауіпсіздік органдарының қалтқысыз қызметінде жатыр деуге болар. Осыдан аз күн бұрын ғана Британ үкіметі ресми ақпарат таратты: соңғы төрт жылда бұл елде 13 террорлық оқиғаның алдын алған көрінеді. Он үш! Британдық қауіпсіздік қызметінің қауырт жұмысын осыдан-ақ аңғаруға болады. Бұған қоса, терроризммен күрес органдарының бір мезгілде 500 тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқаны хабарланды.
Әйтсе де, 2005 жылы 52 адамның ажалына себеп болған Лондондағы жарылысты ешкім ұмыта қойған жоқ. Оның үстіне, Брюссельдегі жарылыстардың болғанына қазір тұп-тура жыл толды, ал көшедегі адамдарды көлікпен басу әрекеті былтырғы Ницца қырғынының елесін тірілтті. Өткен аптадағы оқиғадан соң Британ үкіметі іле-шала қауіпсіздік органдарының басын қосып, шұғыл шаралар қарастырды. Бұған дейінгі иммиграциялық шектеулер, сақтық шаралары енді одан әрі күшейетін түрі бар.
Екіншіден, ашық қоғамда басы артық үрей болмайтыны көрінді. Себебі бір ғана BBC телеарнасы оқиға болған сәттен, яғни алғашқы минуттардан бастап, тура екі сағаттан аса сол жерден тікелей эфир арқылы үзіліссіз хабар таратты. Минут сайын Уестминстер көпірі мен Парламент ғимараты маңындағы журналистер көз алдында болып жатқан өзгерістер туралы хабарлаумен болды. Сол сағатта теледидар қосқан адам оқиға орнында отырғандай толық ақпарат алды деуге болар. Бәлкім, сол сәтте Уестминстер көпірінде сеңдей соғылысқан туристердің өзі не болып жатқанын дәл солай білмеген болар. Журналистерден басқа, Уестминстер үйіне қамалған Парламент депутаттары екі сағаттың ішінде әлеуметтік желілер арқылы өздері куә болған, барлық көрген-білген жағдайды бүкпесіз баяндап, қалта телефондары арқылы суреттер түсіріп, жарыса жариялады. Қоғам бір адамдай тыныстап, бір-бірімен ой бөлісіп, түгел құлағдар болып, бірге әрекет етті. Лаңкестік әрекеттен соң тура екі сағаттан соң Скотланд ярд қызметкері қысқаша баспасөз мәслихатын өткізіп, мән-жайды түсіндірген еді. Болған оқиғаға «террорлық әрекет» деп баға берген британ полициясы барша куәгерлерді қолда бар деректермен бөлісуге шақырды. Істің анық-қанығына көз жеткізу үшін тұрғындардан көмек сұрауға арланған жоқ. Мұның бәрі шындықты жасырып-жабулап үйренбеген қоғам қандай дүрбелеңді болсын барынша сабырмен бастан өткеретінін көрсетті. Ал халық ресми билікке сенбесе, жұрт ақпарат құралдары таратқан хабар-ошарға иланбаса, қоғамда ашық пікір еркіндігі болмаса, мұндай оқиғалар толып жатқан сыпсың сөз, жел сөз, суық сөз тудырып, елдің тынышын кетіріп, тіпті жаппай үрей орнатуы әбден мүмкін. Британдық қоғам мұндай қауіптен әзірге аман.
Үшіншіден, лаңкестік әрекет деп айдар тағылған әрекеттің түп себебі, мақсаты не болғаны күңгірт күйде қалып отыр. Жергілікті полиция өкілдері айтпақшы, «шындық әлгі террористің өзімен бірге өліп кетті». Яғни, олай-бұлай болды деп долбар айтуға болар, бірақ дәйексіз сөйлемейтін ағылшындар үшін жорамал жасау – қадірсіз іс. Қандай тұжырым болмасын, бұлтартпас дәлел керек. Ал қолда бар деректер не дейді? Қылмыскер – 53 жастағы Халид Масуд, бұрынғы аты Адриан Элмс, осы елде туып-өскен. Екі рет үйленген. Бірінші әйелінен екі қызы бар. Масудпен таныс-біліс болған адамдар ол туралы жарытып ештең айта алмады, себебі біреуден ілгері, біреуден кейін тіршілігі бар, жұртқа елеусіздеу адам болған, бұған дейін бұзақылық жасап екі рет түрмеге түсіп шыққаны болмаса, ешкім одан дәл мынандай сойқандық шығады деп әсте күтпеген. Айпақшы, түрме демекші, оның Ислам дініне өтуі, одан соң экстремистік идеялармен улануы абақтыда отырған кезде басталған деген дерек бар. Оған дейін тек арақ-шарап ішіп, ара-тұра төбелеске ұрынып жүрген.
Париж бен Брюссельдегі лаңкестік әрекеттерді жасаушылар ішінде бұрын түрлі қылмыстарға ұрынған, кейін эстремистік ағымдардың жетегінде кеткен жас жігіттер бар. Бірақ Халид Масудтың олардан бір айырмашылығы – жасының үлкендігінде. Елу үштен асқан жігіт ағасының аз уақытта санасы шайқалып, радикалды бағытқа түсуі ойландырады. Назар аударатын жайт, оның материалдық жағдайы көңіл көншітерлік болған. Бұған дейін Нортриам мен Лутондағы, кейінгі мекені Бирмингем қалаларында тұрған үйі орта дәулетті адамның шамасын байқатады. Бұл жердегі кілтипан – Лутон мен Бирмингем қалалары қазір Ұлыбританиядағы «джихадтық идеялардың» ошағы екені ашық айтылып жүр. Бірақ Халид Масудтың мұндай ағымдарға қалай және қашан қосылғаны белгісіз. Әзір толық анықталмаған дерек – «The Sun» газетінің жазуынша, ол біршама уақыт Сауд Арабиясында тұрып, сол жақта жұмыс істеген деседі. Уестминстер оқиғасынан үш апта бұрын өзі жолдаған резюмесінде сондай дерек бар көрінеді.
Жеке-дара Парламент үйіне шабуыл жасаған жігіт туралы «жалғыз қасқыр» деген лақап тарады. Шындығында, оның қандай да бір лаңкестік ұйыммен байланысы бар екені, әлдеқандай нақты тапсырма алғаны әлі анықталған жоқ. Бірақ ДАИШ ұйымы бұл оқиғаны құптап, сырттай өз есебіне жатқызғаны мәлім болды.
Төртіншіден, соңғы жылдары Батыс елдерінде белең алған террорлық әрекеттердің сипаты өзгерді: қанды қырғын жалғыз адамның күшімен, оқ-дәрі, қарусыз-ақ, адамның ойына келмейтін кез келген сипатта жүзеге асатын болды. Ережесіз майдан, қатыгез тәсіл. Зайырлы қоғамды жабайы қырғындармен үрейін ұшырып, қанға бөктіру. Былтыр маусым айында Орландода 49 адамның өмірін қиған лаңкес те жалғыз болатын. ДАИШ-пен тікелей байланысы болмаса да, аталмыш ұйым оны кейін «Ислам мемлекетінің солдаты» деп атағаны мәлім. Бұл ұйым Халид Масудқа қатысты да осындай мәлімдеме жасаған. Осы орайда, Британдық Ми 5 ұйымы Халид Масудтың экстремистік топтармен қатынасы барын білетін болып шықты. Шындығында, Ми 5 ұйымының қолында Ұлыбританиядағы 3000-ға тарта экстремистің тізімі бар екен, Масудың есімі сол тізімнің ішінде бар. Бірақ дәл осы оқиғаға дейін ол аймақтық деңгейдегі елеусіз жүрген экстремист саналған екен. Уестминстердегі қанды оқиғадан соң Ми 5 өз тізіміндегі үш мың экстремисті жіті тексеріске, қатаң бақылауға алатыны анық. Бірақ Халид Масуд сияқты өзінің туған еліне, өмір сүріп жатқан мемлекетіне, өз отандастарына қастандық жасауға бекінген жалқы содырлардың әрекетін алдын ала болжап білу қиын. Оларды тікелей басқарып тұрған ұйым жоқ, тек бейбіт елде өмір сүріп, қанды соғыс тудыруды тілеген ішкі қажеттіліктің үні басым. Мұндай оқиғалардан соң қоғамның берекесі қашып, көрші көршісінен күдіктеніп, зайырлы орта нәсілі не діні бөлектерді сыртқа тебетін құлық орнауы ықтимал. Жалқылардың қолымен жасалатын қанды оқиғалардың ең сорақы салдары сол болмақ.