Жаңалықтар

Атырауда екі шенеунік төбелес шығарып, біреуі комаға түсті

istockphoto.com

Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі ақпаратты растап, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Атырау облысында мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары мен көлік прокуратурасы қызметкері арасында төбелес болған. Салдарынан біреуі жансақтау бөлісіне түскен.

Желіде 28 қаңтарда Атыраудағы Beer house villa ойын-сауық орнында прокуратура қызметкері Асқар Жанысбаев пен мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айдын Сауданбеков, оның орынбасары Әліби Бағытжанов арасында төбелес болғаны туралы ақпарат тарады.

Төбелес салдарынан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бағытжанов жарақат алып, комаға түскен.

Қылмыстық кодекстің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша іс қозғалды.

Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі ақпаратты растап, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Атырау облысының полиция департаменті мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерінің дене жарақатын алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Барлық мән-жайды анықтау мақсатында бас көлік прокуратурасы қызметтік тексеру жүргізіп жатыр», – деді бас көлік прокуратурасының ресми өкілі Альмира Бекжан.