Жаңалықтар

Алматыда әділдік іздеген экс-полицей мұнараға шығып, наразылық білдірді

Подполковник шеніне жеткенде жұмыстан заңсыз қуылғанын айтады

Подполковник шеніне жеткенде жұмыстан заңсыз қуылғанын айтады

Алматыда әділдік іздеген экс-полицей биік мұнараға шығып, наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сегіз жылдан бері қандай бұйрықты бұзғаны үшін жұмыстан қуылғанын біле алмай жүрген подполковник осыдан басқа амалы қалмағанын айтады. Жанайқайын басшылығына жеткізу үшін Дәрмен Шыныбеков жоғары кернеулі тоқтың бағанасында бір сағаттай отырып, өз еркімен төменге түсті. Оның талабы – жұмыстан негізсіз қуылғанын дәлелдеп, қызметіне қайта оралу. Сот шешімінде полицей қызмет тәртібін өрескел бұзғаны үшін жұмыстан босатылғаны көрсетіліпті.

Наразылығын білдірген Дәрмен Шыныбековтың айтуынша, ол қатардағы қызметкер емес, білдей бөлім бастығының орынбасары болған. Подполковник шеніне жеткенде жұмыстан заңсыз қуылғанын айтады.

“Жол жүру ережесін бұзғаны үшін айыппұлдар бар ғой, соның түбіртектерін алғанмын. Оның ақшасы бюджетке түспей қалды. Оған менің не кінәм бар сонда?! Үш сот өтті. Үш соттың шешімінде менің кінәм туралы бір дәлел жоқ. Менде жазбаша теріске шығару құжаты бар. Дәлелдей аламын, заңсыз жұмыстан шығарғанын. Сегіз жыл болды, жете алмай жүрмін, не министрге, не Жоғарғы сотқа”, – дейді Дәрмен Шыныбеков.

Ол жол ережесін бұзғандардан айыппұл түбіртегін алған тұста бюджетке 618 мың теңге түспей қалған. Подполковниктің қызметінен қуылуына осы жағдай түрткі болыпты. Алайда ол жалған түбіртектер туралы білмегенін айтады. Сондықтан сол сәтте жүргізілген қызмет тексерісін қарауды сұрайды әрі нақты қандай бұйрық негізінде жұмыстан қуылғанын білгісі келеді. Сол құжатқа қол жеткізу үшін сотқа дейін шағымданған. Бірақ оның өтініші кері қайтарылыпты. 

“Алматы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Шыныбековтің полиция департаменті мемлекеттік мекемесіне қатысты талап-арызын қарады. Ол жауапкерден өзін ішкі істер органдарынан босатуға негіз болған бұйрықты беруге міндеттеуді сұрады. Шыныбековтің қызметінен босатылуының мән-жайы мен себебі №2 Алмалы аудандық сотының 2017 жылғы 25 қыркүйектегі бұрын заңды күшіне енген шешімімен белгіленгені анықталды. Осындай мән-жайлар бойынша талап-арыз кері қайтарылды”, – делінген Алматы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының хабарламасында. 

Сот шешіміне сәйкес, Дәрмен Шыныбеков қызмет тәртібін өрескел бұзғаны үшін жұмыстан қуылған. Бірақ ешқандай бұйрықты бұзбағанын алға тартқан подполковник жұмыстан әділетсіз шығарылғанын дәлелдеп, қызметіне қайта оралуды қалайды.