Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы анықталды
Жекпе-жек сәуір немесе мамыр айында Қазақстанда өтеді деп жоспарланып отыр
WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) өз титулдарын қорғау үшін жеңіліп көрмеген британиялық Шакиэл Томпсонға (13-0, 9 КО) қарсы жекпе-жекке дайындалып жатыр.
Америкалық журналист Дэн Рафаэльдің ақпаратына сәйкес, жекпе-жек сәуір немесе мамыр айында Қазақстанда өтеді деп жоспарланып отыр. Әлімханұлы Қазақстанда соңғы рет 2017 жылы өнер көрсеткен еді. Ол Жәнібектің кәсіпқой карьерасындағы екінші жекпе-жегі болатын. Ал Томпсон алдымен 7 ақпанда Англияның Шеффилд қаласында дайындық жекпе-жегін өткізеді.
Айта кетейік, Шакиэл Томпсон орта салмақта IBF European және WBO Global титулдарының иегері болып саналады.