Жаңалықтар

Қосымша құн салығы көтеріле ме? – Жұманғарин жауабы

Aqorda

20 пайыз деген – әлемде ең көп таралған мөлшерлеме.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттің ҚҚС мөлшерлемесін көтеру жоспарына түсініктеме берді.

Бұл туралы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап turkystan.kz хабарлайды.

- Қазір БАҚ-та қосылған құн салығының мөлшерлемесін бірден 20 пайызға көтереді екен деген ақпарат тарап жатыр. 20 пайыз деген – әлемде ең көп таралған мөлшерлеме. Біз Үкімет ретінде әзірге нақты мөлшерлемені әлі нақты айқындаған жоқпыз. Шынымды айтып отырмын. Неге? Өйткені біз бизнесмендермен, қауымдастықтармен түрлі консультациялар жүргізіп жатқанымызға бір ай болып қалды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңдарында кездесулер өткізіп жүрміз. Бізде бірқатар консультанттар, жетекші экономистер, салық мамандары бар. Олар да түрлі есептер, стресс-сынақтар жүргізіп жатыр, - деді вице-премьер.

Дегенмен, Үкімет бұл бағытта бірнеше сценарий дайындап отырған көрінеді.

- Біз Ұлттық банктің макроэкономикалық моделінің негізінде бірнеше есептеулер жасадық. Бірақ үкімет түпкілікті шешім шығарды деп айтуға ерте. Біз ҚҚС-ті көтеру керек деп отырмыз. Реформа керек. Жалпы Мемлекет басшысы бүгін бұл тұрғыда бізді қолдады. Біз бұрынғы шарттармен өмір сүре алмаймыз. Өйткені қазір заңнаманың «арқасында» кәсіпкерлердің көбіне салық мөлшерін қысқартуға мүмкіндік беретін ресми саңылаулар пайда болған. Мемлекет әлеуметтік міндеттеме, елдің қорғаныс қабілетін арттыру сияқты өз функцияларын атқаруы керек. Егер салық жинамаса, Үкімет ол функцияларды қалай орындайды? Бұл даусыз мәселе деп ойлаймын, - деді Серік Жұманғарин. 

Оның пайымдауынша, ҚҚС-тың мәні бұрмаланып отыр және бұл бұрынғы жылдары жүргізілген салық реформаларының салдары.