Қазақстанда мыс балқыту зауыты іске қосылады
Бұл туралы Мемлекет басшысының қатысумен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Олжас Бектенов мәлімдеді. Оның сөзінше, кәсіорынның қуаттылығы экспортқа шығарылатын мыс концентратын толықтай өңдеуге мүмкіндік береді.
«Qarmet» акционерлік қоғамы кезең-кезеңмен жоғары деңгейде өңделген сапалы металдар шығару, оның ішінде автомобиль жасауға қажетті болат өндіру көлемін ұлғайту үшін кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Өткен жылдың өзінде компания автокөлік, және вагон құрастыруда, сондай-ақ тұрмыстық техника өндірісінде қолданылатын 25 мың тонна қоспалы болат өндірді.
Сонымен қатар, биыл Қазақстанда ел экономикасы үшін маңызды ірі инвестициялық бірқатар жоба жүзеге асырыла бастайды.
ҚР Президентінің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Премьер-министр айтқан ақпаратқа сәйкес, құны $7,4 млрд болатын полиэтилен зауыты салынады деп күтілуде. Қазақстанның Даму банкінің қолдауымен Павлодар облысында алкилат шығаратын кәсіпорын салынады.
Сондай-ақ «Qarmet» АҚ жылына 200 мың тас көмір шайырын қайта өңдеу жобасын іске асыруға кірісті. Жалпы құны $262 млн болатын жоба аясында көмір химиясы өнімдерінің 15 түрін шығаруды көздеп отыр. Сонымен қатар қытайлық China Energy компаниясы еліміздің экономикасына инвестиция құюға қызығушылық танытып, көмірді терең өңдейтін зауыт құрылысына $4 млрд салуды жоспарлап отыр.