Айыппұл ауа бола ма?
Айыппұл ауа бола ма?
Алпауыт компанияларға қоршаған ортаны таза ұстағаннан айыппұл төлеген оңай. Жыл сайын мұнайлы аймақтағы ауа қабатына зиянды газдардың миллиондаған бөлігі кетеді. Бір ғана «Теңізшевройл» компаниясы соңғы үш жылда 36 рет улы қалдық таратқан. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газетінің сайтында жарияланды.
Атырау облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Қанат Қалмұқанның айтуынша, аталған мұнай компаниясы Теңіз кен орнында экологиялық рұқсатсыз 33 млн кубометрден астам газ жаққан. Сол үшін 4 млрд 845 млн теңге айыппұл салынды. Ал кен орны орналасқан Жылыой ауданының тұрғындары экологиялық ахуалдың жыл санап нашарлап бара жатқанына алаңдаулы. «Теңізшевройл» компаниясының Үкіметпен және бұқарамен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев электр энергиясы өшкен немесе басқа да өндірістік ақаулар болған кезде улы газдардың ауаға таралмауы үшін зауыттағы қондырғыны өзгертеміз дейді.
Сондай-ақ, екінші буын зауытында көмірсутегілердің дренаж жүйесі алмастырылады. Табиғат қорғау шараларына қыруар қаржы қаралғанымен, нәтиже әлі аз. Ауа ластаудан өңірдегі басқа да ірі кәсіпорындар қалысар емес. Өткен жылдың өзінде атыраулық экологтар 30 апатты жағдайды анықтаған. Ілеспе газды алау арқылы жағу фактілері «Ембімұнайгаз» компаниясы мен «Болашақ» зауытында да тіркелді. Ауаны бүлдіріп, сол үшін айыппұл төлеп қарап отыру әдетке айналып барады.