Неліктен 100-ден астам спортшы Париж Олимпиадасының медальдарын кері қайтарды?
Францияның La Lettre басылымы хабарлағандай, медальдардың бүлінуіне лак себеп болған. Бұрынғы лак құрамында канцерогенді зат – хром триоксиді болғандықтан, оны қауіпсіз баламаға ауыстырған. Алайда, бұл жаңа лак медальдардың ұзақ мерзімді сақталуына кері әсер етті. Әсіресе, қола медальдар қатты бүлінген.
ХОК мәлімдемесінде: «Бүлінген медальдар Париж монет сарайында қайтадан жасалып, спортшылардың сұрауы бойынша ауыстырылады. Бұл процесс 2025 жылдың бірінші тоқсанында басталады», – делінген.Париж монета сарайы да жағдайды бақылауда ұстап отырғанын және алғашқы ауыстыру өтініштерін тамыз айында қабылдағанын растады.
Франциялық жүзушілер Йоан Ндо-Бруар мен Клеман Секки, сондай-ақ британдық суға секіруші Ясмин Харпер медальдардың сапасына Парижден кеткенге дейін-ақ шағымданған. Австралиялық велошабандоз Наталья Димнің қола медалі небәрі бір аптада бүлінгені белгілі болды.
Олимпиада медалі – спортшының ең үлкен жетістігінің символы. ХОК бұл жағдайдың болашақ Олимпиадаларға деген сенім мен демеушілердің қызығушылығына кері әсер етпеуін қадағалайтынын мәлімдеді.