Жаңалықтар

Мас күйінде жасөспірімді қағып кеткен азамат сотталды

istockphoto.com

Ол жәбірленуші тарапқа 14 млн теңге көлемінде материалдық және моральдық шығын төлейтін болды.

Алматы қаласының тұрғыны жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған. Соған қарамастан 2020 жылы мас күйінде қайтадан көлікке отырып, жаяу жүргіншілер өткелінде кәмелетке толмаған жасөспірімді қағып кеткен. Баланы қағып кеткенін айнадан көрсе де, полиция қызметкерлері келгенге дейін оқиға орнынан кетіп қалған. Достарымен сыра ішіп, үйіне қайтқан.

15 жастағы жасөспірім ауыр жарақаттар алған: мойны-бел аймағының жабық жарақаты, іш жарақаты, бауыры езіліп кеткен. Алған жарақаттарынан көз жұмған.

Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі соты мас күйінде көлік жүргізген, абайсызда адам өліміне әкеп соққан (ҚР ҚК-нің 346-бабының 5-бөлігі), жол-көлік оқиғасы орнын тастап кеткен (ҚР ҚК 347-бабы) айыпталушыға қатысты істі қарады.

Сот айыпталушыны өмір бойына көлік жүргізу құқығынан және 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ жәбірленуші тарапқа 14 млн теңге көлемінде материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттеді.

Үкім заңды күшіне енді.