Саясат

«Қазпошта» басшысы Президентке есеп берді

Akorda

«Қазпошта» ең үздік 50 пошта операторының қатарына енді

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова компанияның былтыр атқарған қызметінің нәтижелері, қаржылық жағдайы, сондай-ақ дамудың перспективті бағыттары туралы есеп берді, деп хабарлады turkystan.kz сайты.

Әсел Жанасованың мәліметінше, соңғы екі жылда «Қазпошта» таза табыс тауып, бюджетке 45 миллиард теңге көлемінде салық және баж алымдарын төлеген.

Сондай-ақ ол компания Дүниежүзілік пошта одағының рейтингісі бойынша алғаш рет ең үздік 50 пошта операторының қатарына кіргені жөнінде баяндады. Тасымал үдерісін оңтайландыру есебінен пошталық жөнелтілімдердің көлемі 26 пайызға өскен. Атап айтқанда, 20 миллион, соның ішінде 9 миллион халықаралық сәлемдеме жеткізілген.

Кездесуде HomePost жобасының жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Аталған бастама аясында үй жанындағы дүкендер аумағында тапсырыстарды беруге арналған 180 пункт ашылған. Биыл олардың саны 1 мыңға жетеді. YTO Express компаниясымен ынтымақтастық шеңберінде пошталық инфрақұрылымды жаңғыртуға 50 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылды.

Компания төрағасы қызмет сапасын жақсарту мақсатында енгізілетін инновация жайында айтты:

Japan Post, Toshiba және Cainiao компанияларымен көлік және логистика салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр; халықаралық маркетплейстерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін Keruen сервисі дамып келеді;

Сонымен қатар Ақтөбе әуежайында мультимодальды қойма салу жоспарланып отыр. Аумағы 15 мың шаршы метр болатын бұл нысан Түркияның S-Sistem компаниясымен серіктестік негізінде бой көтереді.

Мемлекет басшысы компанияның қаржылық жағдайын жақсарту, еліміздің ТМД-ға бағытталған көлік-логистика әлеуетін электронды сауда саласында дамыту және цифрлық шешімдер енгізу бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.