Әскердегі әлімжеттік... кімнің әлі жетпек?
Cоңғы 3 жылда 270 әскери қызметкер қайтыс болған
Ата Заңымыздың 36-бабының 1- және 2-тармақтарында: «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады», – деп тайға таңба басқандай жазылған. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жасаған былтырғы Жолдауында: – Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы Күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты, – деді. Президент әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы айрықша маңызды міндет екенін ескерткенінше болмай сол қыркүйек айында елді дүр сілкіндірген бірнеше оқиғаны естіп жаға ұстадық. 7-қыркүйекте Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында оқу-жаттығу жиыны кезінде 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловқа кезекші лейтенанттың оғы тиіп, қайтыс болды. Іс алғашқыда жазатайым оқиға ретінде тергелген. Кейін марқұмның әкесі мәлімдеме жасап, қоғамның қызу талқысына түскен соң ғана іс қасақана кісі өлтіру бабына ауысқан.
12-қыркүйекте Алматыдағы С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскери институтында 44 жастағы сержант өлі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзіне қол салған. Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабы бойынша тергеу бастаған. 13-қыркүйекте Ұлттық ұланның Жезқазғандағы 6505 әскери бөлімінің базасындағы жаттығу алаңында рота командирінің аяғына оқ тиіп, жараланды. «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі бұл оқиғаны қауіпсіздік талабын сақтамағаннан деп мәлімдеді. 16-қыркүйекте Түркістан облысы Арыс гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінде келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген сарбаз басынан жараланып, ауруханаға түскен. Гарнизон 24 жастағы жігіт «Отбасындағы жанжалға байланысты травматикалық тапаншамен өзін атпақшы болған» деп хабарлады. 19-қыркүйекте Абай облысы Аягөз ауданында орналасқан 10810 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген офицер Нұрсұлтан Алдамұратов өлі табылды. Ресми орындар 26 жастағы жігіт асылып қалғанын хабарлады. Бірақ марқұмның туыстары бұған күмән келтіреді. 28-қыркүйекте Ақтаудағы №51809 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет атқарған 1985 жылғы әскери қызметкер өзі тұрып жатқан үйден өлі табылды. Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі әскери қызметкер өз-өзіне қол салған деген болжамын жариялап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Әскерге кебенек киіп аттанып, кебін киіп оралған жігіттердің мысалын көптеп тізбелеуге болады. Қарап отырсаңыз, барлық оқиғада бәріне қайтыс болған немесе жарақат алған адамның өзі – кінәлі. Сондықтан болар қазір әскерге бару – мұрат емес, бармау – ұят емес. Ащы да болса, шындық осы. Жауырды жаба тоқып қайтейік, қазір ата-аналар балаларын әскерге жіберуден қорқады. Ресми мәлімет бойынша 2010-2020 жылдары Қазақстанда 220 іскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған. Әскери прокуратура таратқан мәлімет бойынша соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Ал ашық дереккөз мәліметтері бойынша өлім-жітімнің көп тараған себептері: ауру – 36 пайыз, жол апатының салдары – 24 пайыз, суицид – 20 пайыз. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2020-2022 жылдары әскерде 6 сарбаз өз-өзіне қол салған: 2020 жылы – 3, 2021 жылы – 3, 2022 жылы өз-өзіне қол жұмсау дерегі тіркелмеген. Сонда жоғарыда Әскери прокуратура таратқан мәлімет дұрыс па, әлде Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сүйену керек пе? Қарап отырсаңыз, екі органның ұсынған мәліметінің арасы жер мен көктей. Тағы да сұрақ? Неге?
Әскерде «дедовщина» жоқ
Ресми органның мәліметіне қарамастан Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов «Қазақстан армиясында әлімжеттік жоқ» деп айды аспаннан шығарғаны есімізде. Тіпті, «Сарбаздар суицидінің 99 пайызы әскердегі борышын өтеуге қатысы жоқ, ол адамның өз ішіндегі мәселеден» деген болатын. – Ең алдымен, әлімжеттік деген не екенін анықтап алайық. Жалпы алғанда армияда әлімжеттік жоқ. Бір мерзімде шақырылған әскери қызметшілер арасында жанжалға әкеп соққан жеке жағдайлар кездеседі, әрине. Сіз, мысалы, досыңызбен жанжалдасып қалсаңыз, мұны әлімжеттік деп айтуға келе ме? Жоқ, – деді сала басшысы. Министр бұл жастардың тәрбиесімен бүкіл қоғам болып айналысу керек деп жауапкершілікті халыққа ысырып салды. Министрдің сөзін Қарулы Күштер Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Руслан Омаров та құптай кетті. – 18 жаста адам әскерге психологиялық тұрғыдан қалыптасқан тұлға ретінде келеді деп есептеймін. Ал Қарулы Күштер мен басқа да әскери құрылымдардан бір жылдың ішінде өз елінің патриоты болуын талап ету артық талап деп ойлаймын. Ал біз осы патриотизмді мектептен бастап, жоғары оқу орындарында, бүкіл қоғам болып тәрбиелеуіміз керек. Бұл «дедовщина емес», бұл әскери тәртіпті бұзу, қолданыстағы ережелерді сақтамау, – деді. Одан бөлек: «Қазір әскерде «дедовщина» жоқ екенін түсіну керек. «Дедовщина» ұғымы аға және кіші шақырушылар арасындағы келіспеушіліктерді білдіреді. Қазір Қарулы Күштер мен басқа да әскери қызметтерде әскерге шақырылушылардың бір ғана өкілдері шұғыл қызмет атқарып жатқанын ескерсек, «дедовщина» туралы сөз қозғамауымыз керек», – деді Омаров мырза. Оның айтуынша, әлімжеттікті жою үшін ертерек шақырылғандар мен кейін келгендерді бір-бірінен оқшаулау туралы шешім қабылданған. Үлкені кішісімен, кішісі үлкенімен кездеспейді-мыс. Мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын әскерде борышын өтеп жүргендер мен әскери қызметкерлер ғана біледі. Сонда Мемлекет басшысынан бастап әскердегі суицид мәселесіне назар аударып, дабыл қағып, мұндай қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін арнайы комиссия құрылып, кінәлілер жазалануы керек деген тапсырма берілсе де министрліктің бар нәрсені бар деп мойындауына не кедергі? Кемшіліктерді жасырып-жабу кімдерге тиімді? Сұрақ көп, бірақ тиісті органдардан шындыққа жанасатын жауап жоқ. Алайда Қорғаныс министрлігі сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсауының негізгі себебін нақты біледі. Олардың қатарына: әскерге бейімделе алмау, психоэмоционалды тұрақсыздық, депрессия, ерік-жігерінің төмен болуы, жауапсыз махаббат пен физиологиялық күйзелісті жатқызады. Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскерде заң мен тәртіп жақсы сақталып отырғанын айтады. «Құқық бұзуды азайту үшін сарбаздарды туыстарымен және жақындарымен бейнебайланыспен қамтамасыз ететін «Отбасымен бейнеқоңырау» жобалық сервисі іске қосылды. Барлық бөлімшеде командирлердің сарбаздардың ата-аналарымен қарым-қатынасы үшін әлеуметтік чаттар жұмыс істейді. Барлық казармаларда бейнебақылау жүйелері, әскери полицияның тірек пункттері және психологиялық жеңілдету бөлмелері жұмыс істейді, күн сайын әскери полиция қызметкерлері мен медициналық персоналдың қатысуымен тексерулер жүргізіледі. Осы шаралардың барлығы әскери ұжымдардағы мо-ральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға, жеке құрамның көңіл күйі мен әскери қызмет жағдайын реттеуге ықпал етеді», – деді Шайх-Хасан Жазықбаев. Бұрынғы әскери қызметкер Қайрат Көпбаев қылмыстың алдын алудың құралдары мен тетіктері жеткілікті болғанына қарамастан Қазақстан армиясы дағдарысты бастан кешіп жатқанын айтады. Оның айтуынша, командирлердің жауапкершілігін күшейту керек. Сарапшы сонымен қатар ер жігіттердің әскери қызметке баруға құлықсыздығы мен әскерден қашу әрекеттері қорқыныштан емес, олардың бір жыл уақытын сарп еткісі келмейтіндіктен деп түсіндіреді. Мамандар бүгінде әскердегі «дедовщинаның» формасы өзгерген дейді. Әскерде жас сарбаздарды ұрып-соғу фактісі азайғанмен, психологиялық ахуал әлі нашар екен. Әсіресе, психологиялық қысым, қорлау, кемсіту фактілері жиі кездеседі. Мұндай фактілерді бейнебақылау камераларынан қарағанмен дәлелдеу қиын. Тәртіпке бағынғысы келмейтіндер жаңадан келгендерге ойына келгенін жасайды, ал олар шағымданса, өз арасында «тоқылдақ» деп мазақтайды. Мұндайға шыдайтындар бар, шыдамайтындар бар. Шыдағандар 6 ай психологиялық қысымға шыдап, одан кейін жаңадан келгендерден «ақысын» қайтаратыны сөзсіз. Ал шыдамағандар өзіне қол жұмсайды. Өзіне қол жұмсау фактісінің психологиялық қысымға тікелей қатысы болатыны бүгінде баршаға аян. Әскердегі әлімжеттікті азайтудың бір жолы өмір көрген жастарды жіберу керек дейтіндер де бар. Олар біреудің құқығын таптау, қорлау, мазақтаудың дұрыс еместігін біледі. Жалпы, әскердегі әлімжеттік мәселесі тәуелсіздік алғалы бері тұрақты түрде көтеріліп келе жатыр. Тіпті, оны болдырмау мақсатында Қарулы Күштердегі мерзімді әскери қызмет уақыты екі жылдан бір жылға дейін қысқартылды. Алайда әскердегі жыл саны азайғанмен, өлім азаймай тұрғаны қынжылтады.
Әлемдік тәжірибе не дейді?
Әскердегі әлімжеттікті жою мақсатында әлем елдері әртүрлі шаралар қабылдаған. Бұл бағыттағы жұмыстарға әскерде тәртіпті жақсарту, сарбаздардың құқықтарын қорғауды жатқызуға болады. Мәселен, дамыған Швеция мемлекеті әлімжеттікті жою бағытында бірнеше рет реформа қабылдапты. Олар әскердегі барлық қиянатты тоқтатып, әрбір сарбаздың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауды басты назарға алған. Сондай-ақ әскери қызметкерлердің психологиялық жағдайына ерекше мән беріледі, арнайы көмек көрсету жүйесі құрылған. Ал Ұлыбритания әскердің ішкі ережелері мен тәртіптерін қайта қарады. Сарбаздар арасындағы құрмет пен этиканы нығайтуға көп көңіл бөлінеді. Норвегия әскери қызметінде әйелдердің қатысуымен түрлі этникалық топтар арасындағы әділеттілікті сақтау үшін бірнеше жылдар бойы жүйелі түрде әлімжеттікке қарсы шаралар қабылданды. Нидерланды әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау және озбырлықты болдырмау мақсатында арнайы оқыту бағдарламасын енгізген. Финляндияда әскери қызмет – қысқамерзімді. Бұл – әскердегі заңсыздықтың пайда болу мүмкіндігін азайтады. Сонымен қатар әскери қызметкерлердің тәртібін бақылау үшін қоғамдық ұйымдар мен тәуелсіз инспекциялар тартылған. Ал АҚШ армиясында қатаң әскери тәртіп орнаған. Әлімжеттікке нөлдік төзімділік саясаты қолданылады. Сонымен қатар арнайы әскери полиция бөлімдері зорлық-зомбылық оқиғаларын тергеумен, зардап шеккендерді қорғаумен айналысады. Оңтүстік Кореяда әскери бөлімдердің ішіндегі оқиғаларды қоғам алдында ашық баяндау тәжірибесі енгізілген. Германияда әскердің ішкі тәртібін бақылау үшін сыртқы тәуелсіз мекемелер жұмыс істейді. Түркияда әскерде қызмет еткен азаматтарға ерекше құрмет көрсетіледі. Мемлекет заңына сәйкес барлық азамат белгілі бір жасқа келгенде міндетті түрде әскери борышын өтеуі керек. Ал кейбір ерекше жағдайларда ақылы түрде бұл міндеттен босату мүмкіндігі де беріліп жатады. Әскери борышын өтеп келгендердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары және олардың отбасы мен туыстарына ерекше мәртебе беріледі. Көптеген елде әлімжеттікті жою үшін қатаң заңдар, ашықтық, тәуелсіз бақылау жүйелері және әскери қызметшілердің психологиялық жағдайына көңіл бөлу сияқты кешенді шаралар қабылданған. Қазақстан да осындай халықаралық тәжірибелерді зерделеп, өз әскеріндегі тәртіпті жақсарту үшін ұқсас реформаларды жүзеге асыра алады.
Бекжігіт СЕРІКБАЙ, саясаттанушы, саяси конфликтолог:
Әскер өзара сыйластық пен теңдік орнаған мекенге айналуға тиіс
– Әскер – күрделі және көпқырлы сала болғандықтан байыпты көзқарасты қажет етеді. Ал әскердегі әлімжеттік тәртіпке нұқсан келтіріп қана қоймай, әскери қызметкерлердің рухын түсіріп, әскердің институт ретіндегі қауіпсіздігі мен беделін төмендетеді. Мәселенің түп-тамыры иерархия мәдениетінде, яғни әскерде тәжірибесі бар қызметкерлер жаңадан келгендерді басып-жаншуға құқығымыз бар деп ойлайтындығында. Бақылаудың тиімді механизмдерінің болмауы, жеке құраммен жұмыстың әлсіздігі мен әскери қызметкерлер тарапынан болатын репрессиядан қорқу мәселені ушықтыра түседі. Бұл жағдайды шешу үшін жүйелі әрекет ету керек. Ең алдымен, әскери мәдениеттің өзін өзгерту маңызды. Әскерде теңдік, өзара сыйластық, қолдау атмосферасы қалыптасуы керек. Бұған командалық рухты дамытуға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және әрбір әскери қызметкерді құрметтеуге бағытталған білім беру бағдарламалары арқылы қол жеткізуге болады. Тағы бір маңызды бағыт – армияның кәсіби деңгейін арттыру. Әскердің келісімшарттық жүйеге көшуі және міндетті қызмет мерзімінің қысқаруы жаңадан қабылданғандар мен «үлкендер» арасындағы алшақтықты азайтады. Бұл зорлық-зомбылық жиі орын алатын бейресми иерархияның қалыптасу ықтималдығын азайтады. Сонымен қатар технология да әлімжеттікке қарсы күресте тиімді құрал бола алады. Казармаларда бейнебақылау орнату әскердегілердің қауіпсіздігіне қосымша кепілдік береді. Сондай-ақ командирлердің дайындығына ерекше назар аудару өте маңызды. Олар командаларды басқарып қана қоймай, қарамағындағыларға үлгі бола отырып, жанжалдардың алдын алуы керек. Халық арасында жүргізілетін ақпараттық науқандар әскер туралы түсінікті өзгертуге ықпал етеді. Отбасылар мен сарбаздар зорлық-зомбылық қалыпты жағдай емес, ол үшін жауапкершілік бар, бұл заңды бұзу екенін білуі керек. Әскердегі әлімжеттіктен құтылу ұзақ уақытты алады, бірақ оны іске асыруға болады. Бұған мемлекеттің, әскердің, азаматтық қоғамның және әскери қызметкерлердің өздері қатысуы қажет. Әскер кәсіпқойлық, өзара сыйластық пен теңдік орнаған мекенге айналуға тиіс.
Жанат ШАМАҚОВА, психоаналитик:
Бәрі авторитарлық тәрбиеде жатыр
– Жастардың буллингке ұшырауының себептері де әртүрлі. Жалпы, өзін төмен бағалайтын балалар әлімжеттікке жиі ұшырайды. Оған бірінші себеп баланың ата-анасынан толықтай сүйеніш таба алмауы, махаббатын сезініп өспеуі. Алты жасқа дейін мейірім көрген бала өскен кезде өмірдің қандай қиындығы болса да екі аяғын тең басып, тік тұрып қарсы алады. Бізде баланың қарны тоқ, көйлегі көк болса болды деп ойлайтын ата-аналар әлі де көп. Балаға ақша емес, махаббат керек. Тіпті, ерлі-зайыптылар ажырасып кетсе де баланы екеуі бірдей жақсы көрсе, ол бақытты болып өседі. Әскердегі әлімжеттікте біз тек жәбір көргендерге қиын деп ойлаймыз. Ал шындығына келсек, зәбір көрсетушіге де оңай емес. Өйткені ол да кезінде зорлық көрген, таяқ жеген. Соны енді өзі қайталап тұр. Ал ішкі тірегі мықты балалар «бейтарап аймақта» жүреді. Оларға ешкім тиіспейді, олар да ешкімге тимейді. Әлімжеттікті көргендер барлығы жиналып қарсы шықса, бәлкім әлімжеттік болмас па еді. Жалпы, әскердегі өмірмен біршама таныс болғандықтан тәрбие жұмыстарының дұрыс жүргізілмейтініне көзім жетті. Психолог мамандар әскерге жаңадан келгендермен дұрыс тренинг өткізу керек. Негізі, мектеп болсын, техникум болсын, институт болсын, әскер болсын психологиялық тренингтер өткізілгені дұрыс. Жігіттерді бір адам екінші адамнан кем емес деген командалық рухта тәрбиелесе, онда олардың «үйіріне» ешкім тиіспейді әрі өздері де бірін-бірі «жемейді». Әскерде мәдениеттің төмендігі де жасырын емес. Олар жыл бойы қойылымдар көрмейді, көрсе де оны ары қарай талқылап, бәрі бірге отырып анализ жасамайды. Әр сарбаз өз ойын айтса, әлімжеттік жасайтындар да өз ішіндегі жарасын ашса, сезімдерін ажыратса, ары қарай жамандық істеуге бармайды. Әскерде барлық жерде бейнебақылау камералары орнатылуы тиіс. Камера тұрған мына жерде адамдар бір-біріне тиісе бермейді. Ертең жауап беретінін білген адам ешкімге тиіспейді. Әскердегі әлімжеттікті жеңу үшін кешенді жұмыстар жүргізілуі керек. Тағы бір айта кетерлігі, иерархия бойынша кім үлкен, сол жауап береді. Балабақшада, мектепте, отбасында кішкентай бала не оқушы бірдеңе бүлдірсе, үлкендер жауап береді. Алайда бізде бұл мәселеге министрлік жауапкершілік алмай отыр. Анализ жасап қарасақ, мұның түбінің бәрі авторитарлық тәрбиеде жатыр. Отбасында үлкендер балаға «Мен айттым, сен орында», «Менікі ғана дұрыс» деп айтады. Бала осыны дұрыс деп қабылдайды, солай болуы керек деп ойлайды. Балабақшада солай басталып мектепте жалғасады, ЖОО-да да солай, соңыра өмірде де. Жастар әскерге өлу үшін емес, Отан алдындағы борышын өтеу үшін барады. Әрбір әскерге аттанған жігіттің жүрегінде «Мен тірі қайтамын ба?» деген күмәнді сауал тұрса, бұл қоғамның дерті. Әскер ер-азаматты есейтетін, ширатып, өмірдің қиындықтарына бейімдейтін орта болғандықтан, ол жердің қауіпсіз болғаны маңызды.