T-Newspaper

Қорға құлып керек

сурет: istockphoto.com

Былтыр Үкіметтің Ұлттық қордан алған ақшасы белгіленген межеден айтарлықтай асып түсті. Тіпті, бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін жетті. Меже деген аты ғана болғандықтан, оны ұмытып кету немесе елемеу еш қиын емес. Бұл Ұлттық қорды ортайтып, бюджет дефицитін одан ары ушықтыратыны, инфляциямен күреске кедергі келтіретіні туралы айтылудай-ақ айтылды. 

Дегенмен жаңа Бюджет кодексінде Ұлттық қор қаржысын пайдалану тәр­тібі нақтыланбаған. Биыл да қорға қол соза береміз бе? Нақты шектеу қоюға не ке­дергі? Бюджет дефицитін қалай рет­тей аламыз?

Қор қашанғы құтқарады?

Қаржы министрлігінің есебіне сүйен­сек, 2024 жылы республикалық бюд­жетке Ұлттық қордан 6 трлн тең­геден астам қаражат аударылды. Оның 5,6 трлн теңгесі – трансферт арқылы, ал қалған 467 млрд теңгесі «Қаза­то­мө­нер­кә­сіп» акцияларын сатып алу схемасы ар­қылы бюджетке түскен. Бұл – қордың та­за кірісінен 1,6 есе артық, бұрын-соң­ды тіркелмеген көрсетікіш. Мақсатты трансферт көлемі бастапқыда 1,6 трлн теңге деп жоспарланғанымен, бюджет тапшылығына байланысты бұл сома 3,6 трлн теңгеге дейін ұлғайтылған. 2025 жылы республикалық бюджетке Ұлт­тық қордан 2 трлн теңге кепілден­діріл­ген трансферт және 3,25 трлн теңге мақ­сатты трансферт бөлінбек. Кепіл­ден­дірілген трансферт бюджет тапшылығын жа­буға, ал нысаналы трансферт – жал­пы­ха­лықтық маңызы бар жобаларды қар­жы­ландыруға бағытталады. Осылайша, жалпы қордан 5,25 трлн теңге алу жос­пар­да бар. Жаңа Бюджет кодексіне сүйен­сек, 2026-2027 жылдарға мақсатты транс­ферт қарастырылмаған. Жоспар бойынша, бұл жылдары Ұлттық қордан бөлінетін ке­пілдендірілген трансферт көлемі 2 трлн теңгемен шектеледі.  Алайда Ұлттық қордан алынатын мақ­сатты трансферт көлемі шектелме­ген­діктен, Үкіметтің бюджет шығынын жа­бу­ға қордан қосымша қаржы алуына, шын мә­нінде тосқауыл жоқ. Осылайша, мақ­сат­ты трансферт ретінде алынған қаржы кө­лемі жоспарлағаннан асып кетпей­ті­ніне ешкім кепілдік бере алмайды.  Ұлттық Банк пен тәуелсіз сарап­шы­лар Ұлттық қордан бейберекет қа­ражат ала беру жақсылыққа апармай­ты­нын, қорды ортайтып, инфляциямен кү­ресте кедергі болатынын, масылдыққа ұшыратып, экономиканы дамытуға мұр­ша бермейтінін бірнеше рет ескерткен бо­латын. Мәселенің шешімі ретінде қор­дан алуға болатын қаражат мөлшерін заң­мен бекіту туралы ұсыныс айтылған еді. Дегенмен мұндай өзгерісті жаңа Бюд­жет кодексінен көре алмадық, «неліктен?» деген сұраққа жауап іздеп, бірнеше Мә­жі­ліс депутатына хабарласқанымызбен, жауап ала алмадық. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Ұлт­тық қордағы қаражатты 2030 жылға қа­рай 100 млрд долларға дейін жеткізу туралы тапсырма берген болатын. Ұлттық Банк басшысының айтуынша, осылай жал­ғаса берсе, яғни қажет болған сайын 5 трлн теңгеден ала берсек, Ұлттық қор­да­ғы қаржы 2030 жылға дейін 100 млрд дол­ларға жетпейтінін айтты. – Келесі жылы кепілдендірілген тран­с­ферт 4,2 трлн теңгеден 3,6 трлн теңгеге дейін айтарлықтай төмендейді. Егер Үкі­мет бұл саясатты жалғастыра берсе, яғни Үкі­мет Ұлттық қорға емес, бюджетке тү­се­тін кірістерге сүйенетін болса, онда ақы­рындап 100 миллиард долларға жете­міз. Әр жыл сайын 5 триллион немесе одан да көп ақшаны алып отырсақ, ондай қар­жыны жинау қиын болады. Қаржы ми­нистрлігі мен Экономика министрлігі мұ­ны түсініп отыр, олардың да алдында Пре­зидент қойған дәл осы тапсырма – қор қаржысын 100 миллиард долларға жет­кізу тұр, – деді ол өткен аптадағы бри­фингте.

Қазынашылар келісімге келді

Қаржы министрлігі мен Экономика ми­нистрлігі мұны түсініп отыр. Олар, яғни Ұлттық Банк, Экономика және Қар­жы министрліктері өзара келісімге де кел­ген сияқты. Нақтырақ айтқанда, қаң­тар­дың аяғына дейін Ұлттық қордан алы­натын қаражаттың «белгілі бір пайыздық шегі» белгіленеді. Бұл туралы 17 қаңтарда Ұлттық Банкте өткен бас­па­сөз брифингінде реттеуші төраға Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Оның айтуынша, Ұлттық қордан қаражат алуды реттеу үшін жаңа бюджет ережелері енгізіледі, олар барлық трансфертке қатысты бола­ды. – Біз Ұлттық қордан қаражат алуды рет­тейтін бюджет ережелерін енгізу бойын­ша келісімге қол жеткіздік. Бұл қа­дам елдің қаржылық тұрақтылығын ны­ғай­ту үшін қажет, – деді Тимур Сүлей­ме­нов. Бірақ бұл пайыздың қандай фак­тор­ларға негізделіп есептелетіні және оның нақты қанша болатыны әлі анық емес.  Дегенмен төрағаның сөзінше, бюд­жет ережелері қазір кепілдендірілген транс­фертке қолданылып жүрген тәртіпке ұқсас болады. Алайда бұл лимит Ұлттық қор қаражаты есебінен мемлекеттік ком­паниялардың акцияларын сатып алуға қатысты болатын немесе болмайтыны әзір­ге белгісіз. Қазір Қаржы министрлігі бұл тетікті бюджетке қосымша қаржы тар­ту үшін қолданып отыр.   Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы қа­занда Ұлттық Банк Үкіметке Ұлттық қор­дан алынатын ақша көлемін есепсіз ұл­ғайта беруге тыйым салу туралы ұсыныс жолдағанын хабарлаған еді. 

Бюджет теңгерімсіз, дерек те ала-құла

Ал бюджет тапшылығы мәселесі одан ары ушығып барады. Республикалық бюд­жеттен кейінгі бірнеше жылда қатарынан дефицит байқалады. Бұл дефицит бұрын тұрақты және қолайлы деңгейде болып келген. Алайда 2023 жылдан бастап бюд­жет тапшылығы күрт өсе бастады. 2024 жыл­ғы қазанның басында дефицит кө­лемі 3,6 трлн теңгеге жетіп, 2022 жылғы 2,4 трлн теңгемен салыстырғанда айтар­лықтай артты. Ал 2025 жылы бұл көрсет­кіш 4,1 трлн теңгеге дейін өседі деген бол­жам бар.   ҚҚҚ сарапшыларының есебі бойын­ша, 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында республикалық бюджетке салықтық тү­сімдер жоспары тек 52  пайызға орын­дал­ған. Осы кезеңдегі бюджет тапшылығы да 52  пайызға жетті. Абсолютті көрсеткіште бюд­жеттің кірістері 8,1 трлн теңгеге тең болып, жоспарланған деңгейден 2,5 трлн тең­геге және 2023 жылдың сәйкес ке­зеңін­дегі көрсеткіштен 0,8 трлн теңгеге тө­мен болды. Сондай-ақ сарапшылардың есептеуі мен мұнайға қатысы жоқ тап­шы­лық бойынша Қаржы министрлігінің мә­ліметтері арасында үлкен алшақтық анық­талған: 5 трлн теңге және 1,6 трлн тең­ге. Мұның себебі – шенеуніктер мұнай секторынан түсетін тікелей салықты мұнайға қатысы жоқ салық кірісі ретінде есепке алуда. Halyk Finance мәліметінше, бі­рік­тірілген бюджет тапшылығы ша­ма­мен 500 млрд теңгеге төмендетіліп көр­се­тіл­ген. Екі негізгі салық түрі – кор­пора­тивтік табыс салығы және қосылған құн салығын жинау көрсеткіші де – төмен. Бюд­жетті болжау мен жоспарлаудың сапа­сы да сын көтермейді. Ал мемлекеттік кі­рістерді арттыру экономиканың сапа­сыз өсіміне ықпал етеді.  Контрциклдік бюджет ережесін ұстануға деген талпыныс тек 2018 жылы бай­қалды, сол жылы трансферт көлемі 2,6 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 4,2 пайызын құра­ды. Алайда 2019 жылы ереже қай­та­дан сақталған жоқ.  COVID-19 пандемиясы кезінде халықтың өмір сүру деңгейінің күрт төмендеуіне жол бермеу және дағ­дарыстың салдарын жеңілдету үшін қордан мәжбүрлі қаражат алу орынды болды. Бірақ одан кейінгі жылдары жағ­дай салыстырмалы түрде тұрақты бол­ғаны­на және мұнай бағасының жоғары болуына қарамастан, трансферт көлемі негізсіз жоғары деңгейде сақталып келген. Яғни, контрциклдік саясаттың орнына проциклдық саясат жүргізілді. Оған қоса, мемлекеттік шығындардың өсуі эконо­ми­калық өсімге тікелей әсер ете бастады. Бұл шығындар 2023 жылы екі таңбалы көр­сеткішпен өсіп, экономиканың шамадан тыс «қызып кетуіне» және сапасыз өсуіне се­беп болғанын байқауға болады. 

Сапарбай Жобаев, экономист,  экономика ғылымдарының кандидаты:

Квазимемлекеттік сектордың шығынын қысқарту қажет

– Өкініштісі сол – билік Ұлттық қордан ақ­ша алуға үйреніп қалды. Экономика ми­нистр­лігінің жоспарлауы бойынша 2024 жыл­ғы салық түсімі – 15 триллион теңгеден астам, бір­ақ шығынымыз – 21 триллион. Сонда, 6 жа­рым триллион тапшылық. Ал біз соның 3-4 трил­лионын Ұлттық қордан алып қалғанын ға­на тапшылық деп есептеп отырмыз. Бірақ Президент Ұлттық қор қара­жа­тын шашпай, оны 100 млрд долларға жеткізу туралы тапсырма берді. Бір жағынан, мұны біздің Үкімет құнттамай отырған сияқты көрінеді.  Мұны тоқтату қиын. Сондықтан контрциклдік бюджет ережесімен қа­тар қосымша әдіс-тәсілдер қажет деп есептеймін. Бюджетті түзудің әдісі, я болмаса бюджетті орындаудың әдісі болу керек. Әлемнің көптеген елі тап­шылықты 3 пайыздан асырмайды, облигация, бағалы қағаз шығарады. Қар­жы министрлігі облигация шығарып, қарызбен елдегі бюджет тап­шы­лығын жабады, бірақ ол қарызын кейін төлейді. Біз де енді солай іс­теуіміз керек. Біз Ұлттық қордың, болашақтың үлесін жеп жатырмыз.  Өздеріңізге белгілі, бізде квазимемемлекеттік кәсіпорындар деген мем­ле­кет ішіндегі мемлекетіміз бар. Жалпы ішкі өнімнің 50-60 пайызын береді. Олар өте көп жеңілдік алады, салық төлеудің орнына, бюджеттен қайта-қай­та ақша алып отырады. Өніміміз өтпей қалды, су алды деп сылтауратып, мемлекетке тағы алақан жаяды. Сөйтіп, мемлекеттік кәсіпорын болғаннан кейін мемлекет оған бюджеттен ақша береді. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» 24-25 миллион тонна мұнай өндіреді. «ТеңізШевройл» да сол шамада, 25-27 мил­лион тонна мұнай өңдейді. Енді олардың салығына келсек, «Теңіз­Шевройл» 2-2,5 триллион теңге салық төлейді, ал «ҚазМұнайГаздың» тө­лей­тіні 169 миллиард теңге ғана. Оннан бірін зорға төлейді. Біздегі үлкен мем­лекеттік кәсіпорындардың көбісінің пайдасы шығынын жаппайды. Бұл не деген сөз? Яғни, мемлекеттен ақшаны алуын алып алып, есебін бер­мей­ді. Оны қадағалауы керек Үкімет те жауапкершілік алмайды. Ми­нистр­лер бірі келіп, бірі кетіп жатады. Сондықтан квазимемлекеттік кәсіп­орын­дар­дың шығынын қысқартып, жұмыстарының нәтижесін талап ету керек. Оны депутаттар қадағалауы қажет. Басқаша бюджеттің шығынын қалай азайтамыз, білмеймін. Себебі олар соған үйреніп қалды.   2024 жылы 21 триллионды орындай алмай отырып, 2025 жылға 25 трил­лион шығынды жоспарлап отырмыз. Бұл – халықты, мемлекетті, эко­номиканы тонау. Яғни, шығындарды қысқарту керек. Мемлекеттік басқару, ква­зимемлекеттік кәсіпорындарға жоспарлаған бюджет шығынын қарасаң, өзің шатасасың, ақырына жете алмайсың. Соның бәрі қайда кетіп жат­қанын 30 жылдан бері бюджет саласымен айналысып жүрген менің өзім түсінбей қаламын.  Тағы бір мәселе – біз барлығын республикалық бюджеттің мойнына іліп қойғанбыз. 2012 жылы жергілікті басқаруды дамытудың тұжы­рым­дамасын қабылдағанбыз. Сөйтіп, жергілікті бюджеттің өз табысын өзіне беруіміз керек еді. Дегенмен нақты іске көше қоймадық. Ал бұл қадамға бар­май, ауылды дамытып, мәселесін шешу қиын. Қарапайым ауылдағы жол мә­селесін шешу үшін Астанадан жауап күтеді. Сөйтіп, облыстан, респуб­ли­кадан бөлінген ақша сол ауылға жеткенше жартысы да жетпей қалады.  Шекарадан түсетін ақшаны орталыққа жинау керек. Жерасты бай­лық­тарының ақшасын орталыққа жинау керек. Қосымша құн салығын орта­лық­қа жинауға болады. Ал кәсіпорындардың табыс салығын, жеке адам­дардың табыс салығын сол жерге қалдыру керек. 

Мұрат Темірханов, Halyk Finance басқарма төрағасы:

Контрциклдік ереже сақталса, кіріс шығыстан айтарлықтай асып түсер еді

– 2023 жылғы 4 желтоқсанда жаңа Бюджет кодексі Мәжілісте мақұлданып, Сенаттың қарауы­на жіберілді. Біз бұған дейін де Қазақстандағы бюджет сая­са­тының проблемаларын бірнеше рет көтерген едік. Жаңа Бюд­жет кодексінің жобасында елеулі жақсартулар болға­ны­мен, құжатқа Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйы­мы сияқты беделді халықаралық ұйымдардың маңызды ұсы­ныстары енгізілмеген. Сонымен қатар Бюджет кодексінде биыл­ғы шілдеде Мемлекет басшысы бекіткен «Қазақстан Рес­публикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жос­па­рының» кейбір негізгі ережелері де көрсетілмеген. Атап айт­қанда, мемлекеттік қаржының ұзақмерзімді тұрақты­лы­ғын қамтамасыз ету және фискалдық тәртіпті күшейту мақ­сатында осы стратегиялық құжатта Ұлттық қордан мақ­­­­сатты трансферттерді бюджет ережесіне енгізу жоспар­лан­ған болатын. Алайда бұл жаңа Бюджет кодексінде қарас­тырылмаған. Контрциклдік ережелердің мәні мынада: мұнай бағасы жо­ғары болған кезде, Үкімет мемлекеттік шығындарды арт­тырмай, керісінше, мұнайдан түскен табысты «мұнай қоры» деп аталатын арнайы қорда жинақтайды. Біздің елде бұл рөлді Ұлттық қор атқарады. Осылайша, мұнай бағасы жоғары болған қолайлы кезеңдерде билік экономикадан ар­тық мұнай долларларын шығарып тастайды. Мұндай әдіс экономиканың қызып кетуіне және инфляцияның өсуіне жол бермейді. Экономикадағы артық мұнай долларларын алу ұлттық валю­таның шамадан тыс күшеюіне және пайыз­дық мөлшерле­мелердің өсуіне тосқауыл қояды. Нәтижесінде, мұнай бағасы жоғары болған кезеңдерде контрциклдік бюджет ережелері әйгілі «голланд ауруының» пайда болуына жол бермейді. Екінші жағынан, мұнай бағасы төмендеген кезде, контр­циклдік бюджет саясатына сәйкес, Үкімет мұнай қорын пайдаланып, мемлекеттік шығындарды бұрынғы деңгейде ұстай алады. Бұл экономиканың және бюджеттің өсуіне мұнай секторының табысы күрт төмендеген жағдайда да қол­дау көрсету дегенді білдіреді. Мұнай қорынан трансферт­тер үшін доллар сату мұнай бағасының төмендеуіне байла­ныс­ты ұлттық валютаның әлсіреуіне жол бермейді. Бұл өз кезе­гінде инфляцияны және нарықтағы ұлттық валюта бағамына өте сезімтал біздің импортқа тәуелді елде базалық ставканы тұрақтандырады. Кейінгі екі жылда мұнай бағасы қолайлы деңгейде болға­нына қарамастан, Қазақстанда контрциклдік бюджет сая­саты­ның орнына, керісінше, проциклдік саясат қолданылып жат­қанын байқаймыз. Осы екі жыл ішінде халықаралық нарықтарда мұнай бағасы орта есеппен барреліне 80 дол­лардан жоғары болды, бұл мұнай экспорттаушы елдерге қо­лай­лы деңгей саналады. Осындай қолайлы баға жағдайын­да контрциклдік ережелерді қатаң сақтаған болсақ, Ұлттық қорға түсетін қаражат ел бюджетіне аударылатын шығын­дардан айтарлықтай асып түсер еді. Соған қарамастан, 2022 жылдан бастап республикалық бюджет шығыны айтарлықтай өскені байқалады, ал былтыр және биыл Ұлттық қорға түскен түсімдер одан алынған қара­жат көлемінен (оның ішінде «ҚазМұнайГаз» және «Қаз-а­то­мөнеркәсіп» мемлекеттік компанияларының акциялары­мен жасалған операцияларды қоса алғанда) едәуір аз болды. Бұл кейінгі екі жылда мұнай бағасының жоғары болуына қарамастан, елде бюджеттік және экономикалық теңгерім­сіз­діктердің күшейгенін көрсетеді. Мұнай бағасы салыстыр­ма­лы түрде аз ғана төмендесе, мысалы, барреліне 60 доллар­ға дейін түскен жағдайда, елімізде экономикалық және қар­жылық дағдарыс туындау қаупі жоғары екенін білдіреді. Тағы да қайталап айтқымыз келеді, контрциклдік бюд­жет ережелері Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатын жүзеге асыруы үшін аса маңызды. «Қазақстанға қандай реформалар қажет?» атты есебімізде де бұл туралы жаздық, әртарап­тан­дырылмаған мұнай экспорттаушы елдерде контрциклдік бюд­жет ережелері инфляцияға, базалық ставкаға және ұлт­тық валютаның бағамына орталық банктің монетарлық сая­­­­сатына қарағанда әлдеқайда көп ықпал етеді. Кейінгі кезде контрциклдік бюджет саясатының орнына проциклдік саясат қолданылып жатқаны Ұлттық Банктің монетарлық жә­не валюталық саясатының тиімділігін айтарлықтай төмендетіп отыр.

Қорыта айтқанда, контрциклдік бюджет саясатын қатаң ұстану керек екені интуитивті түрде түсінікті жайт. Дегенмен айту – бөлек, ал іске көшу белгілі де белгісіз себептермен қиынға соғып отыр. Қаражат алуға нақты қандай шек қойылатыны және бұл ереженің мәртебесіне қатысты мәселелер әлі нақты емес, бірақ белгілі бір шара қабылданады деген үміт бар. Себебі қорға қол соза беру атқарылып жатқан біраз жұмысты құмға сіңген сумен тең ететіні анық.