T-Newspaper

Сержан Шәкірат: Күйді нотаға байланбаған халықтық үлгімен тартамын

Қазақтың күй өнері болмысы жағынан біртұтас болғанымен, стильдік ерекшелігі жағынан бірнеше мектепке бөлінеді. Соның ішінде Маңғыстау күй мектебінің де салмақты орны бар. Маңғыстау күйлері бұрында батыс күй өнерінің бір бұтағы ретінде қарастырылса, кейін өз алдына дербес күй мектебі ретінде танылды. Абыл, Есбай, Есір, Құлшар, Өскенбай, Қартбай, Байшағыр, Шамғұл, Мұрат секілді дәулескер күйшілер шығармашылығы – Маңғыстау күйлерінің өзгешелігін танытты. Ал соның белгілі насихатшысы – күйші Сержан Ысқақұлы Шәкірат. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Халық күйшісі атағының, бірнеше ордендердің иегері. Күйшімен өзінің шығармашылығы және қазақ күй өнері жайлы сұхбаттастық.

– Сержан аға, әңгімені алдымен күй­ші­лікке келуіңізден бастасақ. Талай күй­шілермен сұхбат құрып жүрмін, бәрі де домбыраға бала жастан құмар бол­ға­нын, оған жақындарының өнері әсер ет­кенін айтады. Сізде де солай ма? – Әрине, өнерге келетін адам оған бала жас­тан ынтық болуы заңды ғой.  Мен Екінші дүниежүзілік соғыстан сәл бұ­рын туғанмын. Соғыс болып жатқанда есім­ді біліп қалған баламын, отбасымызда атам, әкем, үлкен ағам бар еді. Үшеуі де со­ғыс­қа кетіп қалды. Үйде солар тартып жүр­ген домбыра болатын, 5-6 жастан бастап со­ған қызықтым. Үйдегілерге ілулі тұрған дом­быраны алып беріңдер деп қоймай жү­ріп, соны қолыма алып, өз бетімше шертіп үй­­­рене бастадым. Ол кезде ауылда күй тар­татын ағалар, үлкен шалдар болды, соларды тың­дай жүріп, күй бірте-бірте құлағыма кіріп, миыма сіңе бастады.  Соғысқа кеткен ағам – әкемнің інісі ке­зін­де аты елімізге белгілі Алым Жаңбыршин де­ген өте күшті домбырашы еді. Сол кісі ме­нің негізгі ұстазым болды. Оның тегінің Жаң­быршин болуының себебі – атам Шә­кіраттың інісі Жаңбыршы деген кісінің ба­ла­сы болмай, соған Алымды бала ғып  бер­ген. Сөйтіп, Алымға асырап алған әкесінің те­гі берілген. Алым – Шамғұл күйшінің шә­­кірті болған. Атам Шәкірат өнерге керемет құштар адам еді, сол кісі мені жасымнан өнерге бау­ли бастады. Түрлі-түрлі домбырашыларға апа­рып, шалдардың алдында күй тарт­қы­затын. Мектепте жүргенде менің домбыра­шы­лығым белгілі бола бастады. 11-12 жасымда Тау­шықта домбырашылар сайысы өтіп, со­ған мені де шақыртты. Аудандық білім бөлі­мінің басшысы өнерді қадірлейтін керемет жігіт еді, сол кісі «ана Ысқақтың бір домбы­ра­­­­­­шы баласы бар еді ғой, соны да қатыс­ты­рың­дар» депті. Қатыстым. Қалай тартқаным есім­де жоқ, өзім білетін бірнеше тәуір күйді тар­тып, бірінші орын алдым. Менімен сайыс­қа түскен ересек балалардан ұялып, жүл­де­гер­лерді ортаға шақырғанда сахнаға шық­пай, қашып кеттім. Көшеде ойынның қыз­ы­ғы­на түсіп, шаң-шаң болып жүрген баланы ел­дің алдына шығарып күй тартқызып, оны­мен тұрмай өнер сайысында бірінші орын беріп жатса, ұялмағанда қайтсін. Оныншы класты 1956 жылы, сол кездегі Маң­ғыстау ауданының (қазіргі Маңғыстау об­лысы ол кезде бүгінгі Атырау облысының бір ауданы еді) орталығы – Таушықта бітір­дім. Сол жылы КазГУ-дің Журналистика фа­­­культетіне түстім. – Домбыраны шебер меңгеріп, күй­ші­ліктің қыр-сырына қаныға түскенде не­ге журналист болуға қызықтыңыз? – Мектеп бітіргенде музыканың оқуын оқы­сам ба деген ой болғаны рас, бірақ әкем «ба­лам, домбыраны былай да жақсы игердің ғой, күйді тәуір тартасың. Енді сен басқа ма­мандық алғаның дұрыс шығар» деген соң ол кісінің тілін алып, жазу өнерінің оқуын оқу­ға бел байладым.  Ол кезде оқуға түсудің жай-жапсарын бі­ле бермейміз ғой, мамандық таңдаудан да ха­барымыз шамалы. Журналистикаға тү­се­тіндер аз болатын шығар деп, соған құжат тап­сырдым. Журналистер конкурсына талас көп екен. Оған мектепті алтын, күміс ме-   да­ль­мен бітіргендер, әскерге барып келгендер алдымен өтеді екен де, ал біз сияқты мектеп бітіре салып келгендер жинаған балына қа­рай қабылданатын көрінеді. Яғни, қалған 15-тей орынға 150 бала таласады.  Қасымда ме­­­німен бірге құжат тапсырған Серікбай Жаң­быршин деген бала бар, екеуміз жағ­дай­ды білген соң, мұншама баланың арасынан бізге орын тие ме деп қорқа бастадық. Сосын екеуміз ойласып, «Қой, мынадай конкурстан өте алмаспыз, оқудан құлап қалды деген сөзге қалғанша құжаттарымызды алып, тым-тырыс елге қайтайық» деген шешімге келдік. Сөйтіп жүргенде КазГУ-де жоғары курста оқып жүрген Жұмабек деген маңғыстаулық жігіт кездесіп қалып, оған жағдайымызды айт­тық. Ол бізге «Бұларың не? Келген соң оқу­ға түсеміз деп талаптанбайсыңдар ма?» деп ұрысып, университеттің ректорына кіріп, қабылдау комиссиясына апарып жү­ріп, біздің қайтарып алған құжаттарымызды қайта тапсыртты. Сөйтіп, не де болса тәуекел деп, емтихан тапсыра бастадық. Төрт емти­хан­ның екеуінен «5» бағасын алдық. Сөйтіп, мектепті енді бітіріп келгендердің арасында ең жоғарғы балды Серікбай екеуміз алып, оқуға түсіп кеттік. Оқуды жақсы бітіріп шықтым. Ұстаз­да­рым­ның ықыласына бөленгенім сондай, ма­ған аспирантураға жолдама бергізді. Бірақ ас­пирантура оқып ғылым жолына түсуге жағдай көтермей, ауылға қайтуға мәжбүр бол­дым. Үйде бірталай жан бар, бала-шаға, екі шал, екі кемпір отыр жолыма қарап. Со­ларға қарасу керек болды. Елге келген соң Маңғыстау аудандық «Жа­ңа өмір» газетінде төрт жыл жұмыс істе­дім. Сосын денсаулықта кінәрат болып, Ал­матыға барып емделіп келдім. Сол кезде ау­дан орталығы Шетпеден Таушыққа көшіп жа­тыр екен, мен денсаулығыма орай ол жер­де тұра алмайтын болған соң Ақтау қа­ла­сына көшіп келдік. Мұнда «Маңғыстау­мұнай­­газ» мекемесіне жұмысқа тұрып, 1965-2003 жылдарда әлеуметтік, шаруа­шы­лық жөніндегі бөлімде қызмет атқардым. Мамандығың журналист болған соң жаз­бай тұра алмайсың ғой, 2001 жылы «Күте тұрыңыз», 2007 жылы «Маңғыстау күлкісі», 2011 жылы «Маңғыстау күлкісі-2» атты әзіл-сықақ кітаптарым жарық көрді. «Езуде күлкі ойнасын» атты жинағым Маңғыстау ақын-жазу­шылары сериясымен шыққан 50 том­дық­қа енді. Қазір өнер жайында мақалалар жазып тұрамын. – Сіздің өнерге келуіңізге байланыс­ты әңгімеден сәл озып кеттік-ау деймін, со­ған қайта оралайықшы. Күйге қашан шындап бет бұрдыңыз? – Алматыда әр кезде болып тұратын өнер­паздар сайысында Маңғыстаудың аты­нан қатысып тұрдым. Соның себебінен Ал­ма­­тыдағы аты белгілі күйшілермен, консер­ва­­ториядағы мамандармен таныстым. Олар­­­­ға менің домбыра тартуым ұнап, сый­лас болып кеттік. Концерттерге қатысып, ра­диодан менің орындауымдағы күйлер беріліп жатты. Мен, әрине, музыкалық оқу орнында бі­лім алғаным жоқ, нота білмеймін. Бұрынғы дом­бырашылар секілді күйді құлақпен «ал­ған» адаммын. Сондықтан бір кезде нота үй­ренгім келіп, ойымды консерватория ма­мандарына айтқанымда, олар «нотаға жо­ламаңыз, өз жолыңызбен жүре беріңіз. Сіз­дікі халықтық сипаты бар күйшілік, нота үй­­­­ренсеңіз өз мәнеріңізді бұзып алуыңыз мүм­кін» деп, оқығанымды құптамады. Сол кезде олардың айтқанына құлақ қойғаным­мен «оқымағаным бекер болды-ау, баяғы шал­дардың тартысын білетін едім, нота үй­ренгенімде солардың орындау машығын, ерек­шеліктерін кітапқа түсіріп, шығар­ма­шылықпен айналысар ма едім» деп өкінемін. Ол енді арман болып қалды. – Ел ішінде ғана өнер көрсетіп, үл­кен сахнаға шықпаған талай өнерпаз та­сада қалып кетіп жатады. Өнер жа­нашырлары дер кезінде қол ұшын бер­мегендіктен, көп таланттың бағы жан­бай қалғанын естиміз. Ал сіздің жо­лыңыз бөлек. Өнер сахнасында та­нылуыңыз­ға белгілі күйші-домбырашы Қар­шыға Ахмедияров ағамыздың әсері болды дегенді естіп едім. – Иә, ол рас. Қаршекең көңілі кең, алды­на барған адамға қол ұшын беріп, көмек­те­суге дайын тұратын жақсы азамат еді ғой! Бірде Алматыға келгенімде, радиоға ма, күй­табаққа ма, әйтеуір күй жаздыру керек бол­ды. Ауылда ұстап жүрген домбырам қара­ғайдан жасалған, нашарлау еді. Сосын қа­сыма еріп жүрген кісілер «Жүр, Қаршекеңе ба­райық» деді. Ол кезде әлі Қаршығамен та­­ныстығым жоқ. Сөйтіп, Қаршыға Ахмедия­ров­­тың үйіне бардық.  Шай ішіп, ет жеп бол­ған соң келген шаруамды айттым, «Маң­ғыс­таудан келген домбырашы едім, күй жаз­дыруға тәуір домбыра қажет еді» деп. Қар­шекеңнің үш домбырасы бар екен, соны көр­сетіп «біреуін алып тартып көр» деді. Бір­неше күй тартып көрсетіп едім, «мына үш дом­быраның ішінде өзіңе ұнаған біреуін ал да, күйіңді жаздыра бер» деді. Содан кейін екеу­міз керемет дос болып кеттік. Ол менен Маңғыстау күйлерін тыңдап, кей күйлерді үйреніп, репертуарына қосты. Кей күйлердің тарту әдістерін алды.  Қаршыға Ахмедияров ізденімпаз, жан-жақ­ты күйші ғой, ондай домбырашы өте си­рек. Ол қазақтағы барлық күйшілік мек­теп­ті игерген адам еді. Шертпе күй ме, төк­пе күй ме, батыстың күйі дейсің бе, шы­ғыс­тың күйі дейсің бе – бәрін білетін, бар­лық стильдегі күйлерді еркін тарта беретін.  – Күй тартып жүргенде кездескен қан­дай қызықты жағдай есіңізде бар? – Көп қой енді. Біреуін айтып берейін. Қайбір жылы, консерваторияда бір мере­ке­­лік датаға орай (Халық музыкасы факуль­те­тінің ашылғанының бірдеңе жылдығы ма, ұмыттым) республика бойынша белгілі дом­бырашылар жиналып, концерт бердік. Сон­да мен Маңғыстаудың бірнеше күйін тарт­тым. Залда отырғандардың ішінде атақ­ты Нұрғиса Тілендиев ағамыз да бар еді, күй­лерді орындап болып, тұрайын деп жат­қанымда Нұрекең «Сержан, «Абылды» тарт­шы» деді дауыстап (Абылдың күйі «Абыл» ғой кәдімгі). «Абыл» күйін бұл жаққа әкелген Құбыш Мұхитов па, әйтеуір белгілі бір дом­бырашы болатын. Олардың тартысында жо­ғары-төмен қағып тартады. Сол мәнерде ор­кестрге де түскен. Жақсы күй. Ал бізде «Абыл­ды» өзгешелеу, түрлі-түрлі қағыспен тартады.  Мен «Нұреке, ол күй бізде сәл бас­қа­ша тартылады ғой» деп едім, «Тарта бер, се­нің орындауыңда да тыңдасын жұрт» деді аға­мыз. Үлкен кісі сұраған соң «Абылды» тар­тып жатыр едім, бір кезде Нұрекең кеуде­сін ұстап залдан шығып кетті. Қасына Қар­шыға ілесті. Шошып кеттім, бірдеңе ұнамай қал­ды ма екен деп. Ертесіне домбырашыларға жайған дастарқан басында кездескенде Нұрғиса аға «Ой, Сержан, кеше сенен күй сұ­ра­­­рымды сұрап алып, ауырып қалдым ғой» деді. Сөйтсем, ағамыздың жүрегі ауыратыны бар екен. Ал мен домбыра тартысым көңілі­нен шықпай, Нұрғисаны ренжітіп алдым ба деп қуыстанып едім. – YouTube желісінен «Абыл» күйін сіздің тартқаныңызды тыңдап көрдім, ра­сында да,  біз тыңдап жүргеннен біраз өз­гешелігі бар екен. Қазір сол күйді сіз­дің мәнеріңізбен тартатындар бар ма? – Өткен жылы қараша айының соңына та­ман менің 85 жылдық мерейтойыма орай Ақ­тауда екі кезеңнен тұратын респуб­ли­ка­лық домбырашылар байқауы өткен болатын. Оған Кәрима Сахарбаева, Айгүл Үлкенбаева, Әбділхамит Райымбергенов, Жанғали Жүз­бай қатысып, өнерпаздардың шеберлігіне баға берді. Сонда «Абылды» менің мәнерімде тартқан домбырашы балалар болды. Жалпы, «Абыл» күйін орындаушылардың бәрі күй мелодиясын бірдей етіп тартады, тек менің тартуым мен басқалардың тар­туын­­­­­дағы қағыстарда өзгешелік бар. Мен «Абыл­ды» ағам Алым Жаңбыршиннен үй­рен­­гем. – Сіздің репертуарыңыз негізінен Есір, Құлшар, Абыл, Есбай секілді күй­шілердің күйлерінен тұрады. Маңғыстау күйлерін игеруде кімдерден тәлім алып, үйрендіңіз? – О баста домбыра тарта бастағанымда Алым Жаңбыршин ағамның әсер еткенін ай­тып өттім ғой, сол сияқты күйлерді Мұрат Өс­кінбаевтан, Шамғұл Ыбырайымұлынан ал­дым. Ауылда Атанқұл Сүйесінұлы, Сақтап Қазтуғанов дейтін керемет домбырашы шалдар болды. Соларды тыңдап, құлаққа құйып алдым. Әрине, құлақпен «алған» күй­лерде тыңдағанның бәрі тура сол күйінде миыңа 100 пайыз өзгеріссіз жазылып қала беруі қиын, бірақ негізгі әуендік құрылымы, ерек­шелігі қалады. Сондықтан барлық күй­дің әу бастағы нұсқасы  бұл заманға таза қал­­­­пында жеткен дей алмаймыз. Десек те, не­гізгі әуен-сазы, қағыстары өзгермей жет­кен дер едім. Мен де шалдардан алған күй­лері­ме өзімше әр беріп тартамын. Нотаға байланбаған халық­тық домбыра тарту үлгісінің өзі сондай ғой. Менің Абылай Тілепбергенов деген шә­кір­тім бар, осында – Маңғыстау өнер кол­лед­жінде менен сабақ алды. Сол менің күй тартқанымды тыңдап, алдыңғы естіге­німен салыстырып отырып, «кеше мұндай емес еді, бүгін басқаша тартып отырсыз ғой» дейтін. Мен оған күйді әртүрлі көңіл күйде тарт­қан­да өзгеріс болаты­нын айтатын едім. Қазіргілердің бәрі күйді нота ар­қылы тар­татын болғандықтан одан қылдай ауыт­қы­майды ғой, бұрынғы домбырашылар ер­кін тартатын, кейбірі тіпті өз өрнегін қосып, құл­пыртып жіберетін. Бүгінде ондай­лар не­кен-саяқ қой. Әрине, күйді түп­нұс­қасынан ай­нытпай тартқан да дұрыс, бірақ нотаның да белгілі бір шектеулері бар. Ал еркіндік бол­­­­маған жерде шығармашылық дамымай қа­лады.  – Өнертанушылардың айтуынша, «Бө­гелек» секілді біраз күйлердің таны­мал болуына сіздің әсеріңіз болған кө­рі­неді. Сол сияқты Маңғыстаудың ай­тыс күйлерін де тартады екенсіз. – Бұл сөзіңнің жаны бар. Біраз күйлердің ме­нің тартуым арқылы танылғаны рас. Маң­ғыстауда «айтыс күйлері» деген күй шоғыры бар. Мәселен, Құлшардың қызбен күй тар­ты­сы деген бар, онда күйді Құлшар, кемпір, со­сын қыз тартқан. Оның бәрін әңгімесін ай­тып отырып тарту керек. Ондай топтама күй­лер көп. Соның бірі – Алшынның Әлім­ұлы, Байұлы, Жетіру секілді үш тармағынан шыққан күйшілердің айтыс күйлері. Онда Байұлынан Есбай, Әлімнен Тоғызбай және Жетірудың Науша деген бір күйші қызы өнер жарыстырған. Үшеуі бір-бір күйден тартып, олар­дың өнерін бағалаушылары бәйгіні Ес­байға береді. Сонда Науша «Ағалар, мен бәй­геге таласқалы емес, өнерімді көрсеткелі ке­ліп едім, маған тағы бір күй тартуға рұқсат бе­ріңдер» деп, сол жерде «Бұлбұл» деген күйін шығарып тартады. Оған риза болған ха­лық сый-сияпатын береді. Мұны көріп Ес­бай «Өттің дүние» деген күй шығарып тарт­са, одан соң Тоғызбай «Әләйім жалған» деген күйін күмбірлетеді.  «Ақсақ құлан – Жошы хан» аңызында Шыңғыс ханның алдында ұлының аң аулап жүріп қайтыс болғанын естіртуге ешкімнің дәті бармай, оған Кербұға деген күйші күй­мен естіртіп, «Ақсақ құлан» деген күй тар­та­ды. Міне, осы «Ақсақ құлан» күйін тартқан Шың­ғыс хан қолбасшыларының бірі Кет­бұға деп жа­зып жүр. Ал «Ақсақ құлан – Жошы хан» аңы­­­зын қазақ арасынан жазып алған А.Мел­ков 1922 жылы Орынбордан шыққан кіта­бында күй авторы Кербұға деп берген. Біздің Маңғыстауда «Ақсақ құлан –Жошы хан» аңызына байланысты бір  емес, желілес үш күй бар. Оны Мұрат Өскінбаев «Құлан са­рыны», «Ақсақ құлан», «Айдаһармен ар­басу» деп тартқан. Мұны аңызда былай түсін­діреді: күйші  Шыңғыс ханның алдына бар­ғанда әуелі «Құлан сарынын» тартады. Хан бойын жинап, «Апыр-ай, балам аман бол­са болар еді» деп ішінен секем алып отыра­ды. Сосын «Балам тірі ме?» дейді. Күй­ші, әрине, оны сөзбен жеткізе алмайды, сөй­леп қойса көмейіне қорғасын құйылғалы тұр. Сосын ол «Ақсақ құлан» (немесе «Естір­ту») күйін тартады. Домбыра күймен сөйлеп, Жошының ажалы құландардан келгенін жет­кізеді. Сол кезде хан баласының ажалы жет­кенін біліп, «Мына күйшінің көмейіне қор­ғасын» құйыңдар» дегенде күйші «Қаралы хабарды жеткізген мен емес, мына домбыра» дегенде қорғасынды домбыраның шанағына құйғанымен ашуы басылмай, «Мына күйшіні де айдаһардың апанына апарып тастаңдар. Бұл болмаса домбыра өздігінен қаралы ха­бар­ды жеткізе алар ма еді» деп хан күйшіге де жаза кеседі. Бірақ айдаһардың апанына тас­талған күйші күй тартып айдаһардың бе­тін қайтарып, ажалдан аман қалады. Ол күй «Айдаһармен арбасу» деп аталады. Мен осы­ның бәрін тартамын. – Кейінгі кезде жастар арасында да күй шығарушылар бар. Олардың туын­дыларын тыңдап көрдіңіз бе? – Әрине, күй шығару оңай емес, оны бұл өнер­дің қыр-сырына әбден қанық күйшілер шы­ғармаса, кез келгеннің қолынан келе бере­тін шаруа емес. Жақсы күйлер болса елге кең тарап, құлаққа жетеді ғой. Менің білетінім, кейінгі дәуірде шыққан Қар­шыға Ахмедияровтың күйлері. Көне әуен­дерден тамыр тартқан, баяғы дәулескер күй­шілердің шығармаларын еске салатын та­маша туындылары бар. – «Ақжелең» атауымен тартылатын күй­лер желісі бар екен. Ол туралы не ай­та­сыз? – Иә, «Ақжелең» аталған күйлер көп. Құр­манғазыда «Ұзақ ақжелең», Дәулеткерейде «Қыз ақжелең», сол сияқты Қазанғапта да «Ақ­желең», «Домалатпай ақжелең» деген күй­лер бар. Жалпы, қазақта «Алпыс екі ақже­лең» деген күйлер шоғыры болған. Кезінде мық­ты домбырашы деп мойындалу үшін со­ның бәрін игеру қажет екен.  Негізінен, «Ақжелең» аталатын күйлер әуен-сазының ұқсастығымен топтаспайды, тек күйшінің көңіл күйін беруі жағынан ортақтығы болады. – Өнерде табысқа жету үшін басқа нәр­сеге алаңдамай, онымен беріле ай­налысу керек деп жатады. Сізге қарасам, бес жылдай газетте, соңынан зейнетке шық­қанша мұнай саласында жұмыс іс­теп­сіз. Сонда күйшілікпен қалай айна­лысып, насихаттадыңыз? – Ара-тұра концерттерге барып тұр­ға­ным­ды, радиоға, күйтабаққа күйлер жаз­ды­рып тұрғанымды жоғарыда айтып өттім ғой. Сонымен бірге ұзақ жыл «Маңғыс­тау­мұнай­газ» мекемесінде жұмыс істеп жүрген кезімде де өнермен айналысуға мүмкіндік болды.  1993 жылы Маңғыстау өнер колледжі ашыл­ғанда, осы оқу орнының директоры Аман­бек Сүндетов мені колледжде сабақ беру­ге шақырды. Колледж бағдарламасында ха­лық музыкасына арналған сабақ жоқ бол­са да, Аманбек Махуұлы бағдарламадан тыс «Маңғыстау саздары» деген класс ашып, 1994 жыл­дан бастап сонда домбырашыларға са­бақ бере бастадым. Менің, әрине, педа­го­ги­ка­лық білімім жоқ, оның үстіне нота біл­мей­мін. Домбыра тартып, перне басу мен қа­ғыс­тарды көрсетіп отырып үйреттім. Осында Айт­берген Жаңбыршин деген оқытушы болды. Оқу орнының директоры соған тап­сырма беріп, ол менің репертуарымдағы күй­лерді нотаға түсіріп, олар «Нарату» дей­тін кітапқа енді. Соның арқасында менің орын­дайтын күйлерімді жастар игеріп, тара­ла бастады.  Менен күй үйренген Тұрар Әліпбаев, Абы­лай Тілепбергенов (қазір Құрманғазы атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық ха­лық аспаптар оркестрінің дирижері) се­кіл­ді шәкірттерімнің есімі қазір елге белгілі. 1985 жылы менің орындауымда «Маң­ғыс­тау күйлері» атты үлкен күйтабақ, 2001 жы­лы осы аттас аудиокассета, ал 2002 жы­лы «Ақ­жарма», 2007 жылы «Мұра – Дом­быра» жә­не 2009 жылы «Дәулескерлік дәс­түр» атты дис­кілері (CD, DVD)  шықты. Түр­кия, Фран­ция, Италия, Швейцария,  Бе­льгия, Испания, АҚШ елдерінің сах-насында күй тарттым. – Қазір күйшілер бірнеше домбыра ұс­тайды ғой, сізде неше домбыра бар? – Бір домбыраны «бізде аты белгілі күй­ші­лердің домбырасы тұруы керек» деп сұрат­қан соң музейге тапсырдым. Әрине, ол кейін­­­­гі дәуірде жасалған домбыра болатын. Одан соң өзім тартып жүрген ағам Алым Жаң­быршиннің домбырасы бар еді, оны ұрпағына қайтарып бердім. Қазір екі дом­бырам бар. Домбыраның құлағын бостау қы­лып тартамын. Шыңғыртып бұраған ұна­майды. Негізінен, тартатыным – төкпе күй­лер. Баяғыда күйші Төлеген Момбековпен та­нысып, «Салтанат» деген күйін үйреніп ал­ғам. Төкпе күйлерден басқа соны да тар­та­мын. Жалпы, репертуарымда жүзден аса күй бар. – Бүгінде күйдің, домбырашылық өнер­дің насихатталуы қалай, көңіліңіз тола ма? – Домбыраны көп мақтайды, «қазақтың жа­ны», «қазақтың сәні», «қазақтың қасиеті» деп. Бірақ ар жағында түк жоқ.  Баяғыда бір кедейдің кішкентай баласы қар­ны аш болған соң байдың үйінің боса­ға­сынан сығаласа, әлгі бай балаға дым та­тыр­май, баланың бет-аузына тамақты жағып-жа­ғып қоя береді екен, тойдырып жіберген екен деп айтсын деп. Біздің домбыраға деген жа­­нашырлығымыз да сол сияқты. Дом­быра­ны мақтайтындар соның елдің игілігіне ай­на­луына түк істемей, құр мақтайды. Әйт­пе­се, теледидардан неге насихатталмайды? Оның орнына күні-түні эстрада әншілерін сайратып қояды. Ел тойлардың өзінде жыр-терме, күй тыңдай бермейді. Есесіне, асаба­лар­дың ерсі сөздеріне күліп, жеңіл әуенге сел­кілдеп билеуден қолы босамайды. Тіпті, кей жерлерде беташардың өзін домбырамен ашу қалып барады. Ара-тұра өтетін ақындар айтысында ғана қолына домбыра ұстап отырған айтыскерлер болмаса домбыраны басқа жерде көрмейсің. Домбыра күні деген бар, ол да әрі кетсе бір-екі күндік шара. Күйшілер одағы болса Астана не Алма­ты­да емес, Оралда. Ол одақ қиыр шетте тұ­рып не бітіреді? Домбыраны насихаттайтын болса ел жиналған орталықта тұру керек емес пе ондай ұйым? Үш-төрт күйшінің ба­сын қосып ара-тұра бірдеңе өткізген болады, одан не шығады?  Жастар арасында домбырашы болуға қы­зығып, соның оқуын оқығандар бар­шы­лық,  бір­ақ солардың өз өнерін насихаттауға мүм­кін­дігі аз. Домбырашы-әнші мамандығын ал­ған­дардың өзі эстрадаға кетіп жатыр. Бұл – жақ­сы емес. Домбыра расымен қазақтың бол­мысын танытатын ұлттық аспап деп мойындайтын болсақ, оның насихаты жан-жақты жүргізілуі қажет. Әр халықтың өзінің кие тұтатын дүниесі болады, біз үшін дом­быра, күй өнері де сондай нәрсе. Қазақтың жазуы жоқ, кітабы жоқ кезде музыкасы мен әдебиетін ғасырлар қойнауында ұмыт қалдырмай, осы күнге аман-есен жеткізген домбыра емес пе?!. – Мәнді, мағыналы әңгімеңізге рахмет! Домбыраны насихаттаудағы еңбегіңіз елене берсін.

Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ