T-Newspaper

Оңайгүлдің он қыры

Осыдан жиырма алты жыл бұрын мамыр айының мамыражай бір күні Алматы қаласындағы Ғылым академиясының залында Оңайгүл Тұржанның жыр кеші өтетін болып, қолымызға шоқ гүлдерімізді алып бір топ аспирант ҚазҰУ қалашығынан Шевченко көшесіне қарай бет алғанымыз есімде. Ол кезде Оңайгүл апайды мерзімді баспасөз беттерінде жиі жарияланып жатқан жырлары арқылы ақын ретінде танитынбыз. Сол шығармашылық кеші өткен күні жылы жүзді, аққұба өңді, сұлу апаймен жүзбе-жүз танысып, кәусар жырларымен сусындаған едік. 

Иә, Оңайгүл Тұржан – ең алдымен ақын. Жай ақын емес, ешкімге ұқса­май­тын, талғам­паз ақын. Тілі шұрайлы, ойы құнарлы, сезімі сер­гек Оңайгүлдің басқаға ұқсамайтын өзін­дік көркем әлемі бар. Мерзімді басылым бет­те­­­рінде оқырмандарын көркем бейнелі, сер­пінді, еркін тынысты өлеңдерімен елең ет­кіз­ген оның «Самал» (1986), «Шерқала» (1998), «Жыр-дала» (2001), «Теңіздер де шөлдейді» (2003), «Өлеңдер жинағы» (2007), «Ағаштар үн­сіз өседі» (2023) сияқты бірнеше жыр жи­нақ­тары да жарық көрді. О.Тұржанның өлең­дері негізінен философиялық ойға, сим­вол­дық астарлауға, ұлт мәселесін өткір көтеруге, мағыналы құбылыстарды бейнелеуге арналған. Бұл бағытта ол өзіндік қолтаңбасын танытты. Ас үйде қазан-ошақпен бірге қайнап жүр­се де, ақынның қиялында бейнелі ойлар жү­ре­ді. «Әйел үшін ақын болу – бақ па, сор ма? Өлең сізге қандай уақыттарда келеді?» деген сұраққа Оңайгүл Тұржан бір сұхбатында бы­лай деп жауап берді: «Бақ деп айта алмаймын, сор деуге аузым бармайды. Сор дей алмай­ты­ным, өлең жазып отырған кезде сенен ба­қыт­ты адам болмайды, бірақ сондай бақытты ми­­­­нуттарыңды өз қолыңмен тұншықтырып тас­тап, тамақ істеуге немесе ыдыс жууға не­ме­се қазан-ошақтың сені күтіп тұрған ешқа­шан бітіп болмайтын шаруасына кетуіңе мәж­бүр болатының жаман. Үстелдің бір ше­тіне ыдыс жуып, бір шетіне дәптеріңді қойып қоясың, өйткені өлең де тура осындай «қы­сыл­таяң» шақты аңдып жүретін сияқты. Май жұқ­қан өлең дәптерің бір жағыңда сенің та­мақ әкелуіңді күтіп бала-шағаң отырады... Пеш­тің үстінде бірдеме тасып-төгілуге шақ қал­ғанда, қақпағын алып үлгіресің... Осы кө­рі­ністің ортасындағы өзіңе сырттай қарайсың да, өзіңе өзіңнің күлкің келеді, жылағың келетін кездер де болады». Туған жер имиджін қалыптастыруда Оңайгүл өлеңдері ерекше рөл атқарады. Имид­желогия ғылымын терең зерттеп, ар­найы еңбек жазған ғалым Оңайгүл Тұржан: «Имидждің ғылыми тұрғыдан зерттелуінің басты себептерінің бірін имиджге қажет­ті­лік­тің уақыт өткен сайын артып келе жатқан­ды­ғымен түсіндіруге болады. Имиджге ғылы­ми тұрғыдан баға берілмеген кезеңдерде де оның ауызша немесе іс жүзіндегі іс-қимыл­дары болды. Оның ауқымды ғылыми зерттеу ны­санына айналғаны дәл бүгін сияқты бол­ға­нымен, оған қатысты ойлар бұрыннан да бар еді. Бірақ ол әр кезеңде қоғамның дамуы­ның әртүрлі заңдылықтары мен деңгейіне қарай өзгеріп отырды. Осындай өзгермелі­лік­тің өзі имидж туралы ғылымның бір жүйеге түсуіне кедергі келтірген де болуы мүмкін», – деп ой түйеді.  Кейде туған жердің ерекшелігі PR-тех­но­логия ретінде көрініс тауып, имидждік қыз­мет көрсететін тұстары жиі кездеседі. Оған Оңай­гүл Тұржан поэзиясынан мысалдар кел­тіруге болады. Ақын поэзиясын тұтастай алған­да табиғат пен туған жерге арналған деуге болады. Бірақ оның поэзиясының бір ерек­шелігі – ол табиғатты тек табиғат күйін­ше емес, оны адамдармен тілдесіп, солармен бір­ге тірлік кешіп жүрген замандасы, тағ­дыр­ласы ретінде суреттейді. Кішкене ғана дета­ль­дар арқылы үлкен мәселеге сілтеме жасай сөйлейтін ақын «Маңғыстауға шақыру» деген өлеңінде: Маңғыстауда маңып жүр кереметтер, Бір-бір мазар көтерген төбе-бөктер. Кемер құмның көзінде кеңеседі, Сары далаға үй тіккен ебелектер, – дей­ді. Осы бір шумақтан-ақ Маңғыстау дала­сы­ның мазарлы дала екенін, демек, тарихи ке­зең­дердің небір ауыртпалығын бастан ке­шір­ген сипатын көріп тұрмыз. Бұл шумақтың та­ғы бір айтып тұрғаны – осы далада небір тас қалаудың, мазар соғудың шеберлері өтке­ні­не сілтеме жасалған. Ал «кемер құм» осы да­ланың шөлді, жаңбыры сирек жауатын ай­мақ екенін танытып тұрса, «үй тіккен ебе­лек­тер» – бұл аймақтың қандай өсімдіктері бар екенінің хабаршысы.  Автор «Балбал тастар» деген өлеңінде оқыр­манды таспен тілдестіріп, оның адам­зат­тың бір бөлшегі, табиғаттың ортасында тір­шілік кешіп тұрған тұлға ретінде тани­ты­ны және солай көрсететіні де өзіндік ерек­ше­лік.  Балбал тастар, кәрісің бе, жассың ба? Жаңалыққа доссың ба, әлде, қассың ба? Тасқа айналған адамсың ба сен, әлде, Адам болып келе жатқан тассың ба?  Балбал тастардың көне дәуір ескерт­кіш­тері екені түсінікті. Міне, осындай ескерт­кіш­тер де – туған жердің имиджіне өзіндік сән жә­не мән беріп тұрған факторлар. Ал ақын­ның сол тастармен адаммен сөйлескендей сөйлесуі – табиғаттың да өзіндік тілі мен жан-дүниесінің адамның болмысымен аста­сып жатқанын дәлелдеудегі ұмтылысы.  Әри­не, ақын дәл осы сұрағына дәл осы тастан нақ­ты жауап ала алмаған болар. Бірақ ақын одан жауап күтіп те тұрған жоқ. Ақын туған жер­ді өзімен тілдесе алатын болмысы биік құ­былыс ретінде бағалап тұр. Бұл – туған жер­дің асқақ имиджін, қасиетті имиджін поэ­зия арқылы көрсетудің тамаша бір дәлелі. Оңайгүл Тұржан – әдебиеттанушы ғалым. Қа­зақ әдебиетін зерттеген монографиялары мен ғылыми мақалалары – ғалымдар мен бі­лім алушылар іздеп жүріп оқитын сұра­ныс­қа ие еңбектер. Халықаралық, республикалық кон­ференцияларда өзінің салмақты ой­лары­мен, байыпты баяндамаларымен көрініп жүрген ғалымның іссапармен шетелдерге де шығып, ғылыми конференцияларда қазақ әде­биеті мен мәдениетіне, тарихына қатысты баян­дама оқыған кездері де ұмытылмас сәт­тер болып қалды. 2012 жылы Тегеран уни­вер­ситетінде, 2013 жылы Ұлыбританияның Борнмут университетінде, 2014 жылдың қараша айында Ұлыбританияның Кембридж уни­верситетінде өткен ғылыми кон­фе­рен­цияларға қатысып, мазмұнды баян­дамалар жа­сады.  Кембридж университе­тіндегі ғы­лыми конференцияда  О.Тұржан «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу» жыры туралы айта келіп, ол жыр­ды кезінде А.Пушкин ел іші­нен жазып ал­ғанын және ақынның сол қол­жазбасы әлі күн­ге сақталғанын, жырдың ауыз­ша сақталып келгенін айтқанда, кон­фе­рен­цияға қатысқан шетелдік ғалымдар таң­даныстарын жасыра ал­маған. Олардың қа­зақ туралы түсінігі Кеңес ке­зіндегі «қазақ­тың тарихы 1917 жылдан басталады» деген деңгейде, ал енді бірі «үдере кө­шіп жүрген бұратана халық» дегенмен шектеледі екен.   2005 жылы «Махамбет өлеңдерінің поэ­ти­касы» атты тақырыпта филология саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған Оңайгүлдің жанымен өр рухты ақын әрі батыр Махамбет поэзиясы үндес еді.  Махам­бет туралы зерттеу еңбегін жазып жүргенде кү­рес­кер ақын рухы жебеді ме, О.Тұржан дис­сертациялық еңбегін небары төрт ай ішін­де жазып шығады. Оңайгүлдің ғылыми же­тек­шісі болған белгілі ғалым, академик Рым­ғали Нұрғали бұл зерттеуге көңілі толып, шә­кіртіне зор сенім артқан еді. Шәкірті де се­нім үдесінен шығып, ғылымға адалдығын та­нытты. «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы» атты монографиясын әдебиетсүйер қауым іздеп жүріп оқиды. Оңайгүл Тұржан – талантты аудармашы. Түп­нұсқа мәтінмен алдын ала терең танысу, ой­лау, пайымдау, талдау, зерттеу, сөздіктерді, басқа да лингвистикалық  анықтамалықтарға иек арту сияқты сатылардан өту – айтуға оңай болғанмен, қиынның қиыны. Осындай қиындықтарға қарамастан Оңайгүл апай өзін аудармашылық қырымен де танытты. Әлем әдебиетінде ерекше орын алатын классик жазушылардың шығармаларын қазақша сөйлетті. Қазақ еліне өзге елдің классикалық туындыларын таныстырып, жақындастырып, ұлттық мәдениетімізді байытуға үлес қосты. Атап айтсам, австриялық жазушы, сыншы, дра­матург Стефан Цвейгтің  «Психологиялық порт­реттер» және психоталдау ілімінің негі­зін салған австриялық психолог Зигмунд Фрейд­тің «Құдайлар кешкілігі», нигериялық дра­матург, жазушы, ақын, Нобель сыйлы­ғы­ның лауреаты Акинванде Воле Бабатунде Шойинканың «Аке – балалық шақ», Ресей жазушысы Геннадий Васильевтің Құрманғазы Сағырбаевтың өмірі мен тағдырына арналған «Сарыарқа» шығармаларын терең түсініп аударған. Өзге тілдегі туындылардың образ­дық әлемін, автордың идеясын, позициясын және стилін нақты, дәл көрсете білген. Оңай­гүл аудармаларын оқи отырып, түпнұс­қа­ның өзі екен деп қаласыз. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының түлегі Оңайгүл апай еңбек жо­­лын сонау 1977 жылы Алматыдағы мем­ле­кет­тік телерадио комитетінде режиссердың асси­сенті қызметінен бастайды. Үш жылдан соң көрнекті тележурналист Сұлтан Ораза­линовтың жетекшілігімен бірнеше хабарларға режиссер, редактор әрі жүргізуші болады. Ол хабарлардың ішіндегі ерекше атап өтуге бо­латындары – қазіргі Qazaqstan телеар­на­сы­ның алтын қорында сақталған Мариям Ха­кімжанова, Сара Есовалар туралы түсірілген ха­барлар. Кейін Қарағанды облыстық «Ор­та­лық Қазақстан» газетінде тілші, бөлім мең­геру­шісі, республикалық «Жалын» журна­лын­да поэзия бөлімінің жетекшісі, Алматыдағы «Қа­зақстан» баспасында редактор қыз­мет­терін абыроймен атқарады. Журналистика са­ласындағы жиырма жыл тәжірибесімен ке­ліп, 2000 жылдан бастап Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетіне болашақ журналистер даярлау ісіне ден қояды.  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­теті телерадиожурналистика және қоғаммен бай­ланыс кафедрасының ғалым-ұстазы бола жүріп, журналистика бойынша тәжірибемен ұштасқан қызықты дәрістер оқып келеді. Атал­ған кафедраны абыроймен басқарған кез­дері де болды. Болашақ журналистер даяр­лаудағы еңбегі ерекше. Ширек ғасыр жас­тар­дың ортасында жүріп, олардың үміті мен сеніміне лайық болу үшін жұмыс істеді. Жастардың талғамы мен талабы жыл сайын өсіп келеді. Білім алушыларына қарап, өзіне қа­тал талап қойған Оңайгүл ұстаз оларды үй­­­рете жүріп, өзі де ылғи ізденіс үстінде бол­ды.  Өткен жылы Түркістан музыкалық драма театрында драматург Оңайгүл Тұржанның «Қаламқас» пьесасы сахналанды. Сәтті шық­қан туынды көрермен көзайымына айналды. Қа­ламқас Еселбайқызы – ХVІІІ ғасырда өмір сүр­ген, талай рет жауға да қарсы күрескен, мер­гендігімен көзге түскен қыз. Ер-азаматтар жау­ға кеткенде, ауыл-аймақтың бар малын қа­рақшылар айдап кетіп, арада 2-3 ай уақыт өт­се де, ер-азаматтар келмей, ауыл-аймақ тү­гел аштыққа ұшырайды, қарттар өліп, ба­ла­лар да шетіней бастайды. Сол кезде күндіз-түні  киік аулап, сол өңірді аштықтан құтқар­ған қыз ел есінде қалады. Қазақтың жүрегіне жақын тұтып, кие санайтын жануардың бірі – киік. Сайын даланы еркін мекендеп, судың тұны­ғын ішіп, құнарлы шөптің тамырын теріп жеп, тобырымен көшіп-қонып жүретін киіктерге садақ кезену Қаламқасқа ауыр тиеді. Құралайды көзге атқан мерген қыз кезекті сапарында киікке мылтық кезенуге жүрегі дауаламай, киіктерді қуып, құздан құлатып аулаймын деп ойлайды. Ол айласы жүзеге аспай қыз абайсызда құздан ұшып мерт болады. Қаламқастың ерлік ісі әлі күнге дейін Маңғыстауда айтылады. Киелі мекендегі қазіргі «Қаламқас» атты мұнай-газ кен орны ер­жүрек қыздың есімімен аталады. 2009 жы­лы Қаламқас Еселбайқызының құрметіне үлкен кесене де орнатылды. О.Тұржанның «Қаламқас» спектаклі – батыр қызға арналған рухани ескерткіш. Оңайгүл апайдың тыңдарман ретінде Ди­маштың әншілігінен ерекше әсер алған­дық­тан, өнердің мәні мен сәнін таразылауды мақ­сат еткен  «Димаш» атты кітап жазуының өзі – бір бөлек әңгіме. Тіл, ұлт, ақындар айты­сы, Қазақстан болашағы, руханият, тұлғалар туралы жазған публицистикалық мақалалары арқылы талантты публицист екенін де та­ныт­ты. Ұлт ұстынына айналған тұлғалар Әбіш аға мен Фариза апаның қасында жүріп, сол кі­­­­сілердің тағылымын тыңдаған, клас­сик­тер­ден жоғары баға алған Оңайгүл апай – бақыт­ты адам. Фариза апаның қасында жүріп, «Тұ­мар» журналының бас редакторы болған кез­дері де – айтулы бір тарих. Бірде  Әбіш аға­ның туған күнінде дастарқан басында Оңай­гүл апайдың өлеңдері туралы әңгіме бо­лады. Сонда Әбіш ағамыз: «Әй, Оңайгүл қарын­дасым! Анау Гималай таулары бар ғой. Сол таулардың арғы жағында тағы да дәл сон­дай таулар бар. Бірақ анау Гималай өзінің зор атағымен, даңқымен сол тауларды көле­гей­леп көрсетпей тұрады. Сол Гималай құсап біз Фариза екеуміз сенің алдыңа көлденеңдеп тұ­рып алып, сені танытпай жүрміз. Өлеңдерің ға­жап қой!», –  дейді бір кезде. Ағасының сол сөзі ақын қызды бұрынғыдан да шабыт­тан­дыра түсті. «Әбіш ағаның сол күнгі дастар­қан­ның басында болған ақын қыз Елена Әбді­ха­лықова  да, қайраткер қыз Гүлнар Сейтмағам­бе­това да кейін ағамыздың маған берген ба­ға­сын еске салып тұрады. Қазір ойлап қара­сам, «Әбіш аға маған керемет баға берген екен-ау!», деп іштей мақтанамын. Ол сөзді ма­ған артылған жүк ретінде қабылдаймын. Оны ағамыз қалағандай деңгейде қанша­лық­ты алып жүре аламыз, оны уақыт көрсетер», – дейді кейіпкеріміз. Әбіш аға мен Фариза апай артқан сенім жүгін арқалаған жан жақты дарын иесі Оңайгүл Ізтұрғанқызының қыр­ларын айта берсем, бір мақаланың көлеміне сыймас еді. Біз мақала тақырыбын  «Оңайгүл­дің он қыры» дегенімізбен оның жеті-сегізіне тоқталдық. Ал тізбелей берсек, оннан да асып кетер еді. Кезінде намысты қолдан бермеу үшін ақындар айтысына да қатысуы, елдік мә­селелерді бұқаралық ақпарат құралдарында ба­тыл көтеруі, орыстанып кеткен жерге қа­зақтілді балабақша ашуға мұрындық болғаны, жас­тармен жүздесулері, тағылымды әңгі­мелері, руханият мәселелерін көтеруі – оның қанындағы тектіліктің белгісі. 

Нағбду ҚАМАРОВА, Yessenov University профессоры,   ҚР Журналистер одағының мүшесі, Ақтау қаласы